Рыжий Алмаздың қызы алғаш рет мәлімдеме жасады
Күні бүгінге дейін атағы жер жарып, қылмыс әлемінің серкесі атанған "Рыжий Алмаз" - Насенов Несіпбай туралы тың мәліметтер әлі де жарияланып жатыр. Өзін әйгілі азаматтың қызымын деп таныстырған Гузель Насенова алғаш рет ашық мәлімдеме жасады деп хабарлайды NUR.KZ.
Ол өзінің хатын жариялауды өтініп, Yvision.kz сайтының редакциясына хабарласқан.
"Мен, Насенова Гузель Несипбаевна, "Рыжий Алмаз" атымен атақты Насенов Несіпбайдың қызымын. 2018 жылдың 31 мамыры - əкемнің қайтқан күнінде осыдан 20 жыл бұрын қалай өмірден өткені жайлы айтып беруге дайынмын. Мен мұны дəл қазір жасап жатырмын, өйткені бүгінгі жағдай бар шындықты айтуды талап етіп тұр", - деп сөзін бастаған Гузель.
Бұдан кейін ол мәлімдеме жасау туралы шешім Рыжий Алмаз жайындағы фильм төңірегінде ақпарат пайда болған соң туындағанын айтты.
"БАҚ өкілдері Ситора Назарованың "Рыжий Алмаз" туралы фильм түсіргелі жатқанын хабарлады, мен Несіпбай Насеновтың ресми қызы ретінде əкемнің отбасы жəне достары атынан қарсылық білдіремін.
Бір әйелдің сөзінен кейін менің əкем жайлы жағымсыз пікірлер пайда болды. Мен бұл фильмнің ол кісі жайлы бір жақты, дұрыс емес əсер қалдыратынын білемін. Қандай да бір фильм туралы жарияға жар салмай тұрып, отбасының пікірін сұрау керек деп ойлаймын.
Менің Несіпбай Насеновтың қызы екенімді дәлелдейтін барлық құжаттарым бар. Мен оның қалай туылғанын, қалай өмір сүргенін, қалай қайтыс болғанын білемін. Əкесінен ерте айырылған қыз ретінде мені түсініңіздер.
Мен əрқашан оның өмірі жайлы кез-келген мəлімет жинаумен болдым, жəне егер де сіздер шындықты білгілеріңіз келсе, оны тек хабары бар адамнан сұраңыздар.
Көпке белгісіз ақпарат, əкем өз еркімен бандит болған жоқ.
Ол өзінің шағын бизнесін бастаған кезде, бір жыл ішінде құбыр цехін ашты жəне біршама ақша таба бастады. Оған үнемі жергілікті "рэкетилер" келіп, "Бізге табысыңның 30 пайызын бер немесе біз сенің бизнесіңді де, өзіңді де жоқ қыламыз", - деп бопсалаған. Əкем бөлісуден бас тартып, əлгі "бандалармен" ашық күреске шықты.
Кейін спортшылар мен каратистер оған көмекке келді. Дәл сол кезде әкем кім күшті болса, соның әділ екенін түсінген. "Рыжий Алмаз" деген де сол сәтте дүниеге келді. Міне, осы күннен бастап оның тағдыры, сіздер білетіндей, басқа арнаға бұрылып кеткен. Бұл оны ақтап алмайды, дегенмен айдай анық нәрсе осы", - дейді Гузель.