Соғымнан келген кесел
1988-ші жылдары совхозда аға зоотехник-селекционер болып істеп жүрген кезім еді. Бұрындары мал дәрігері болып істегенмін.
Бір күні Арыс қаласына өткен бір құдалыққа бардық. Ертеңіне түс қайта ауылға қайттым. Су алып шығуды ұмытып кетіппін. Әбден шөлдеп келе жатырмын. Қара жолда, Арыстан қырық шақырымдай қашықтыққа келіп қалған кезімде жолдан 300-400 метрдей жерде тігулі екі-үш киіз үй көрінді. Көрші совхоздың малшылары-ау деп шамаладым. Кім де болса бір-екі пиала шай берер деп машинаны сол үйлерге қарай бұрдым.
Үйлердің жанына келіп тоқтап, машинадан түстім. Төрт-бес адам үлкендеу бір сиырды сойып, терісін жалаңаштап жатыр екен.
– Соғым шүйгін болсын! – деп амандастым.
– Келіңіз, келіңіз, – деп қауқылдасып қалды шопандар.
Біреуін таныдым, осы үйде сойылып жатқан сиырдың иесі интернатта бірге оқыған Тойшыбек деген жігіт. Екеуміз шүйіркелесіп сөйлесіп, интернаттағы кейбір қылықтарымызды еске алып, күлісіп жатырмыз. Әйелі шай дайындап, дастархан жайды.
– Биылғы қашпай, ту қалған сиыр еді. Базарға апарамын ба деп жүр едім, бес-алты күн болды, бірден аза бастады. Мына үш жігіт қоңсы отырған шопандар: «Еттен тарығайын дедік, сойып, бөліп алайық», – деген соң төртке бөлейін деп жатырмыз, – деді Тойшыбек.
– Неге еттен түсе бастады, қандай да бір ауру емес пе?
– Ештеңесін байқаған жоқпын. Оншақты күн бұрын ырсылдап, ыстығы көтерілген сияқтанды. Бір-екі күн іші өтті, енді күннен-күнге азып бара жатыр. Бекерге арықтатқанша, сойып алайық дедік, – деген Тойшыбек басты алып, терісін сыпыра бастады.
Сиыр басының жақ етінің біраз жері тілінген екен. Қарасам, тары дәніндей майда, ішінара бұршақ дәніндей ақ көпіршікті түйіршіктерді байқадым. Мойын еттерін тіліп көрсем, ол жерлерде де бар екен. Тілін кесіп көріп едім, бір-екі көпіршік ол жерден де кездесті. Бұл ірі қара малдың «финноз» деген ауруы. Ғылыми тілде «цистицеркоз» деп аталады. Бұл ауру адам ішегінде өмір сүретін «цистицерк» деп аталатын таспа құрттың ірі қара ағзасына түскен жұмыртқаларынан шыққан балаң құрттарды тудыратын ірі қара малдың ауруы. Қара малда «цистицеркоз» деп аталса, адамдарды бұл ауруын «тениаринхоз», шошқадан жұққанды «тениоз» (бұл – ұзындығы 1–3 метрге дейін жететін аса қауіпті сорғыш құрт кеселі) деп атайды. Қарапайым тілде «бұқа цепені» (бычий цепень), «бұқа солтиері» деп те атайтын, адам үшін өте қауіпті аурудың бірі. Адам әлгіндей көпіршік түйіршікті балаң құрттарды етті шала пісіріп жеп, тірідей жұтып жіберген кезде ағзаға түскен балаң құрттан адам ішегінде таспа құрт (цепень) өсіп-жетіле бастайды. Ұзындығы он метрге дейін жетуі мүмкін бұл «бұқа цепені» адам ішегінде өсіп-жетіле отырып 2,5-3 айда жұмыртқа тастай алатын дәрежеге жетеді. Әлгіндей ұзын құрттың дене бойында ағаш бұтағы тәрізді аналық өскіндер тарамдала, жан-жаққа бұтақтап өсіп, соңғы бөлікшелері пісіп-жетіліп, жұмыртқалар толы бөлшектер тастай береді. Бір осындай цепень бір жыл ішінде сыртқы ортаға екі жарым мыңдай бөлшектер, яғни жүз миллионға жуық жұмыртқа тастау мүмкіндігіне ие деуге болады.
