Шымкенттік жезөкшелер небары 1000 теңгеге қызмет көрсете береді
Шымкенттегі жеңіл жүрісті жас қыздардың көбі қай өңірден келіп, интимдік қызмет ұсынатыны белгілі болды. Олар Оңтүстік Қазақстанның халқы көп шоғырланған аудандарынан келеді.
Бұл туралы "Балаларды СПИД-тен қорғайық" қорының президенті Жанетта Жазықбаева Шымкенттегі СПИД орталығында өткен басқосуда айтып берді, деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында жыныстық жол арқылы ВИЧ індетін жұқтырғандар саны артып отыр. Мәселен, бұрындары қатерлі дертті тасымалдаушылардың 90 пайызы нашақорлар болса, ал қазір олардың саны 41 пайызға кеміп, 43 пайызы интимдік жол арқылы орын алып отыр. Яғни, жеңіл жүрісті қыздар қатерлі індеттің негізгі тасымалдаушысы.
Мәселен, жыл басынан бері облыста 98 адам қатерлі дерт тасымалдаушысы ретінде тіркелсе, оның тек 12-сі ғана ескірткіге әуестенгендер. СПИД-пен күрес орталығының бөлім басшысы Марат Ысмағұлов осы жайтқа алаңдап отыр.
Қатерлі дерттен қорғану шаралары бойынша мамандар "түнгі көбелектер" арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Өйткені дәл осы жолмен дертке шалдыққандар санының артуы жыныстық қатынас кезінде қорғану жолдарын білмегендіктен немесе оны қолданбағандықтан орын алады.
"Біз коммерциялық жыныстық қызмет көрсетудегі ВИЧ-тің алдын алу шараларында жеңіл жүрісті қыздардың өздерімен де сөйлестік. Олар ата-аналарына оқып жүрмін деп, "түнгі көбелек" атанып кеткен. Жеңілтек қыздардың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Мақтарал, Созақ және Сарыағаш аудандарынан келгендер. Біз олармен тілдескенде неліктен бұл кәсіпті таңдағанын да сұрадық. Айтуларынша, жұмыс уақыты еркін әрі табысы жақсы. Осылайша қыздар оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Алайда қорғану жолы дұрыс деңгейде жүргізілмегендіктен дертті жұқтырушылар көбейіп кеткен.
Бізде жастар интимдік қатынас барысында қорғану жолдарын жақсы меңгерген. Тек 40-50 жастағы еркектердің қорғану жайты көңіл көншітерлік емес. Олар көбіне жеңіл жүрісті қыздармен көңіл қосарда мүшеқап киюден бас тартып жатады. Себебі ләззатты тиісті деңгейде ала алмайды. Сол үшін де егде еркектер қызмет ақысын бірнеше есе артық төлеуге дайын. Мәселен "түнгі көбелектермен" жыныстық қатынаста болу 1000-2000 теңге болса, олар кейде жезөкшелерге көрсеткен қызметі үшін бес мыңға дейін ұсынады. Оңтүстік - еліміздің қаймағы бұзылмаған өңір деп мақтанамыз. Бірақ, нәтиже қуантарлық емес",-деді «Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева.
Аталған қор бұған дейін балаларды СПИД-тен қорғау шараларын қолға алса, бүгінде ересектер арасында да жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде мектеп оқушылары арасында түсіндіру шараларын жиі өткізіп отырады. Тек ауылдық жерлердегі мектеп директорлары олардың бұл әрекетіне қарсы шығып, "балаларды жыныстық қатынасқа түсуге насихаттап жүрсіңдер" деп шағым да айтатын кездер кездескен.
Алайда мамандар мұндай жұмыс мектеп қабырғасы кезінен жүргізілмесе, ертең тым кеш болады деп қабыл қағуда. Өйткені бала жыныстық қатынас тақырыбындағы семинарларсыз-ақ интимдік жолды ғаламтор арқылы біліп алады дейді олар.
"Біз оларға жұқпалы дерттен дұрыс қорғанудың жолдарын үйретуіміз керек. Бәрібір олар бұл қатынасқа түседі. Біздің менталитетке сай емес деп көп ата-ана бұл тақырыпта балаларымен ашық сөйлеспейді. Соның салдарынан сауатсыздық пайда болады. "Секс жоқ" деген заман өтіп кеткен...", - деді басқосуға қатысушылар.
Жиын соңында қатысушылар мектеп бағдарламасынан алынып тасталған "валеология" пәнін қайта енгізу керектігін айтты.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстанда 2854 адам ВИЧ індетін жұқтырғандар тізіміне тіркелген.