Шығыс легиондары һәм Мұстафа Шоқай туралы шындық
Соғыс тұтқындарынан әскери бөлімдер құру идеясы қалай шықты?
Кеңестік тарихнамада Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының сыңаржақ қаралған мәселелерінің бірі – соғыс тұтқындарынан жасақталған әскери құрамалар тарихы. Әрине, жалпы соғыс тұтқындарына «сатқын» деген айып тағылып отырған кезеңде легиондарға кірген тұтқындар туралы сөз көтерудің өзі де мүмкін емес еді. Ал шетелдерде соғыс тұтқындарынан құрылған әскери бөлімдер тарихы кең түрде зерттелген.
Соғыс тұтқындарын саяси үгіт-насихаттық және әскери мақсатта пайдалану Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде-ақ орын алған болатын. Ресейде Австро-Венгрия әскеріне қарсы майданға салу үшін тұтқындардан чех легионы, серб бөлімдері құрылған болатын. Германияда ресейлік соғыс тұтқындарынан А.Бермонт-Авалов басқарған әскери бөлім жасақталған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия қарулы күштерінің қатарында шетелдік еріктілерден әскери бөлімдер құру идеясы Батыс Еуропаның Германия басып алған елдерінде шықты. 1941 жылы 29 маусымда Германияның сыртқы істер министрі Й.Риббентроп Гаагадағы неміс елшісіне Еуропаның барлық дерлік елдерінде Кеңес Одағына қарсы күресу мақсатымен ерікті әскери бөлімдер құруға ұмтылушы топтар бар екендігін хабарлаған. Соғыс жылдарында Норвегияның, Данияның, Финляндияның, Голландияның, Бельгияның, Испанияның, Хорватияның, Үндістан мен араб елдерінің еріктілерінен әскери құрамалар жасақталды.
Кеңес тұтқындарынан әскери бөлімдер құру идеясын жеке адамдар, эмигранттар, тұтқындардың өкілдері және басқа әртүрлі топтар көтерді. Соғыстың алғашқы айларында Германияның Сыртқы істер министрлігіне Иранда тұрып жатқан түрікмен хандары ұрпақтарының бірі хат жазып, онда Түрікменстанның тәуелсіздігі жолындағы күресте пайдалану үшін Германияда түрікмен әскери бөлімдерін құру қажет деген ұсыныс жасаған. Германияның Түркиядағы елшісі Франц фон Папен 1941 жылы 25 шілдеде Сыртқы істер министрлігіне жіберген хатында Кеңес Одағына қарсы күресте үгіт-насихат мақсатында түркі тектес тұтқындарды пайдалану қажеттілігін айтып, оларды жеке лагерьлерге жинауға кеңес берді. Соғыс тұтқындарының ішіндегі Кавказ және түркі халықтарының өкілдерін бөліп алу идеясы бұған дейін А.Розенберг басқарған Шығыс министрлігінде де көтерілген болатын.