Осындай ішінде құрты бар адамның маңайындағыларға қаншалықты қауіпті екенін пайымдап көріңіз. Ондай адам өте азып кетеді. Ішкен-жегені бойына жұқпайды.
Бұл құрттардың барлығы қосжынысты. Яғни өзін-өзі ұрықтандырып, жұмыртқа түзе береді. Бүкіл денесімен сіңіру арқылы тамақтанады, тыныс алу, қан айналу органдары жоқ.
Бұл таспа құрттардың негізгі иесі адам болып есептеледі. Яғни жетілген таспа құрттар адам ішегінде өмір сүреді, одан нәжіс арқылы бөлінген жұмыртқалар жем-шөп, су арқылы ірі қараға, шошқаға өтеді де, олардың ағзасында балаң құрттар пайда болып, «финноз» немесе «цистицеркоз» деген ауру тудырады. Яғни ірі қара мал мен шошқа – аралық қожайын. Оларда жұмыртқа жұтқан соң төрт ай шамасында ауру белгілері біліне бастауы мүмкін.
Яғни Тойшыбектің үйінде немесе көршілерінде ішінде цепень құрты бар қандай да бір адам болуы мүмкін. Өйткені сиырды басқа жақтан әкелмеген, өзінікі.
– Бір жылдан бері ілмиіп, ауырып жүрген адам жоқ па үйіңде немесе көрішлеріңде? – дедім.
– Мына көршімізде былтырдан бері мал бағып жүрген бір жігіт бар, ілмиген арық, – деді Тойшыбек.
– Ол адамды Арысқа апарып, ішек құртына тексертіңдер, – деп, жүруге ыңғайландым. Тойшыбек басын изеп қоштасты.
Кейін бір кездескенде:
– Баяғы шопан жігітті ауруханаға жатқызып, ішінен құрт түсірттік, – деді. – Қазір жардай болып семіріп кетті. Сорлыны сорлатып жүрген құрт екен. Сен дұрыс пайымдапсың. Ол байғұсты ауруханаға апарар ма едік, апармас па едік, артқы жағынан, жатқан жеріне бөлшек-бөлшек, сопақша, төртбұрышты құрттар түсетін болды кей кезде.
– Иә, ондай болуы да мүмкін. Ол құрттардың пісіп-жетілген соңғы буындары кейде құрт денесінен бөлініп, өзі қимыл-әрекет жасап, ұйықтап жатқан адамның дәрет жолы арқылы сыртқа шығады.
Адамға қауіпті болғандықтан жануарлардың цистицеркозын болдырмау мақсатында үкімет тарапынан көптеген ветеринарлық алдын-алу іс-шаралары белгіленген. Малдарды мүмкіндігінше аулаларда, мал дәрігерінің бақылауынсыз сойдырмау, елді мекендерде арнайы мал соятын қасапхана ұйымдастыру, медициналық тексеруден өтпеген адамдарды мал соятын орындарға жібермеу, өндірістік орындардағы әжетханалардың санитарлық жағдайын қадағалап, жөндетіп отыру, сойылған мал ұшаларын міндетті түрде ветеринарлық сараптаудан өткізу, тағы басқа көптеген іс-шаралар көзделген. Мал ұшаларында ауру белгілері табылған жағдайда міндетті түрде залалсыздандырылуы немесе жойылуы керек. Бастың жақ еттерін, мойын еттерді тіліп көргенде, егер ауру болса, майда көпіршік ақ түйіршіктерді байқауға болады. Олар фарш етіп тартылған еттерде байқалмайды. Сондықтан дайындап қойған қойылған фарштан гөрі таза, ешқандай түйіршік, іртік ақ дақтары жоқ еттен, басында қарап тұрып тарттырып алғаныңыз мақұл.
Жаңабай ТӨЛЕУІШ.
Шымкент қаласы.