ШҚО-дағы кәсіпкердің өлімі: Шар қаласы 90-жылдардың күйін кешуде (видео)
Биыл 24 маусым күні ШҚО-ның Шар қаласында жас кәсіпкер өз үйінде өлі күйінде табылған болатын. Асылған күйін табылған ер адам туралы жаға ұстатарлық жайт белгілі болды деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.
Редакциямызға қоңырау шалып, көмек сұраған марқұмның ағасы Руслан Омаровтың сөзінше інісі Ролланды біреулер қасақана өлтірген болуы мүмкін. Жас жігіттің ажал құшуына Шар қаласындағы бейберекеттік себеп көрінеді.
«Шар қаласы әлі күнге 90 жылдардағыдай күй кешуде. Шағын ғана қала бірнеше өңірге бөлініп өмір сүреді. «Ман Абай», «Киров», «Зайц край», «Шанхай» деген өңірлер бар. Осы аумақтағы жігіттері кешқұрым өз "территориясына" баса-көктеп кіре алмайды. Тіпті байқаусызда кафе, дүкендеріне бас сұқса соңы төбелес, шумен бітеді», - дейді Руслан Омаров.
Оның айтуынша, 22 маусым күні Шар қаласының әкімдігінде жұмыс істейтін Ж. есімді жігіт ащы су ұрттап, Роллан Омаровтың дәмханасына келіп: «Зайц Крайдың жігіттері – қоянсыңдар!» деп демалушылардың ашуларына тиеді. Әзілдің арты жігіттердің ерегесі, полицейлердің араласуымен тарқаған.
23 шілде күні жас кәсіпкер, кафе қожайыны Роллан Серікханұлы аудандық полицияға және Шар қаласының әкіміне барып, қол астындағы қызметкерінің бейәдеп қылығына шағым түсірген. Сол күні Ж-ны жұмыстан шығарылады. Жұмыссыз қалған жігіт жас кәсіпкерді аңдып, арызын қайта алуын талап еткен.
Тіпті, оның бір топ жігітпен келіп, Ролланға қоқан-лоқы көрсеткені де бейне бақылау камерасына түсіп қалды. Арада күн өтпей жатып, кәсіпкердің денесі өзі тұрған үйдің көлік тұрағынан асулы күйінде табылған.
«Роллан таңертең жұмысқа шығып кетіп, түскі асқа келмеген. Таңғы сағат ондар шамасында телефонына біреу қоңырау шалып, дәмханасынан көлігімен шығып кетеді. Алайда кенже ініміз Ролланды түскі сағат 13:30 кезінде арқанға асылып тұрған жерінен көріп отыр.
Үстіндегі киімі шаңға бөгіп, аузы құмға толып, үсті-басы көкала қойдай. Соған қарамастан «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» деген баппен іс қозғалып отыр.
Роллан өте еңбекқор, іскер болатын. Кәсібін дөңгелетіп, үйленемін деп отырған жігіттің суицидке баруы миға қонбайды. Біздің отбасымыз осы істің әділ тергелуін талап етіп, елбасы, үкімет басшысына дейін шағым түсірдік. Әзірге нәтиже болмай тұр», - дейді Руслан Омаров.
ШҚО тұрғынының сөзінше, Шар қаласындағы бейберекеттік мұнымен тоқтар емес. Себебі, жергілікті жігіттердің бір-біріне өшпенділіктері сонау жетпісінші жылдардан бері жалғасып келсе керек. Тіпті, олар Алматыда да сыйыспай, өңір жігіттері жиналып, талай рет төбелес ұйымдастырған.
«Ролланның жаназасына келген халыққа осы жәйтті әдейі айттым. Өңірге бөліну деген не сұмдық?! Қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Аз ғана қазақпыз. Бүгін менің інім ажал құшып отыр.
Осы өңірге бөлінуді, жауласуды тоқтатыңдар деп айтпаған, жазбаған жерім қалмады. Полицияның бар істейтіні әкімшілік жазаға тартып, айыппұл жазады. Осыған биліктегілер назар аударып, қолға алса»,- деп күрсінді Руслан Омаров.
Оқиғаға қатысты бірнеше медициналық сараптама тағайындалып, тергеу ісі жалғасуда.