Еуропадағы түркі эмигранттары және соғыс тұтқындары
Германияның Сыртқы істер министрлігі Кавказ бен Түркістан халықтарының ұлттық тәуелсіздікті аңсаған ниет-тілектерін Кеңес Одағына қарсы соғыста пайдалану мақсатымен Түркиядағы және Еуропа елдеріндегі эмигранттар және олардың ұйымдары туралы мәліметтер жинастыра бастады. 1941 жылы 9 тамызда Түркиядағы герман елшілігі «Прометей лигасының» М.Шоқай, Э.Ресул-Заде, М.Якуб, С.Сейдахмет, С.Шамил, А.Исхаки, О.Қожа т.б. беделді қайраткерлеріне сипаттама берді: «Польша мен Англияны табанды түрде жақтап жүрген қазандық Аяз Исхаки 1939 жылдың 23 тамызында Түркі мәдени орталығында немістерге қарсы сөз сөйлеген, ал 1940 жылы Сикорскимен кездесу мақсатымен Лондонға барған. Бұқаралық Осман Қожаны соғыстың қарсаңында (1939 жылдың тамызында) ағылшындар Варшавадан Тегеранға алып келді, ол сол уақыттан бері ағылшындарға қызмет етеді, Мұстафа Шоқаев, қазақ, ұзақ жылдан бері орыс ақтарының белгілі жетекшісі Милюковтің пікірлесі, соның Парижде шығаратын «Соңғы жаңалықтар» газетінің тұрақты тілшісі, өзі Берлинде жеке журнал шығарады, оны профессор Йешке мен Сыртқы істер министрлігіндегі Ә.Ыдырыс мырза жақсы біледі». Германия Сыртқы істер министрлігі саяси бөлімінің қызметкері Ә.Ыдырысқа осы хатта аталған адамдарға жеке-жеке сипаттама беруді тапсырды. Ә.Ыдырыс 1941 жылы 5 қыркүйекте жазған баяндамасында Мұстафа Шоқай туралы елшіліктің хатында берілген мәліметтер дұрыс екендігін айта келіп, Шоқайды «ұлтшыл емес», «жартылай орыс», «бұрын орыс-еврей, кейін поляк-еврей марксистеріне қызмет еткен, демократияны жақтаушы, бүгінгі Германияның жауы» деп сипаттап, Шоқай сияқты сенімсіз адамды Германиямен ынтымақтастыққа шақыру аса күдікті әрекет болады деген қаупін білдірді. Алайда немістер түркістандықтар арасында аса беделді, Еуропадағы түркі эмигранттарының көшбасшыларының бірі болған Мұстафа Шоқайды пайдалану ниетінен бірден бас тарта қойған жоқ. Мұстафа Шоқайды пайдалану мүмкіндігі әсіресе Шығыс министрлігін айрықша қызықтырды. Өйткені оны шығыс халықтарының мәселесімен айналысатын барлық мамандар мен дипломаттар түркі эмигранттарының ішіндегі ең көрнекті тұлға ретінде сипаттады. Мәселен, Г.фон Менде түркі халықтарының азаттық күресінің тарихына арналған зерттеуіндегі М.Шоқайдың «Түркістан Кеңестердің билігінде» атты еңбегіне жасаған сілтемесінде оны Түркістан эмигранттарының көшбасшысы деп атаған. Сондықтан Розенбергтің Францияда тұратын Шоқайды Берлинге алғызуы Шоқайдың «немісшілдігіне» емес, неміс түрколог-ғалымдары мен дипломаттары арасында айрықша белгілі болғандығына байланысты еді. Кеңес үкіметінің Шоқайды аса қауіпті жау санауы да осы себептен туған болар. Өйткені Шоқай Еуропадағы кеңестік эмигранттар арасында танымал адам және ол жай ғана саясаткер емес, ғалым ретінде де белгілі, сондай-ақ ол қай елде жүрсе де Түркістанның патриоты болғаны анық. Сталин өкіметінің Қазақстан мен Орта Азияның зиялыларын құртып, енді бас көтеретін ешкім жоқ деп тыныштануына Шоқай бөгет болды. Олар Шоқайдың түркішілдік идеялары Кеңес Одағы тұрғындарының елеулі бөлігін құрап отырған түркі халықтарына ықпал жасауынан қауіптенді. Сондықтан Шоқай қаза тапқаннан кейін де Кеңес өкіметі оның азаттық туралы идеясын Түркістан халықтарының санасынан мүлде өшіру үшін Шоқайды «немістерге қызмет етті, легионның негізін салды» деп айыптап, шейіт кеткен ғазиз жанның есімін қаралады.
Шоқайды Парижден Шығыс министрлігінің талабымен Берлинге алып келді. Мұрағат материалдарына жүгінейік. Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған Ресей комитетінде кеңестік шығыс халықтары мәселесімен айналысатын маман В.фон Хентигке дипломат Рудольф Надольны жазған хатта «тұрандық тұтқындар мәселесін талқылау үшін Розенберг Парижден Мұстафа Шоқайды алдырды..., оның ассистенті – радиода қызмет істейтін жас жігіт Вели Каюм» деген мәліметтер бар. Мария Шоқайдың естеліктерінен Мұстафа Шоқайды нацистер Францияда 1941 жылдың 22 маусымында тұтқынға алғанын, кейінірек босатқанын, ал тамыз айының басында әскери адамдар келіп, Берлинге алып кеткенін білеміз. Берлинге Шоқаймен қатар кеңес эмигранттарының барлығын жинады. Мақсат – оларды кеңестік соғыс тұтқындары лагерьлерін аралау үшін құрылған комиссияларға кіргізу еді.
