Рашид Жанғозин бастаған 16 сарбаз панфиловшы 28 жерлесінің ерлігін қайталаған еді
Ұлы Отан соғысындағы ірі оқиғалардың бірі Кеңес Армиясының Мәскеу түбіндегі 1941 жылдың күзі мен қыс айларындағы жеңістері болды. Бұл шайқас жарты жылға созылып, соғыстың бастапқы кезеңінің тағдырын шешті. Мәскеу түбіндегі ұрыста Кеңес Армиясы алғашқы стратегиялық жеңіске жете отырып, дүниежүзілік соғыстағы жағдайды өзгертті. Мәскеу түбіндегі бұл жеңістің әскери-саяси мәні зор болды, оның барысында соғыстағы түбірлі бетбұрыстың бастамасы қаланды.
Мәскеу үшін шайқастарда генерал И.В.Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен офицерлері ерекше көзге түсті. Бұл көпұлтты дивизияның жауынгерлері 33 күн бойы Волоколамск бағытындағы маңызды шепті табандылықпен ұстап тұрды.
«Правда» газеті панфиловшылар ерлігін жоғары бағалады. «Москваны қорғаушылардың ұлы эпопеясы, ерекше берік рухы, бұқара көрсеткен табандылық, туған жерді азат ету жолындағы мыңдаған адамдардың жанқиярлығы халқымыздың есінде мәңгі жасайды.
Халқымыз жаумен айқаста мерт болған генерал И.В.Панфиловтың ерлігін мәңгі есінде сақтайды. Отанға шын берілгендіктің символы, адамның алып күшінің шыңы іспеттес ұрпақтан-ұрпаққа даңқы өнеге болып қала беретін қасиетті есімдер бүкіл кеңес адамдарына паш етілсін. Олар – танктермен арпалысып, тарихта теңдесі жоқ ұрысқа қатысқан генерал Панфилов дивизиясының 28 гвардияшылары. Бұл қаһармандар ондаған неміс танкілері анталаған шепті қорғады. Гвардияшылар жаудың 18 танкісін қиратып, өздері де осы ұрыста ерлікпен мерт болды, бірақ бір адым да шегінген жоқ. Осы ерлердің ішінде орыстар, украиндер мен қазақтар бар».
1961 жылы жарыққа шыққан Қазақ ССР тарихының ІІ томы 519-бетінде: «1073 полктың 16 батыры 1942 жылы 19 ақпанда Сутоки селосына кіріп, бір сарайға орналасып алды да, немістерге бастырмалата оқ жаудырды. Азғантай ғана ержүрек батырлар дұшпанның негізгі соққысын көтерген еді. Бұлардың үшеуі жараланып, қалғандары оққа ұшып қаза тапты, бірақ жеңіс қамтамасыз етілді. Политрук Жанғозин өзінің партиялық билетін ту сияқты жоғары көтеріп, от-жалынның ортасында қаза тапты» деген жазулар бар.
Алматы облыстық мұрағатынан Рашид Жанғозиннің өзі жазған өмірбаяны табылды.
«Мен 1914 жылы Омск облысы, Азов ауданына қарасты төртінші ауылда, шаруаның отбасында дүниеге келдім. 1922-1931 жылдары Омскідегі Лобнов атындағы мектепте, бір жылдық техникалық курста, Сібір академиясының (Омскіде) агрономиялық факультетінің дәнді дақылдар бөлімінде оқыдым. Жоғары оқу орнын аяқтауға денсаулығым жарамағандықтан, елге оралып, коллективтендіру жұмысына араластым. 1933-1935 жылдары артельді басқардым. 1935 жылы С.М.Киров атындағы ауылдық советтің хатшысы, 1939 жылы аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы міндетін атқардым. Сол жылы Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші секретарі болып сайландым.
Мамандығым – агроном, есепші және радист.
Семьялымын. Балаларым бар. Олар Гоголь көшесіндегі 14-үйде тұрады. Р.Ш.Жанғозин. 15.09.1939 жыл».
Архивтегі екінші бір құжатта Фрунзе ауданы комсомолдарының 1939 жылы 17 қыркүйек күні өткен пленумында Рашид Жанғозинді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланғандығы туралы қаулының көшірмесі бар. Оған Рақымжанова қол қойған.
