Санжар Керімбайдың жас балаларға «зікір» салдыруы заңды ма? (видео)
Қожа Ахмет Яссауидің атын жамылған «Исматулла тариқатының» белді мүшесі болған Санжар Керімбай сопылық діни ағымның уағызын жалғастырып жатыр.
Енді ол кәмелет жасына толмаған балаларды жинап алып, басын бұлғақтатып зікір салдыруға көшті. Оның бұл әрекетінің заңға қайшы бірнеше тұсы бар. Біріншіден, кәмелет жасына толмаған балаларға қандай да бір дінді мәжбүрлі түрде таңуға болмайды, балалардың діни рәсімге қатысуы олардың ата-анасының рұқсатымен ғана мүмкін. Сондай-ақ, діни рәсімдер мен жоралғылар арнайы белгіленген орындарда өткізілуі тиіс. Өзін тариқат пірі санаған сыңай танытып жүрген Санжар Керімбай әлі ақыл тоқтатпаған жас балаларды үйіне жинап алып зікір салдырып қойыпты.
«Исматулла тариқаты» немесе «зікіршілер» деп аталатын діни ағым он жылдан астам уақыт бойы «Сенім. Өмір. Білім» республикалық қоғамдық бірлестігі аясында жұмыс жасағаны белгілі. 2010 жылы экстремистік әрекеті және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін «зікіршілердің» пірі мен тақсырлары қамауға алынды. Қоғамда «зікіршілер ісі» деп аталатын сот процестері барысында 10 адам 2 жылдан 14 жыл аралығында жаза алды. Оларға «діни араздықты және алауыздықты қоздыру, азаматтарды ұрлаумен және оларды заңсыз бас бостандығынан айырумен ұштасқан экстремистік әрекет жасаған» және т.б. айып тағылды. «Зікіршілер» пірі Исматулла Әбдіғаппар – 14 жылға, «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы Саят Ыбыраев 12 жылға сотталған. Ал құқық қорғау органдарының құрығынан құтылып кеткен "екінші тақсыр" Нарымбай Разбекқажыұлы шетелде қашып жүріп, жүрек талмасынан қайтыс болды.
Екіншіден, 2012 жылдың 7 маусымында Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыс прокурорының талап арызы бойынша «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігін экстремистік ұйым деп тану, оның қызметіне тыйым салу және мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарған. Соттың қоғамдық бірлестікке қатысты осындай шешім шығаруына «Исматуллы тариқатының» заңсыз әрекеті себеп болғаны жоғарыда айтылды. Жалпы, «Исматулла тариқаты» кәмелетке толмаған балаларды еркінен айырып, шілхана-медреселеріне қамап ұстап, мәжбүрлеп зікір салдырумен аты шыққан ағым. Бұл фактіні дәлелдейтін видеоматериалдар көп және оның біразы сот қарауына ұсынылып, әркез бұл өрескел әрекеттің құқықтық бағасы берілген. Соған қарамай, заңмен тыйым салынған діни деструктивті ағымның Санжар Керімбай сияқты белсенділері уағызын жалғастырып жатыр.