Сара Тоқтамысова: Күні ертең ана болатын қазақ қыздары әр кинода бір жігітпен аймаласып жүр
Қазір қоғамның көз алмай, қалт жібермей қарайтыны өнер саласы мен өнер майталмандары. Әсіресе ән мен киноға назар жоғары. Әр қазақ отбасында өсіп келе жатқан ұл мен қыз өлермендікпен өнер жолына келуге, сол арқылы танылуға тырысады. Соны күні-түні армандайды, саналы түрде мақсат қояды. Теледидар экранында жүрген аға-әпкелеріне ұқсағысы келеді.
Бірақ халық кие тұтып, төбесіне көтерген өнер адамдарының арасында өнер алаңын айғыздап, құндылықтардың құлдырауына жұмыс істеп жүргендері жоқ емес. Айтыскер ақын Сара Тоқтамысова әлеуметтік желідегі парақшасында осы мәселеге қатысты ойын білдіріпті. Бәлкім біреулерге ой салар деген ниетпен жариялауды жөн көрдік:
«Жаңа бір бейнебаян көрдім. Қазақтың әп-әдемі қызы. Қазақша сайрап тұр. Өткенде 2-3 кинодан көзім шалып қалды. Әр кинода әртүрлі жігітпен құшақтасып, құшақтасқаны былай тұрсын аймаласып образға кіріп-ақ жүр енді. Енді әр бейнебаянда әртүрлі жігітпен тағы сол өшпес сезім, сағынып қосылған мхаббат... Несін айтасың, тағы сол ғашық жанның рөлінде ойнаймын деп небір сипаттағы кадрларды сомдап жүр.
Ертеңгі күні бұл қыз тұрмыс құрады, ана болады. Сонда жұбайымен бірге жайбарақат мынау кино, бейнебаяндарын сараптап көре береді ғой? Бала-шағасына «Міне мен ойнаған туындылар» деп ұялмай көрсете береді ғой?
Қазақтың қанша өрімдей қыздары тура солай болсақ деп алдына арман, мақсат қояды, қиялдайды. «Онда тұрған не бар?» деген сөйлемді көлденең қойып алады. Арғы жағын біліп отырсыздар. Міне, тура сол жағы ойландырып кетеді... Ой ғой... Алла қай қайсымызға тура жол көрсетсін»-деп жазған.