Шымкентте бала көтере алмай жүрген бір топ келіншек емшіге алданғандарын айтты
Емші ме, әлде алаяқ па? Шымкентте бала көтере алмай жүрген бір топ келіншек «алаяқ-емшіге алдандық» деп шу шығарды. Сайрам ауылында тұратын емшіге әйелдер келіп, 250 мыңнан бастап миллион теңгенің арасында ақша берген.
Ал, тәуіп өз кезегінде оларға бала көтересің деп кепілдік беріпті. Бірақ, бала тумақ түгілі келіншектер жарымжан болып жатыр екен. Ал, емші болса керісінше өзін алаяқ әйелдердің құрбанымын деп отыр.
Арысы Ақтау мен Атыраудан, бірі Семей өңірінен келген бұл келіншектер жүзін көрсеткілері келмейді. Барлығы да бір перзентке зар болып, көрінбеген дәрігері мен емшісі қалмағандар. Шымкенттік Ұнсынай Маскееваның бедеу әйелді демде емдейді екен дегенді естіп, алып-ұшып келген оларды емші еш кідірместен қабылдапты. Барлығына бір диагноз қойып, бір ғана емдік шара жүргізіпті. Бірнеше күннен кейін көтердің деп қомақты сыйлық әкелуді бұйырады.
жәбірленуші:
-30-шы мамырда күні көтердің деп шықты. Тест қызарып шықты. УЗИ-ға барсақ ешқандай бала жоқ.
жәбірленуші:
-Мен 700 мың теңге төледім 35 күнге. 700 мыңға кіретіні тампон мен бір майы бар уқалайтын. Бірақ менің жатырым кішірейіп қалды. Осыны айтып барғанымда мен қорқытты кәдімгідей.
Өздері Ұнсынай апа деп атаған емші шытырлатып ақша алғанымен қоймай, тез көтеру үшін жатқан жерін тазалауды бұйырады дейді келіншектер. Яғни, медициналық орталықтың еденін жуып, шаңын сүртсең бала көтеруге мүмкіндік көбейетін көрінеді. Алдандық дегендердің арызын тыңдаған құқыққорғаушы Айгүл Орынбек, қазірдің өзінде опық жегендер саны 40-тан асқанын айтады.
Айгүл Орынбек, құқық қорғаушы:
-Қазақстанның әр түкпірінен өте көп. Атырау жақтан өзінің маткасынан айрылып жатқан қыздар бар, Алматы жақтан 2 трубкасынан айрылып жатқан қыздар бар. Яғни бұл кісі УЗИ-ға түспейсің деп қыздардың сеніміне кіріп, психологиялық тұрғыдан қысым көрсетіп денсаулығына зақым келтіріп отыр ғой. Яғни, қазір реанимацияда жатқан қыздар бар.
Емшінің емінен соң еңірегендермен бірге медициналық орталыққа барғанбыз. Тек, алдымыздан шыққан көмекшілері әуелі емші әйелді жоқ деп, келгендерді беттен алса, артынша тілшілерді ғана ішке кіргізді. 55 жастағы әйел әр пациенттен күндігіне 4 мыңнан артық алған емеспін деп ақталады. Жұртқа жақсылық жасаймын деп өзім қоқан-лоққы естіп жатырмын дейді.
Ұнсынай Маскеева, емші:
-Ақшамды қайтар деп күн сайын телефон арқылы қорқытып жатыр. 2 миллион, 3 миллион бергенбіз деп өтірік соғып жатыр. Өлтіріп кетеміз деп жатқандары да бар.
Жәбір көрдім деген емші қазір 4 адамға қатысты тергеу органдарына арыз түсіріпті. Өз кезегінде Ұнсынай Маскееваға алдандық деген әйелдер де жаппай полицияға шағым жазып жатыр. Емшіден көңілі қалған келіншектер бұл іске елордалық шенеуніктер назар аударса дейді. Себебі, құрығы да ұзын қалтасы да қалың емші күнгейде жазасыз қалуы мүмкін деп қорқады.