Алайда Рашид мұнда ұзақ болмайды. Аудандық партия комитетінің шешімі бойынша 1940 жылдың 25 маусымынан бастап қаланы көріктендіру басқармасының орынбасарлығына ауыстырылады. Сол жерде жүргенде Кеңес Армиясының қатарына алынады.
«1942 жылдың алғашқы айы. Біздің дивизияға Қазақстаннан, Қырғызстаннан және Орта Азияның басқа да республикаларынан солдаттар келді. Біразы 1073-полктың құрамына алынды. Сонда «За Родину» газетінің редакторы ретінде мен де солдаттарды қабылдауға қатынастым», – деп жазады гвардияшы журналист Леонид Макеев өзінің Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған естелігінде (1962 жыл 18 сәуір). «Ақпанның басында И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы Бобылева, Сутоки, Глуховка селолары арқылы Ратча деревнясына бет алды. Бірақ күшімізді уақтылы жинай алмағандықтан, жоғарыдан «Қайтадан қорғанысқа көшіңдер» деген бұйрық алдық.
Тәулікке созылған қарбаласта тыныстауға мүмкіндік алған фашистер алдымыздағы селоларға мықтап бекінді. Сол тосқауылда Рашид Шаймерденұлы Жанғозин бастаған қазақстандық 16 азамат панфиловшы 28 жерлесінің ерлігін қайталады. Ол қалай қайталанды? Мұны әркім әртүрлі жазып жүр. Сондықтан шындықтан аулақтамау үшін осы жайында Ресей Қорғаныс министрлігі мұрағатының 783 қорындағы «Панфилов дивизиясының қысқаша очеркінде» сақталған гвардия подполковнигі П.Логвиненконың рапортын толық келтірейік. (19 ақпан, 1942 жыл).
19 ақпан күні Сутоки селосына басып кіру жайында арнаулы бұйрық болды. Осыған орай, 1073-полктегі бірінші батальонның комиссары Соловьев жолдасқа 75 адамнан арнаулы топ құру тапсырылды. Ол өзінің отандастары алдында сөйлеген сөзінде дивизиядағы 28 батырдың елімізді қорғаудағы тамаша ерліктеріне тоқтала келіп, арнаулы топқа өз еркімен жазылушыларды іріктеді. Ондайлар көп болды. Солардың ішінен ең таңдаулы деген 75 солдат пен сержантты іріктеп алып, аса жауапты тапсырмаға дайындалды. Топты басқару бірінші ротаның командирі, кіші лейтенант Дмитрий Михайлович Волгапкинге тапсырылды. Комиссары болып Рашид Шаймерденұлы Жанғозин тағайындалды. Екеуіне көмекші ретінде Галдейкин мен Д.Фролов белгіленді.
Таңғы төртте 25-30 адамнан үш топ құрған жауынгерлеріміз артиллерияшыларымыздың қолдауымен «Отан үшін, панфиловшылар, алға!» деген ұран тастап, Сутоки селосына шабуылға шықты. Волгапкин мен Жанғозин басқарған топ жауды жапыра, фашистердің бірнеше бекіністерін талқандады. Бірақ басқа жолдастарының алға жылжи алмауы он алты азаматтың жағдайын нашарлатып жіберді. Олар оқ пен оттың арасында қалып, жақын жердегі сарайға бекінді.
Кескілескен соғыс алты сағатқа созылды. Сол уақыттың ішінде совет жауынгерлері өздеріне жасалған 16 шабуылды тойтарды. Қоршап алуға ұмтылған жау түгелге жуық жер жастанды. Қатары сиреп, оқтары таусылғанша аянбай айқасқан азаматтар ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Арпалыс кезінде ауыр жараланған командирдің міндетін өзіне алған Рашид сарайдың екінші жағына шығып, фашистердің назарын өзіне аударды. Құрбылары алдында азаматтық пен адамгершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп, Дмитрий Волгапкин мен Иван Ценицынның және Антип Гореловтың дұшпан тұзағынан құтылуын қамтамасыз етті. Полк түгелдей шабуылға көтерілді. Бірақ ардақты азамат Рашид Жанғозинді құтқарып ала алмады. Ол фашистердің жандырғыш снарядтарынан өртенген сарайда жалғыз қалып, өзін қоршаған жауыздарды қырды. Автоматтың оғы таусылғанда, алауға оранған гимнастеркасын жыртып жіберіп, 3741 424 нөмірлі партиялық билетін жеңіс туындай жоғары ұстаған бойы сарайдан бес метрдей жерде отқа оранып өмірмен жастай қоштасты.
