Қызғалдақ жұлсаңыз, қылмысты боласыз
Голландия гүл экспорты жөнінен әлемде жетекші орындардың бірінде. Қазақстаннан ұзатылып барған қызғалдақтың голландық түріне қызығушылардың көп екені рас. Қызғалдақтың отаны Қазақстан екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бүгінде еліміздің әр аймағында оның отыздан астам түрі кездеседі. Осы дала төсін жайнатып жіберетін қыр гүлі бертінде ғана, ХVІІ ғасырдың соңында зерттеле бастапты. Шетелдерге ең көп экспортталатын да осы қызғалдақ екен.
Әрі әсемдігімен, әрі табиғилығымен, әрі хош иісімен таңдандыратын гүлді шетелдік өсімдік мамандары әртүрлі түстерін шығармақ болып будандастырғанымен, еш нәтиже шығара алмапты. Түсі өзгешеленгенімен, хош иісін, әрі табиғилығын сақтап қалуға күштері жетпеген көрінеді. Ақыры табиғи түрін тек Қазақстаннан ғана табуға болады деген тоқтамға келсе керек. Шетелдіктерді таңдай қақтыра тамсандырған осы қыр қызғалдағының келешегі мамандар тарапынан алаңдаушылық туғызып отыр. 1981 жылы қызғалдақтың «Қызыл кітапқа» 13-тен астам түрі енгізілген. Бірегей кітапқа себепсізден себепсіз есепке алмасы белгілі. Қыр төскейін қызыл түске бояйтын осы әсем гүлдер жойылудың сәл-ақ алдында тұр. Мамандар осылайша дабыл қағып отыр. Олай етпеске де амал кем. Қызғалдақтың бұрынғысы бәріне белгілі, ал болашағы бұлыңғырлау болып тұр.
Гүл тұқымдастарының бұл түрі, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының таулы аймақтарында көп кездеседі. Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің территориясында қызғалдақтың кауфман, грейг, түркістан, шымған, жалғантүкті, күмәнді, жалған қосгүлді деп аталатын түрлері өседі. Әсіресе, мамыр айындағы «маевка» кезінде қызғалдақты есік алдында өсіп тұрғандай, қынадай қырып, жұлып кететіндер көп. Эколог мамандар пиязшығына зиян келген қызғалдақтың қайтып өсіп шықпайтынын алға тартып, алаңдайды. Қызғалдақтың ұрығын қайта шашқан күннің өзінде де бір талының өсіп-жетілуі үшін кемінде он жыл күту керек екен. Осыдан-ақ қызғалдақты көздің қарашығындай сақтау керектігін бағамдауға болар.
Мамандар грейг түрін қызғалдақ падишасы деп атайды. Себебі ол ең үлкен, әрі әдемі, әрі ең аз кездесетін түрі болып саналады. Ол емдік қасиетімен де бағалы. Қызғалдақ пиязшығының құрамында 50-60 пайыз крахмал мен қант бар. Бауыр ауруларына таптырмайтын ем. Ол теңіз деңгейінен 2 300 – 2 400 метр биіктікте, тау бөктерлерінде, жартылай субэкваторлық аймақтарда өседі. Оңтүстік өңірдегі Түлкібас ауданындағы «Қызыл төбешік» деп аталатын аймақтағы грейг қызғалдағы бүгінде жоғалып, құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Облыстағы өзге аймақтарда бұл түрі мүлдем кездеспейді. Сондықтан да оны сақтап қалудың амалын қарастыру керек-ақ.
Қызғалдақ-аңыз
Жаугершілік заманда бір қадым жер үшін болған шайқастардан кейін сан мыңдаған үйілген өлік пен қозы көш жерден көрінетін қан ұйыған қызғылт дақтар қалады екен. Бұл ұрыс даласында ата-бабаларымыздың бір қадым да жер бермейміз деп жаны мен қанын беріп шайқасқан ерлігінің бір белгісі іспеттес... Ақиқаты басым аңыз әңгімеге сүйенер болсақ, сол батыр бабаларымыздың қаны тамған жерлерге арада бірнеше жыл өткен соң қан қызыл қызғалдақтар шыққан деседі. Қан кешкен майданнан қалған бір белгі осы қызғылт дақтар сан ғасырлар көшінен кейін қызғалдаққа айналған деседі...
Қызғалдақ пен қылмыс
«Қызыл кітапқа» енген әрбір өсімдікті жұлғаны үшін жауапқа тартылатынын көпшілік біле бермейді. Мәселен, кез келген адам қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 290-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заң талабы бойынша, бір бас қызғалдақты жұлғаны үшін 7 060 теңгеге дейін айыппұл төлейді. Қатып қалған қағида емес, бұл айлық есептік көрсеткіш бойынша жыл сайын өзгеріп отырады. Істі қарау барысында тағы да қосымша айыппұл салынуы мүмкін.