Сириядан жесір болып оралған әйел: аяқтары құрттап, шіріп, сасып жатқандар да болды
Биылғы жылдың мамыр айында «Жусан» операциясымен Сириядағы қандастарымызды Қазақстанға қайтарған болатын. Елге келген 200-ден аса адамның жүзден астамы балалар болған. Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде Сирияға барып келген екі әйелдің әңгімесі жарияланды.
Әу баста жолдасымен бірге кеткен олар елге жесір болып оралған. Аты-жөні көрсетілмеген бірінші келіншек Сирия туралы төмендегідей жайттарды айтты:
«2009 жылы 11-сыныпты бітіріп, Қарағанды қаласына оқуға түстім. Сол жақта күйеуіммен таныстым. Екеуміз бір группада оқыдық. Менің намаз оқуыма себепші болған да күйеуім еді.
Төртінші курстың дипломын жазып жатқан уақытта үйге екі азамат келді. Күйеуім солармен бірге бірден Сирияға барамын деп шешіп, ілесіп кетіп қалды. 2014 жылдың шілде айында мен де сол жаққа кеттім.
Басында бәрі жақсы еді. Соғыс жүріп жатқанымен жеңістің артынан жеңіс келіп жатты. Біз шариғат жерінде тұрып жатырмыз деп ойладық. Соғыс бізден алыс жерде жүрді, біз әйелдер бала-шағамызбен қалада тұрдық.
2017 жылдан қиындықтар басталды. Сирияның шын мәнісінде қандай екені, билік басында отырғандардың қарапайым халыққа қалай қарайтыны белгілі болды. Сол жылдың желтоқсан айында қонақта отырған жолдасымның үстіне бомба түсіп, көз жұмды. Себебі бомбалау қаланың ішінде, біз тұрып жатқан жерде басталған еді. Біз соғыстың дәл ортасында жүрдік, жанымыздан оқтар ұшып, жарылыстар болып жататын. Сол кезден бастап әр жерге бір көшіп жүрдік, аштыққа ұшырадық. Жергіліктілер бай тұрды, қарындары тоқ еді. Ал басқа елден келгендер ешкімге керек болмады. Біз жесірлер бір үйде тұратынбыз. Қайыршы секілді жан-жақтан тамақ сұрай бастадық. Елге оралуға жол іздегенімізбен Қазақстанға қайту өте қауіпті еді.
Ол жақта көп адамдар жәннатқа барамыз деп өз өздерін жарып жіберіп жатты. Себебі «жәннатқа баруға асығыңдар» деп адамдарды осыған шақырды. Кейіннен лагерьлерге шықтық. Ол жерде жарылыстың кесірінен аяғы не қолы жоқ, тағы да басқалай жарақаттанған адамдар көп болды. Оларға ешқандай медициналық жәрдем берілмеді, дәрі-дәрмек те жоқ, ешкім қарамайды, тіпті аяқтары құрттап, шіріп, сасып жатқандар да кездесетін. Мұсылмандар қатты қиналып жатты.
Мен Сирияға екі баламен кеткен едім, ер-азаматтермен жүрген кезде үстіне бомба түсіп, біреуі қайтыс болды. Балалар мектепте оқымайтын. Онда ұл балаларды 12-13 жасынан бастап соғысқа дайындады. Алып кетіп, тапанша ұстауды, автоматпен атуды үйретеді. 13-14 жасынан олар үлкендермен бірге соғысқа шыға бастайды. Осы жаста уағыздың әсерінен өз-өздерін жарып жіберіп жатқан жасөспірімдер де болды.
Ол жақта тұрмыс құрмасаң, «масыл болып, сауап алмай құр отырсың, сенің құлшылығың – күйеуің» деп айтады. Еркектерінде 2-3 әйелден болады. Мен екінші, үшінші әйел болғым келмегендіктен отбасымен бомбаның астында қалып, әйел, бала-шағасынан айырылған мүгедек адамға тұрмысқа шықтым. Бірақ ол күйеуіммен аз уақыт тұрдым. Көп өтпей ол да қайтыс болып кетті. Елге қайтамыз деген кезде «ислам халифаты әлі орнайды, күтіңдер» деп көп адам біздің қалуымызды үгіттеді. Елге қайтам дегендерді «сендерге жәннатқа жол жоқ, Алланың қаһарына ұшырайсыңдар» деп қорқытып отырады. Ал сонда да райынан қайтпағандар болса, оларды «қара тізімге» енгізіп, түрмеге отырғызады.
2019 жылдың мамыр айында «Жусан» операциясымен елге оралдық. Бізді әкетіп жатқан кезде өзгелер бізге қызғана әрі қызыға қарады. Себебі лагерьде түн ішінде келіп зорлап немесе өзіңді алып кетуі мүмкін, ақшаңды, тамағыңды тартып алады, базарға шығармайды, ұрып-соғады. Ол жерден шыға алмай жылап отырған адамдар көп.
Мен ата-анамнан кешірім сұраймын. Мен оларға ислам дінін жаман жағынан көрсетіп алдым. Олар қазір менің намазымнан, орамалымнан, діннен қорқады. Ислам – мейірімділіктің діні. Мен оларға исламды жақсы жағынан көрсеткім келеді. Тек біздер адасып кеттік».
Өзін Әсем деп таныстырған екінші келіншек Сириядағы өмірін былай деп баяндайды:
«2010 жылы күйеуге шығып, намазға жығылдым, сол кезден бастап жабық киіне бастадым. Жолдасым намазхан еді. Үш жылдан кейін ол Түркияға барып білім аламыз деді. 2013 жылы Түркияға бардық, ол жақта Қазақстаннан келген тағы да басқа адамдарды кездестіріп, «Сирияда мұсылмандарды қинап жатыр, көмектесейік» деген соң солармен Сирияға кеттік.
Барған кезде бізді арабтар қабылдап алды. Бір ай болмай жатып арабтар жолдасымды жеке алып кетті де, мен жесір әйелдермен қала бердім. Оларға күнде лекциялар оқып, өз-өздерін жаруға үгіттейді екен. Қаншама қазақтар сөзге еріп өз-өздерін жарып жіберген екен. Бірақ күйеуім одан бас тартып, қайтып келді. Ол 2014 жылы жарақат алып қайтыс болды. Әйелдер тұрған жерге шабуыл жасалған соң біз әр жерге көшіп-қонып жүретінбіз. Ерлер басқа жақта болатын. Жарақаттан үш сағат қансырап жатыпты. Ол кезде тұңғышыма жүкті едім, қиын болды.
Басында бәрі дұрыс еді. Ақшаны долларлап төледі, тамақты тегін берді. Медицина да болды. Соғыс бізден алыс аймақта жүріп жатты. 2017 жылға қарай қиындықтар көбейе бастады. Ақша төленбей қалды, тамақты анда-санда беретін болды, оны да сұрап алатын едік. Кейіннен тамақты да, ақшаны да өзіміз іздейтін халге жеттік. Жергілікті тұрғындар бізді жақтырмайтындықтан, ондағы қазақтар бір-бірімізге жақын болып, бірге көшіп-қонып жүрдік».
...Бөтен ойдың жетегінде өзге елге барып, баласы мен күйеуінен айырылып, ақыры ішерге ас таппай қиналғанқандастарымыздың тағдыры осылай болған. Бұл оқиға кей адамдарға сабақ болса екен.
http://www.zamana.kz/