Солақайлар сырына мән береміз бе?
Біздің өмірде солақай адамдар жетерлік. Оған қалыпты жағдай деп қараймыз. Солай да шығар. Алайда олардың сырына қанықпыз ба? Бәлкім, оған үңіле бермеуіміз әбден мүмкін. Оны жасыра алмаймыз. Шетелде басқаша болуы да ғажап емес. «Олардың мұң-мұқтажына құлақ асатын арнайы ұйымдар жұмыс жасайды» деген әңгіме бар ұзынқұлақта. Өкінішке қарай, бізде солақайлар мәселесіне мүлдем мән берілмейді.
Бізде ондай адамдарға қарсы «күрес» жүргізіледі. Бұл қасиет адамның бойына қанмен келеді емес пе? Сонда жаратылысқа қарсы жүргіміз келе ме? Тоқсаныншы жылдарға дейін аталмыш мәселе күн тәртібінен түспейтін. Оны кемістік, кесапат деп ұққандар болды. Тіпті олардың арасында жоғары қызметтегі азаматтар да бар еді. Билік басындағы атқамінерлер солақай оқушылармен күресті ұстаздар қауымына басты міндет етіп жүктеді. Әрине, оның астарына үңілген ешкім жоқ. Осының салдарынан түрлі ауруға ұшыраған өрендер көп болды. Мәселен, олар жүйке және өзге де ауруларға тап келді. Оны айтқанын істетіп үйренген шенеуніктер қаперіне іле қойған жоқ. Дәрігерлер де дабыл қаққан. Дегенмен аталмыш тақырып жабулы қазан күйінде қалып жатты. Психологтар мынадай жайды ескертеді. Солақай жандар оң қолмен әрекет еткенде қалыпты деңгейде болмайды екен. Атап айтқанда, олар оң қолмен тамақ ішкенде астың дәмін сезіне қоймайтын көрінеді. Сондай-ақ сол кезеңдерде ұстаздар қысымына шыдай алмаған оқушылар да болғанға ұқсайды. Тіпті олар солақай болғаны үшін достарының алдында да төмен қарап жүрді.
Осы жағдай қазір де жалғасып жатыр деп айта аламыз. Өйткені біздің қоғамда да оларға деген салқын көзқарас бар. Елдің арасында оларға көзқарас әртүрлі. Біреуі оларды оңқайлар қатарына қосуды дұрыс деп санайды. Екіншісі бұл пікірді дұрыс деп санамайды. Жалпы, солақайлар арасында танымал адамдар аз емес. Әлемде Марк Твен, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Бетховен cекілді ұлы тұлғалар бар. Ал беріден әңгіме қозғасақ, белгілі дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев солақай қолымен талай туындысын өмірге алып келді. Қазақтың белгілі қылқалам иесі Гүлфайрус Исмаилова да осындай ерекше адамның бірі болды. Әрине, бұл тізімді жалғастыра түссек, әлі де бірқатар белгілі азаматтардың атын атар едік. Дегенмен әңгіме ауаны басқада емес пе?
Бауыржан Бекбанов, дәрігер:
– Солақай адамға оңқай болу туралы кеңес берген дұрыс емес. Бұл ондай жандарға кері әсерін тигізетіні талай мәрте дәлелденген. Сондықтан бұл тұрғыда абай болғанымыз артық емес. Кезінде солақай адамдарға қатысты жүрген науқан өз тиімділігін алып келген жоқ.
Ал ислам дініндегі азаматтар сол жақпен жасалған жұмыстарды дұрыс көрмейді. Оң қолмен жасалған жұмыстың берекесі болады деген үғым бар. Сол қол немесе сол аяқ лас жерлерде жүреді. Мәселен, мұсылман жамағаты дәретхана есігінен кіргенде сол аяқпен аттайды. Себебі, ол жер лас болып есептеледі. Ондай жерлерді шайтандар мекендейді екен.
Сахиджан Наурызәлиев, Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітінің бас имамы:
– Лас жерлерде ешқандай сүре оқылмайды. Әрине, солақай адамдарға келсек, ол да Жаратушы иеміздің дарытқан қасиеті. Алайда ондай адамдарға өз кеңесімізді береміз. Оң жаққа бейімдеуге тырысамыз. Қасықты оң қолмен ұста дегенді ұғындырамыз. Ол – біздің міндетіміз.
Кезінде ұстаздар тарапынан жасалған қысымға қарамастан, солақай қалпынан жаңылмаған жандар да баршылық. Қазір олардың арасында түрлі қызметте жүрген адамдар бар. Солардың бірі – біздің әріптесіміз, Қызылорда қоғамдық теледидарының тілшісі Гүлнұр Бүркітбаева. Оның айтуынша, солақайлық туа бітті дарыған қасиет екен. Қанша тырысса да, оң қолмен жаза алмаған көрінеді.
Шындығын айтқанда, біздің елімізде солақай адамдар мүддесін қорғайтын ешқандай қоғамдық ұйым жоқ екен. Бәлкім, ол біздің селқостығымыздан шығар. Дегенмен бұл тұрғыда ғалымдар тарапынан жүйелі зерттеу жұмыстары жасалса игі. Тіпті біздің елімізде қанша солақай адамдар бар екенін тап басып айту да қиын.
Дерек пен дәйек
Әлемдегі әрбір жүз адамның біреуі ғана солақай болып туылады. Қазір Жер шарында 6 млрд-тан астам адам болса, 60 млн адам солақай екеніне осыдан көз жеткізуге болады. Ана құрсағында жатқан шарананы дәрігерлер 10-11 аптасында солақай немесе оңқайлығын анықтайды. Осындай қасиет әйелдерге қарағанда ер адамдардың бойында көп. Мұндай азаматтар әлемде Оңтүстік Азия, Шығыс Еуропа, Австралияда көбірек кездеседі. Ал Америка және Африка құрлықтарында солақайлар саны өте аз.