Созақта күйеуінен таяқ жеп жоғалып кеткен 19 жастағы келіншек аман-есен табылды
Түркістанда күйеуінен таяқ жеген 19 жастағы келіншек аман-есен табылды, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы, Созақ ауданында үйінен таңғы сағат алтылар шамасында шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен жас келін Шымкент қаласындағы сауда орталықтарының бірінен табылды.
Сенімді дереккөзге сүйенсек, жас келін бұған дейін де күйеуінен бірнеше рет таяқ жеп, төркініне кетіп қалып жүріпті. Тек құзырлы органға шағым түсірмеген. Туыстары "үй болып кетесің" деп күйеуімен қайта қосып келген.
Соңғы рет күйеуінен зәбір көрген ол араға бірнеше күн салып "төркініме барсам, тағы әкеліп қояды" деп Созақ ауданынан таксиге отырып, Шымкентке қарай жол тартады. Жолай бейтаныс әйелдің ұялы телефонынан үйіндегілерге "Мені іздемеңдер" деген SMS жіберген.
Із-түзсіз жоғалып кеткен келіншектің табылғаны туралы ақпаратты Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметі растады. Толық ақпаратты кейінірек жіберуге уәде етті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Созақ ауданында 19 жастағы жас келін төрт күн бұрын таңғы сағат алтылар шамасында үйінен шығып, із түзсіз жоғалып кеткені туралы журналист Гүлмира Әбіқай өз парақшасында жария етті. Онда жас келін тұрмысқа шыққаннан кейін екі ай өте сала осы уақытқа дейін үйіне күйеуінен көкала қойдай болып бірнеше рет таяқ жеп келгені туралы айтылады.
Сенімді дереккөз келіншектің аяқ-қолы сынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.