Соғыс тұтқындары лагерьлерін аралау үшін КСРО аумағындағы халықтардың шетелдегі эмигранттарынан және Ресей тарихын жақсы білетін неміс мамандарынан шамамен 600-ге жуық адамнан 25 комиссия құрылған. Олардың алдына қойған міндет – тұтқындардың туып-өскен жерін, білімі мен мамандығын және көңіл күйін анықтау. Онда тұтқындардың жалпы саны және әскери дәрежелері, білімдері, тамақтануы, киінуі, көңіл күйі түгел есепке алынған. Комиссияның жұмысы кезінде кеңестік тұтқындардан легиондар құру туралы мәселе әлі шешілмеген болатын.
Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында Гитлердің бұйрығы бойынша кеңестік тұтқындар қатарындағы азиаттарды Герман империясының жеріне әкелуге тыйым салынды, олар Польша т.б. немістер басып алған жерлердегі лагерьлерге орналастырылуға тиісті болды. Көктемде легиондар құру туралы әңгіме басталған кезде лагерьлерден түркі тектестерді іздеп тізім жасағанда, олардың арасында өлім-жітім басқа тұтқындарға қарағанда әлдеқайда жоғары екені көрінді. Мысалы, 1941 жылдың маусым-қыркүйек айларында Польша жеріндегі лагерьлерде шамамен 132 мың түркі тектес тұтқын болса, ал 1942 жылдың наурызына дейін олардың 22 мыңы ғана тірі қалған. Бұл жағдайға нацистердің нәсілшілдік саясаты себеп болған. Салттарымыздың ұқсастығына байланысты тұтқындардың бірталай бөлігі еврей ретінде де өлтірілген.
Шығыс министрлігі түркістандықтар ішіндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайды түркі тектес тұтқындардың арасында жүргізілетін үгіт-насихат жұмысында пайдалану үшін алып келді, алайда Шоқайдың лагерьлерді аралаған кездегі көңіл күйі бұл мақсатқа сай келмей қалды. Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафа Шоқайдың лагерьдегі түркістандық тұтқындардың ауыр жағдайына ашық наразылық білдіріп, неміс әкімшілік орындарына хат жазғаны, оны тиісті орындарға тапсыру үшін В.Каюмге бергені, Мұстафа Шоқай қайтыс болғанда Берлинге келген Мария Шоқайға Каюм осы хаттың көшірмесін бергені туралы айтылады. Сондықтан да болар, нацистер Мұстафа Шоқайға күдікпен қарап, оның өмірбаянын қайта тексерген сияқты. Германия Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында Шоқай қайтыс болғаннан кейін жазылған анықтамаға қатысты жазбалар сақталған. Мұстафа Шоқайдың қазасы туралы анықтаманы мазмұнын келісу үшін Сыртқы істер министрлігіне жіберген. Министрліктің қызметкері Швербель анықтаманың Шоқайды «Түркістан ұлттық комитетінің жетекшісі және алғашқы Түркістан ұлттық үкіметінің бұрынғы басшысы» деген жолдарына күдік білдіріп: «Жалпы алғанда, Шоқайоғлы бүкіл Түркістан үкіметінің емес, жеке Қоқан ұлттық үкіметінің жетекшілерінің бірі болған. Ал ол жетекшісі болды деп аталған «Түркістан ұлттық комитеті» бұл жерде аса белгілі емес. Берлинде одан басқа жалғыз түркістандық Вели Каюм бар, анықтамаға да сол қол қойыпты, ал оны Түркияда тұратын түркістандықтардың көпшілігі білмейді», – деп жазған. Алайда анықтамада берілген Шоқай туралы фактілер рас болатын, демек, немістер өздерінің айтқанына көне қоймаған, қандастарының лагерьдегі ауыр жағдайына наразылық білдірген Шоқайдың эмигранттар арасындағы рөлін төмендетуге тырысқан сияқты. Құжаттағы «Түркістан ұлттық комитеті бұл жерде аса белгілі емес» деген сөздер аталған ұйымның нацистерге жағымды ұйымдар қатарында болмағанын көрсетеді. Түркістан ұлттық комитеті кейіннен, легиондар құрылған соң және басшылығына В.Каюм келген соң ғана нацистермен ымыраласқан болуы керек.