Аяулы азамат, ардақты комиссар, партиямыздың адал ұлы Рашид Шаймерденұлы Жанғозин асқан ерлік үстінде мерт болды. Алайда оның батырлығы басқамызға үлгі болады. Біз оны жүрегімізде мәңгі сақтаймыз.
И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы саяси бөлімінің бастығы полковник П.Логвиненко».
(«Лениншіл жас» 1968, 24 қазан)
Жоғарыда айтылған 16 батыр кімдер еді? Енді соған тоқталайық.
«Өте жауапты тапсырманы орындауға кім бел байлайды?» деген сұрақ туды полк командованиесі алдында.
Он алты ержүрек панфиловшы тілек білдірді. Топты бірінші атқыштар батальонының екінші ротасының политругі Рашид Жанғозин мен гвардия кіші лейтенанты Дмитрий Волгапкин басқарды. Артиллерия дайындығы басталар алдында олар қару-жарақ асынып, омбы қарға сүңгіп, Сутоки селосына қарай бүлкілдей жөнелді. Дұшпанға сездірмей қалың қардың астымен селоға жету үшін панфиловшыларға қаншама күш-жігер, шеберлік, ептілік қажет болды десеңізші! Олар білдіртпей селоның шетіне жетті.
Біздің артиллерия снарядтарының гүрсілі басылысымен, тура жер астынан суырылып шыққандай Сутоки селосының батыс жағынан, немістердің маңдай алдынан пайда болған жауынгерлер бірден шабуылға көтерілді. Батырлар автоматтарынан оқты жаудыра отырып, алға ұмтылды. Гитлершілер күтпеген жағдайға тап болып, сасқанынан әрбір үйге, сарайға тығылды. Гвардияшылар жаудан босатып алған аймағын кеңейте бастады. Алайда осы сәтте дұшпанның атыс ұяларындағы пулеметтері зіркілдеп қоя берді. Фашистер есін жинап, шабуылға шыққан кеңес солдаттарының тобы шағын екеніне көздері жеткен соң, оларды тұтқынға алуды ұйғарды. Немістер еңсесін көтеріп, даурыға бастады.
– Рус, сдавайся, рус, капут! – деп айқайлайды.
– Ой, сайтандар, орыстар берілмейді! – деп дауыстады политрук Жанғозин.
Фашистер селоның шетіндегі сарайды атқылауын тоқтатпады. Рашид Жанғозин жауынгер Елубек Аралбаевты ертіп алып, от-жалын лапылдаған сарайға жақындады. Гвардияшылар енді сарайдан оқ жаудырды. Теңдесі жоқ айқас. Панфиловшылар дұшпанның он мәрте шабуылына тойтарыс берді. Фашистер 16 батырды қоршап алды. Гвардияшыларды тірідей қолға түсірмек болып, өлген солдаттарының орнына автоматшылардың жаңа топтарын төге бастады.
Гитлершілер минометтен оқ жаудырды. Командир Волгапкин қатардан шықты, сержант Ценицын, жауынгер Горелов ауыр жараланды.
– Егер еңбектеп жүре алсаңдар, ана каналдың бойымен сытылып шығып кетіңдер, қараңғы түсе бастады, сендерді байқай қоймас. Жағдайды өздерің де көріп отырсыңдар, тылдан көмек күтудің өзі де қазір мүмкін емес. Сәлем айтыңдар, ақырына дейін ұрысамыз. Бірақ Сутокиді фашистерге бермейміз! – деді Рашид Жанғозин жаралы жолдастарымен қоштасып...
Жаралы солдаттың бірі қимастықпен көзіне жас алып, жеңімен сүртіп еді, Рашид: «Москва слезам не верит», – деп, оның арқасынан қақты.
