Секс-құлдықтан қашып шыққанын айтқан қызға адамдар араша түсті (видео)
Желіде өзінің секс-құлдықтан қашып шыққанын айтып, базардағы халықтан көмек сұраған қыздың видеолары тарады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 2018 жылы 5 мамырда сағат 17:00 шамасында Алматыдағы «Саяхат» автобекетінің маңында болған көрінеді.
Кадрда бір қызды бірнеше адам алып кетуге тырысып жатыр. Базардағы сатушылар қызға араша түсіп, оны «қуғыншыларға» бермей қояды. Қыздың артынан қуып келген Toyota Camry көлігі адамдарды басуға шақ қалып, қашып кетеді.
Ал қыз «Жедел жәрдем» көлігіне отырудан бас тартып: «Анау барады қазір. Олар мені больницадан алып кетеді, жібермеңдерші», – деп елге жалынады.
Қызды қорғаған әйелдер: «Қазақтың қыздарын қырғыздарға сатып қорлатып, солардың атынан ақша жасамақсыңдар», – деп әлдекімдерді айыптайды.
«Мыналар адам сатып жүр», «бір қора адам бір қызды қуып жүр ғой, конечно сатады», – деген дауыстар анық естіледі.
Өзін Ержан деп таныстырған куәгердің айтуынша, бұл қыз «Саяхат» автобекеті маңында жүріп бара жатқан көліктен секіріп түскен. Екінші бір көлік оны байқамай қағып өткен.
– Қыз жанұшыра тұра салып, бір аяғында аяқ киімі жоқ, базарға қашып кірді. Базар күзетшілеріне барып көмек сұрады. Оның артынан біреулер қуып келіп, «әпкесімін», «ағасымын», «туысымын» деп қызды алып кетпекші болды. Бірақ қыз: «Мен бұлармен бармаймын, мен 4 жыл құлдықта болдым. Бұлар мені бұрын да осылай қашқан кезде ұстап алған. Ол жерде қыздар көп», – деп жылады. Сөйлей алмай дірілдеп, есі шығып, қатты қорқып қалған. Олардың жеңгетайлары қырғыздар екен. Жоғарғы басшылармен де байланысы бар, бір сөзбен айтқанда, тіс батпайтын дөкейлер. Жалған ақпарат десеңіздер, «Саяхат» қызметкерлері куә, – дейді Ержан.