Эмигранттар, легионерлер және олардың Түркістанның тәуелсіздігі туралы арман-тілектері нацистік Германияның билеушілері үшін ең басты жау – Кеңес Одағын әлсіретудің құралы ғана болды. Алайда нацистердің үгіт-насихаттық айла-тәсілдері Кеңес өкіметіне түркі эмигранттарын Отанын сатты деп айыптауға мүмкіндік берді, мұның өзі жат жерде халқының азаттығы үшін күресіп, қаза тапқан немесе Отанынан мүлде аластатылып пұшайман болған түркі зиялыларының тағдырын ауырлата түсті. Кеңес өкіметі 1921 жылдың 15 желтоқсанында КСРО төлқұжатын 1922 жылдың 1 маусымына дейін алмаған эмигранттар Кеңес Одағы азаматтығынан айырылады деп мәлімдеді. Демек, Мұстафа Шоқай және басқа түркі эмигранттары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО азаматы болып саналмайтын, сондықтан оларды заң жүзінде (де-юре) Отанын сатқандар қатарына қосуға болмайды. Олардың Отаны — Кеңес Одағы емес, бұрынғы Түркістан болатын, олар осы Отанының азаттығы үшін күресті, әрине, олардың кейбіреулері тәуелсіздік жолындағы күресте одақтас ретінде Германияны таңдады, бұл адасудың да өзіндік объективті себептері бар. Бұл мәселе жеке талдауды қажет етеді, әйтсе де себептердің бірі ретінде дүниежүзілік соғыстар аралығындағы Кеңес Одағы мен Германияның жақындасуы, 1939 жылғы КСРО мен нацистік Германияның ынтымақтастық және достық келісімдері, 1939-1941 жылдары кеңес баспасөзінің фашистердің орнына социал-демократтарды, гитлерлік Германияның орнына батыстың демократиялық елдерін айрықша жамандауы сияқты фактілерді атауға болады. Еуропадағы түркі эмигранттары, соның ішінде Мұстафа Шоқай ата-бабаларының кіндік қаны тамған Түркістанды ақтық демі қалғанша құрметтеп, аңсап өтті.
Шығыс легиондарының құрылуы
1941 жылы 6 қазанда Вермахт Жоғарғы қолбасшылығы 18-армияның құрамында казак (Кубань, Терек, Дон казактары) жүздігін құру туралы бұйрық шығарды. Басқа легиондар туралы бұйрық кешірек шықты. Жалпы алғанда, Германиядағы кеңестік соғыс тұтқындарынан мынадай әскери бөлімдер құрылды: Орыс азаттық армиясы, Ерікті казак дивизиясы, Украин көтерілісшілерінің армиясы, Украин ұлттық армиясы, Белорус өлкелік қорғанысы, Кавказ батальоны, Грузин легионы, Армян легионы, Әзірбайжан легионы, Түркістан легионы, Еділ-татар легионы, Қалмақ атты әскер эскадроны. Батыс зерттеушілерінің мәліметтері бойынша, осы әскери бөлімдерге кірген тұтқындар саны 700 мыңнан 1 миллионға дейін жеткен. Ерікті құрамалардың қолбасшысы, генерал Э.Кестринг Гиммлерге Вермахт құрамындағы еріктілер бөлімдерінде 1 миллионға жуық кеңес азаматтары бар деп хабарлаған. Алайда Германияның әскери мұрағатының материалдарына қарасақ, бұл бөлімдерге тұтқындармен қатар, жау басып алған аймақтардағы жергілікті тұрғындар да кірген. Сонымен қатар тұтқындардан құрылған бөлімдердің барлығы бірдей әскери бөлімдер емес, олардың ішінде жұмысшы бөлімдері де бар. Соғыс жылдарындағы құжаттарда әскери бөлімдерге кіргендерді «шығыс еріктілері» (Ostfreiwillige), ал жұмысшы бөлімдеріне кіргендерді «ерікті көмекшілер» (Hilfswillige) деп атаған. Құжаттарда соңғысы қысқаша «хиви» деген атауға ие болған, «хивилерді» майданға апармаған, оларды қосалқы жұмыстарға пайдаланған. Неміс зерттеушісі Г.