Құмар ойынның құрбаны болғандар мыңдап саналады
«Елімізде құмар ойындардың құрсауына 350 мыңдай адам іліккен. Соңғы төрт жылда ұтылған ақшаларын қайтарғысы келгендердің арасында 200-ден астам қылмыс орын алған.
Бір ғана «Олимп» букмекерлік кеңсесінің бір жылдық ақша айналымы 200-250 миллиард теңгені құрайды. Қазақстанда ойын бизнесі саласындағы казинолар мен букмекерлік кеңселерге, ойын автоматтарына 85 лицензия беріліпті» деген цифрларды көріп, ойланып қалдым.
Демек, елімізде құмар ойынға құмарлар аз емес екен. 29 жастағы елордалық азамат та солардың қатарында болған. Ол бізге өзін Баур деп қана таныстырды. Компанияда менеджер болып жұмыс істейтін көрінеді. Оның ойынның құрбанына айналғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Баур «Олимп» букмекерлік кеңсесінің мобильді нұсқасына кіріп, смартфон арқылы онлайн ойнап жүрген. Кей күндері қомақты қаржыны қалтаға басса, кей кездері оңбай ұтылған. Баур өзінің ойынның шырмауына түскенін кейін түсіне бастаған.
– Ойынға деген құмарлығым 21 жасымда басталды. Ақша үнемі жетпейтін. Несиелер бар, оған қоса пәтер жалдап тұрдық. Жалақы мардымсыз болды. Кейіннен қазіргі тұрып жатқан үйімізді ипотекаға алдық. Сөйтіп жүріп «Олимптің» ойынына қалай кіріп кеткенімді байқамай қалдым. Алғашында 1000-2000 теңге қойып бастадым. Кейіннен ұтысқа 50 мың, 100 мың теңгеден тігетін болдым. Күнде ойнайтынмын. Үйде де, жұмыста да қолым қалт етсе болды, телефонға шұқшиямын. Күніне 7-10 сағат уақытымды жұмсадым десем де өтірік айтқаным емес. Қолымнан смартфоным түспейтін. Түні бойы көз ілмей ойнаған кездерім де жетерлік.
– Ол кезде отбасыңыз бар ма еді?
– Жоқ, бойдақ едім. Бірақ әйеліммен қыз-жігіт болып араласып жүрдік. Осыдан бір жыл бұрын үйленіп, ұлды болдық.
– Ойынға ақшаны қайдан таптыңыз?
– Жалақым бар, достарымнан, таныстарымнан қарыз сұрайтынмын. Одан қалса, «Каспий банктен» онлайн несие алатын едім. Өте тиімсіз нәрсе негізі. Мен қазір ойнамай жүрмін. Қарыздарымды да ақырындап беріп жатырмын. Бұл қиындықтан шығуым үшін әлі де көп нәрсе істеуім керек.
– Өзіңізді қалай тоқтаттыңыз?
– Үйдегілерге шынымды айттым. Кешеге дейін жасырып келген болатынмын. Сол кезде анам да, әйелім де ренжіді, жылады. Өкінішке орай, қазір жұбайым екеуміз бірге тұрып жатқан жоқпыз. Бәрін білгеннен кейін баланы алып үйден кетіп қалды. Осыдан бірнеше апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан 60 шақырым қашықтағы ауылда тұратын бір емшіге бардық. Одан шыққаннан кейін бойым жеңілдегендей күй кештім. Тіпті күн де бұрынғыдан жарық секілді көрінді.
– Осы күнге дейін ойынға қанша ақша жұмсадыңыз, білесіз бе?
– Оны білмеймін. Бірақ 4,5 миллион теңге қарызым бар.
– Бір жалақымен осыншама ақшаны қалай қайтарып жатырсыз? Әлде біреу көмектесе ме?
– Анам көмектеседі. Оған қоса ипотеканы толықтай жауып, содан соң үйімізді кепілге қоя отырып, басқа қарыздарымды төлейтін несие алсам деген жоспарым бар.
– Өкінесіз бе?
– Өте. Кейде өмір сүргім келмей кететін. Ұлым болмағанда не болатынын елестете де алмаймын. Қарыздарымды жауып болған соң әйелімді алып келемін. Ол мені кешіреді. Жақсы көреді. Мен жаман адам емеспін. Тек осындай ауруға, тәуелділікке ұшырадым.
– Мұның ауру екенін қай кезде түсіндіңіз?
– Ұтыла бастағанда. Көзді жұмып, кез келгеніне ақша тіге бересің. Тек ақша тігуді ғана ойладым.
– Бір күнде қанша ақшаға ұтылғаныңыз есіңізде ме?
– Таңертеңнен түске дейін 350 мың теңге ұтып алып, кешкісін барлық ақшаны ұттырып қоятын жағдайлар жиі болды.
– Қазір ойнағыңыз келмей ме?
– Мүлде «желание» жоқ. Тек қарыздарымды ойлап, уайымдап жүрмін. Негізі барлық букмекерлік кеңселерді жабу керек дер едім. Ешкімге бұлай өмір сүруге кеңес бермеймін. Уақытты кері жылжытып, бәрін басқаша жасағым келеді. Дегенмен әлі де кеш емес, қиындықпен күресетін боламын, бәріне қарсы тұрамын.
...Баурдың бар айтқаны осы болды. Оңай олжаға қызығамын деп опық жегеніне өкініп-ақ отыр. Елімізде ойынқұмарлар саны артып кетпей тұрғанда мұндай көлеңкелі істермен қазірден бастап күрескен жөн болар. Әйтпесе әлі қанша адамның соры қайнайтынын кім білсін?
М. ШУАҚ.