– Барыңдар, жолдарың болсын. Егер олай-бұлай болып кетсек, бізді ұмытпаңдар, естеріңе ала жүріңдер. Ертеңгі бақытты жастар да біздің есімдерімізді ұмытпасын, біздер солардың жарқын болашағы үшін өмірмен тым ертерек қоштасқалы отырмыз. Олар өз Отанын біздей сүйсін!
Гвардия кіші лейтенанты мен екі жауынгер іңір қараңғылығын пайдаланып, көзден таса болуы мұң-ақ екен, фрицтер сарайды өртеп жіберді.
– Ей, жареный рус, сдавайся, – деп фашистер мазақ етіп, қара қарғаша қарқылдады.
– Сендердің айтқандарың болмас, сұр жыландар! – деді политрук Жанғозин. – Сарайдан біртіндеп шығыңдар. Араларың бес метрден болсын. Мен сендердің кейін шегінулеріңді қамтамасыз етемін.
Сарайдан жүгіре шыққан гвардияшылардың жанған киімдерін көріп, фашистер бұрынғыдан да бетер «рус капут, рус капут» деп шуласты. Гитлершілер кеңес солдаттары өздігінен қолға түседі деп дәмеленді. Бірақ бас кесерлер бұл жолы да есебінен жаңылды. Үсті-басы лаулап жанған адамдар фашистерге тура ұмтылды. Олар жүгірген қалпында автоматтарынан тоқтаусыз атып, жендеттерді шетінен жайратты.
Осы уақытта Волгапкиндер де полкқа жетіп үлгірген еді. Олар болған істің бәрін баяндады. Шамасы, үш сағаттан кейін гвардияшылар Сутоки селосынан немістерді қуып шыққанда, адам айтса нанғысыз ғажап көріністің куәсі болды. Селоның шетінде, өртенген сарайдың төңірегінде фашистердің жүз елу өлексесі сұлап жатты.
Панфиловшылар киімі тұтанып жанып жатқан қас батыр Рашид Жанғозинді көрді. Ол шалқасынан түсіп, ашық аспанға қарап жатқандай. «Өзім өртенсем де, партбилетім өртенбесін» дегендей, шала күйген билетін оң қолына қыса ұстап алыпты.
Ресейдің Подольск қаласындағы әскери архивінен табылған документтен Сутоки селосында ерлік жасаған жерлестеріміздің есімдері белгілі болды. Міне, олар:
1. Рашид Жанғозин
2. Дмитрий Волгапкин
3. Иван Ценицын
4. Остап Базаров
5. Николай Базаров
6. Василий Прошкин
7. Кәміл Наурызбаев
8. Александр Федоров
9. Елгебек Аралбаев
10 Қанайбек Әбілов
11. Иван Корчагин
12. Сүгір Мамыров
13. Давид Голдецкий
14. Константин Трофимов
15. Антон Горолев
16. Дмитрий Фролов
...Жау жеңілді. Сутоки селосы азат етілді. Отаны үшін отқа түскен он алты кеңес азаматының ерлігі полктан полкқа, қаладан қалаға, ауылдан ауылға таралды. Олар жайында Михаил Кочетов «Ерлік», Павел Кузнецов «Он алты» деген өлеңдер жазды. Семен Кирсановтың «Гвардияшы Жанғозин» деген жалынды жырындағы мына шумақтарды жауынгерлер жаттап алды:
Қос қолы бірдей жаралы
Дәрмені қайсы Рашидтің?
Ашылып жаудың араны,
Кейібіне кірді аш иттің.
Оқ болып жанды оғат от,
Шығатын одан жол қайда?!
Партбилетін қолына ап,
Қатты да қалды сол бойда.
Аша алмай қойды немістер
Батырдың қолын қан қылып.
Осындай ғажап ер істер
Жасай берер мәңгілік.
«Ала алмайсың, – деді батыр,
Дұшпанына, – еркімді.
Кең жерімді туған өрт салып,
Бұза алмайсың көркімді!»
Жолын бөгеп дұшпанның
Құрбан болды қайран ер,
Ер боп туған адал баласың,
Қойнына алды туған жер!