Тессин 1943 жылы тікелей соғыс мақсатына пайдалану үшін құрылған шығыс легиондарының 60 бөлімі, 8 казак батальоны, 1 артиллерия бөлімі, 78 компания (топ), 5 батарея болған деген мәлімет береді. Кеңестік шығыс халықтарының өкілдерінен құрылған бөлімдер, жалпы алғанда, Шығыс легиондары деген атауға ие болды. Түркістан легионы да осы топқа енгізілді. 1941 жылы 15 қарашада 444-күзет дивизиясының қатарында Түркістан полкі құрылды. Төрт ротадан тұратын бұл полк 1942 жылдың қысында тек маңызды объектілерді күзету үшін пайдаланылды. Түркістан легионы деген атаумен жеке бөлімдер құру 1942 жылдың ақпанында басталды. Польшада сол айда Түркістан легионының үйрету-жаттығу лагері құрылды да, түркістандық соғыс тұтқындарын легионға кіруге жаппай үгіттеу жұмысы жүргізілді.
Жергілікті зерттеушілер Түркістан легионының құрамында 180 мыңнан 250 мыңға дейін адам болған деп жүр. Бұл неміс тарихшыларының еңбектерінен алынған. Менің тапқан құжаттарыма қарағанда, олардың бәрі бірдей түркістандықтар болмаған. Легиондағы жеке батальондардың ұлттық құрамын қарадым. Бұл батальондардың құрамында қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжіктен басқа грузин, орыс, украин, кавказдық т.б. халықтардың өкілдері де болған. Неміс зерттеушілері легионерлердің жалпы санын қараған, ал ұлттық құрамын жеке-жеке алып санамай, легионның атымен «түркістандықтар» деп атап санаған, сонымен қатар легионерлер қатарына жұмысшы батальондарында болған түркістандықтарды да кіргізіп жіберген.
Кезінде кеңес әдебиетінде легионерлерді эсэсшілермен қатар қою орын алды. Шындығында, легиондар әскери бөлімдер болды, олардың 1944 жылы құрылған Шығыс-мұсылмандық СС бөліміне қатысы болған жоқ. Түркістан легионының басшылары легионерлерге аталған СС бөліміне кіруге тыйым салды. Г. Тессиннің анықтамалығында берілген СС бөлімдерінің тізімінде ешқандай түркі бөлімі көрсетілмеген.
Легиондарға кіруге тұтқындарды итермелеген негізгі себеп – олардың жағдайының аса ауыр болуы, аштық, жазалау, Кеңес өкіметінің оларды сатқын деген айып тағуы, тірі қалуға жанталасу, ата-бабаларының дінін, салт-дәстүрін сыйламаған большевиктерге деген реніш тағы сол сияқты түрлі-түрлі жағдайлар. Мысалы, Чештохау лагерінде 1941 жылдың күзінде 32 мың түркістандық тұтқын болған, аштықтан, азаптан, аурудан қырылуы нәтижесінде 1942 жылдың көктемінде олардың 262-сі ғана тірі қалған. Легионға кіретін еріктілердің тізімін жасауға келгендер лагерьден осы 262 адамды ғана тапқан, құр сүлдері қалған, аштық пен аурудан азап көрген осы 262 адам тірі қалу үшін түгелдей легионға жазылған. Сондықтан легионерлердің барлығын сатқын деу – тым қарабайыр түсінік. Түркістан легионы деген мәселе қазір бізде тым біржақты қаралып жүр. Біреулер оны міндетті түрде ақтайды, екіншілері жамандайды. Легиондар тарихы – Ұлы Отан соғысының ең күрделі және ең кілтипанды беттері, оны ғылыми тұрғыдан объективті түрде зерттеу қажет.