Қиын тұрмыс адамдарды теріс жолға түсуге мәжбүрлеуде
Қазіргі таңдағы елдегі жұмыссыздық, жетіспеушілік секілді сан түрлі келеңсіздіктер жастардың да санасына әсер етіп жатқан секілді. Олардың арасында да жоғары жалақы үшін бәріне баруға даяр жандар жоқ емес екен.
Бұлай деуімнің себебі бар. Таяуда Алматы қаласында студенттерге мынадай әлеуметтік эксперимент жасалған: Әңгімелесу барысында жас қыздарға беделді компанияның бастығына көмекші керектігін, ол үшін айына 300 мың теңге жалақы төленетін айтады. Бірақ көмекшінің міндетіне негізгі жұмыстардан бөлек, 58 жастағы бастығымен төсек қатынасына бару да кіретінін түсіндіреді. Қазақ қызымен арада орыс тілінде өрбіген диалогтың үзіндісі мынадай:
«... – Сізге бастығыңызбен жыныстық қатынасқа түсуге тура келеді...
– Ойбай... ол кісінің жасы нешеде?
– 58-де.
– Отбасы бар ма?
– Иә.
– Жарайды. Көрейік.
– Яғни оның әйелінің болуы сізге кедергі емес, жасына қарамастан онымен интимді қатынасқа түсуге дайынсыз ғой?
– Жоқ, бәрі дұрыс. Бастысы, жалақысы жоғары.
– Басқа айтарыңыз бар ма?
– Оның әйелі мен туралы ештеңе білмесін».
Бұдан кейінгі Мәдина есімді тағы бір жас келіншекті алдымен басшының сырт келбеті қызықтырды.
«... – Ол реңді ме?
– Иә. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанады. Велоспорт, альпинизммен айналысады.
– Онымен уақыт өткізген қызықты шығар...
– Иә, иә...
– Енді... Ойланып көруге болады. Ал компанияда бұл туралы ешкім біліп қоймай ма?
– Жоқ, тек сіз бен бастығыңыз. Болды.
– Мен туралы сыбыстар жүргенін, елдің сыртымнан өсек айтқанын қаламаймын.
– Жоқ, ешкім білмейтін болады. Менің сізге қарсы сұрағым бар. Сіз түйіндемеңізде «тұрмыстамын» деп көрсетіпсіз. Сіз күйеуіңізбен бірге тұрасыз. Ешқандай мәселе туындамай ма?
– Мен жолдасыма жұмыс туралы ештеңе айтпаймын. Ол менің жұмыстағы шаруам. Оған оны білудің не қажеті бар?
– Қысқасы, ешқандай мәселе болмайды ғой?
– Жоқ, болмайды. Мен бұл жұмысқа келісемін».
Келесі бір аруымыз да бұған қалыпты жағдай секілді қарап: «Мен енді ересек адаммын ғой. Карьера мен іссапарлар қатты қызықтырады. Келісуге дайынмын», – дейді.
Қысқасы не керек, «Бұрын мұндай нәрсе менің тәжірибемде болмаған», – деген қыз да, «Жігітім бар, ол мұны біліп қалса мен жарық дүниеде өмір сүрмеймін. ...Бұл міндетті ме?» – деп сұраған бойжеткен де ақыр соңында бұл ұсыныстан бас тартқан жоқ.
Бір қызығы, осы қыздардың арасында айтылған сомадан екі есе артық жалақы төленсе, бастығының бар айтқанын жасаудан қашпайтын жігіт те кездесті. «300 мың теңге мұндай жұмыс үшін аз ғой», – деген ол ақырында 600 мыңнан 500 мыңға түсіп, келісімге келді.
Бұл бейнежазба әлеуметтік желіге шықты. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамның бет-бейнесі осындай болып тұр. Күнкөріс қамын күйттеген кей жастар, тіпті тұрмыстағы келіншектерге дейін ар-намысты шетке ысырып қойып, жақсы жалақы үшін жайылып жастық, иіліп төсек болуды ар санамайтын секілді.
Көпке топырақ шашуға хақымыз жоқ, арасында бас тартқандар да болды. Бірақ оларға қарағанда оңай келісе кеткендер санының көптігі қынжылтады.
Бұл – елдегі тұрмыстық жағдайдың оңып тұрмағанының тағы бір белгісі. Балаға тәрбие беремін деп емес, ақша табамын деп күндіз-түні үй бетін көрмейтін ата-ана, қымбатшылық заманда қатарынан қалғысы келмейтін ұл мен қыз сөзімізге дәлел бола алады.
Біз осы қайда кетіп барамыз?
М. ШЫНҰЗАҚ.