Олар Мәскеу түбіндегі, Дубосекова бекетіндегі 28 панфиловшылардың мәңгі жасайтын ерлігін қайталады. Комиссар, коммунист, азамат Рашид Жанғозин мен оның жолдастары жасаған ерлік талай ұрпақтарымызды батырлыққа, батылдыққа баулуы сөзсіз (Ж.Самұратов, «Оқ болып атылдық», Алматы, 1989 ж. 28-31 б.б.).
Жыл өткен сайын Отанымыздың азаттығы үшін жанын қиған еліміздің аяулы ұл-қыздарының жарқын бейнесі жүрегімізде жаңғырып, жарқырай түседі. Олардың от оранған сонау бір қатерлі жылдардағы өшпес ерлігін біз ешқашан естен шығармауға тиіспіз. Өйткені туған ел-жұрты, Отаны үшін өлімге бас тігу – ең қасиетті ерлік.
Оларға барлық ел риза, тарих риза!
Оңтүстік астанамыз Алматыда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлер есімін ел есінде қалдыру мақсатында бой көтерген ескерткіштер аз емес. Соның бірі – 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесі қарсаңында салынған 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы. Батыр жауынгерлерге арналған осынау ескерткіш-саябағын жасау Жеңіс күнінен соң 30 жылдан кейін қолға алынғанмен, «Кеңес Одағының Батыры Иван Васильевич Панфилов пен 28 гвардияшы-панфиловшылардың есімдерін мәңгі есте қалдыру туралы» 1942 жылғы сәуірде Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мен республика үкіметі Қаулы қабылдаған болатын. Бүгінде Панфиловшылар атындағы саябақ қала тұрғындары мен оның қонақтарының серуендеп демалып қайтатын сүйікті орындарының біріне айналған.
«Панфиловшы-жауынгер ерлердің бет-бейнесі бейнеленген ең басты ескерткіштің алдында Мәңгілік от лаулап тұр. Мұнда сағат сайын, күн сайын мыңдаған адам болады. Бәрі де Даңқ мемориалының алдында ойға батып, ұзақ тұрады. Бұлар – кешегі ғаламат соғысты бастан өткергендер, отқа оранғандар, оққа омырау төсегендер, жалын жамылғандар, тобықтан саз, тізеден балшық, толарсақтан қан кешкендер. Бұлар – Отан үшін жан қиып, қыршын кеткен боздақтардың әкелері, аналары, бауырлары. Бұлар – соғыс тауқыметін тартқандардың ұлдары мен қыздары, немерелері мен шөберелері.
Мәңгілік алау. Ол маған қаһарлы шайқастарда қаза тапқан қаһармандардың қасиетті қанындай, алаулаған жалындай, лүпіл қаққан жүрегіндей, мәңгі өшпей жанып тұратын арман-тілегіндей көрінеді», – деп толғаған еді көрнекті ақын Әбіраш Жәмішев.
Мәңгілік алау, ол – атының өзі айтып тұрғандай, ешқашан өшпей, күндіз-түні жанып тұра бермек. Осынау оттың жылдар бойы мызғымай тұруы – ерлер есімінің мәңгілік екенін әрдайым әйгілеп, дәлелдеп тұрғандай. Келесі жылы Ұлы жеңіске 65 жыл толғалы отыр. Бұл дегенің жарты ғасырдан да көп. Неміс басқыншыларын бас идірткен сол бір мерейлі күн біздер үшін тым алыстау уақыт мөлшері мен заман кеңістігінде қалып қойса да, ол – жыл сайын жыл құсындай ержүрек батыр қандастарымыздың рухы арқылы Мәңгілік алау, от болып жаңғырып-жанданып қайта-қайта келе бермек. Өйткені Мәңгілік алау – ерлік пен елдік алауы! Мәңгілік алау бізді бейбіт өмір берекесін, халық бақытын, болашақты қорғауға, әрқашан қырағы болуға шақырады.
Қазақ халқының бұл даңқты перзентінің есімі халықтың есінде мәңгі сақталады.
Сөйтіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мынадай тыныш заманның оңайлықпен орнамағанын, бұған Рашид Жанғозин бастаған 16 батырдай миллиондаған боздақтардың қыршынынан қиылып, жас өмірлерін пида ету арқылы қол жеткенін ұмытпауымыз керек. Ал Рашид Жанғозиннің асқан ерлігі «Халық қаһарманы» атағына әбден лайық дегіміз келеді.