Теміржол тарланы
Өмірде өзін-өзі жарнамалағанды, газет бетіне, теледидарға қайта-қайта шыққанды құп көре бермейтін, есесіне, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, елі үшін жасаған игілікті істерін дабыра қылмай-ақ атқара беретін адамдар болады. Сондай тұлғаның бірі — техника ғылымының докторы, профессор Амангелді Жұмағалиұлы Омаров.
А.Омаров теміржол саласында жастайынан еңбек етіп, қызметі сатылап өсті. Бүгінде ол Қазақстан Республикасының инженерлер, Халықаралық көлік және Халықаралық байланыс академияларының академигі, 2003 жылдан бастап Қазақ жол қатынастары университетінің ректоры қызметін атқарып келеді.
30 сәуірде теміржол тарланы атанған А.Омаров 70 жасқа толады. Алайда Амангелді Омаров осы уақытқа дейін ешбір мемлекеттік марапатқа ие болмапты. Әрине, ол кісі – атақ-даңқ, марапатсыз-ақ тек Қазақстанға емес, шетелде де танымал ғалым, іскер, кәсіби басшы. Дегенмен еңбегі ескеріліп, құрмет көрсетіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Аспан ҚАЖЫҒҰЛОВ, техника ғылымының докторы, құрметті теміржолшы:
– Амангелді Жұмағалиұлын ақылшы аға ретінде өте құрметтеймін. Іскерлік қабілетін, ұйымдастырушылығын, парасат-пайымы мен адамгершілігін, ұлтжандылығын, кез келген істі бастаса, аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығын ерекше бағалаймын. Ол кісінің әкесі Жұмағали Омаров та теміржол саласына зор еңбек сіңірген. Алматы теміржол инженерлері институтының ашылуына мұрындық болып, шаңырағын көтерген кісі. Отбасылық династияны жалғап, табысты еңбек етіп келе жатқан Амангелді ағамыздың еңбегі мемлекет тарапынан ескерілмей отырғаны қынжылтады. Біз үшін «теміржолдың генералы» атанған Амангелді Жұмағалиұлы Омаров қандай да болсын марапатқа әбден лайық.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Амангелді бала кезінен әкесі Жұмағалидің ізін басып, болашақта теміржолшы болуды армандайды. Теміржол көлігі инженерлерін дайындайтын Новосібір институтын тамамдап, еңбек жолын Қазақ теміржолының Арыс жол дистанциясында қарапайым жұмысшы болып бастайды. Одан кейін бес жыл Қарағанды жол дистанциясында алғашында жол шебері, кейіннен аға жол шебері болып қызмет етеді. Іскерлігімен көзге түсіп, аталмыш мекемеге бас инженер болып тағайындалады.
1971 жылдың шілдесінде А.Омаров Балқаш жол дистанциясының бастығы, 1972 жылы Қарағанды жол дистанциясының бастығы болып тағайындалады. Одан соң Қарағанды бөлімшесінің бас инженері қызметіне көтеріледі.
1983 жылы Алматы теміржолы бастығының орынбасары болып ауысып, арада сегіз жыл өткен соң аталмыш жолдың бастығы болып тағайындалады. Осы кезеңді үзеңгілес досы әрі теміржол саласына еңбегі сіңген құрметті теміржолшы Жаһанша Ахметов былай деп еске алады:
— Амангелді Омаров Алматы теміржолы бастығының орынбасары болған кезінде жолдың локомотив және вагон деполарын толығымен қайта қалпына келтірді. Арыс, Жамбыл, Шу, Алматы-1 және 2, Семей, Защита тағы басқа теміржол мекемелері күрделі жөндеуден өтіп, байланыс және орталық бақылау орындары жаңартылды. Алматы теміржолында әуелі Шеңгелді-Арыс бағытын электрлендірді. Одан кейін Арыс-Луговой-Шу-Отар-Алматы, Шу-Мойынты бағыттары да толығымен электрлік жүйеге көшті. Луговой-Шу теміржолының электрленген бағытының ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі арнайы қатысып, оң бағасын берген.
1988-90 жылдары Ақтоғай-Алашанькоу бағыты толық күрделі жөндеуден өтіп, Қытайға жол ашылды. Достық бекетінде қысқа мерзімде вокзал іске қосылды. Мектеп, аурухана, қонақүйлер салынып, теміржолшылар отбасына арналған үйлер бой көтерді. Негізі, Ақтоғай–Достық бағыты 1958 жылы әкесі Жұмағали Омаровтың басшылығымен салынған болатын.
Ж.Омаров ол кезде Қазақ теміржолының бас инженері еді. Әкесінің бастағанын 30 жылдан соң баласы жүзеге асырды.
Амангелді Жұмағалиұлының бұл істері қара жұмыстан қашпай, шешім қабылдауда батылдық көрсете отырып, өзіне сеніп тапсырылған қызметін қазағының абыройы, ұлтының мерейіне балап, оны қасиетті ұрпағының бойына сіңіріп келе жатқандығының дәлелі. Басшы болудың қыр-сырын терең меңгерген жан.
А.Жұмағалиұлы 1997 жылы «Қазақстан теміржолы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалады. Одан кейін бұл қызметке жастар келіп, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына ректор болып келеді. Мұнда да тынбай еңбек етіп, академияның материалдық-техникалық базасын жақсартып, студенттердің жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасайды.
А.Омаров 2003 жылдан бастап, Қазақ жол қатынастары университетінің ректоры қызметін атқарып келеді. Оның құрамына Техникалық-экономикалық колледжі де кіреді. Аталмыш университет пен колледж техника және экономика бағытында, көлік және коммуникация мекемелеріне, басқа да еліміздің экономикалық салаларына 16 бакалавр, 9 магистратура, 4 Рһ. D және колледж мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. Оқу орнының лабораториясы, дәріс беретін аудиториясы, компьютермен жабдықталуы, кітапханасы, спорт кешендері, студенттерге арналған жатақханасы — барлығы заманауи қондырғылармен жабдықталған. Университет қызметкерлері жыл сайын шетелдерде білімін жетілдіріп тұрады.
Әміржан ШАЛТЫҚОВ, профессор:
– Амангелді Омаров – қазақтың нағыз арда азаматтарының бірі. Ол – тұлға, текті тұқымның тұяғы, асылдың сынығы. Әкесі Жұмағали Омаров Түрксіб теміржолы құрылысын басқарған Тұрар Рысқұлов, Мұхаметжан Тынышбаевтармен бірге қызметтес болған. Соғыс кезінде Түрксіб теміржолын басқарып, Қазақстаннан майданға қару-жарақ, азық-түлік тасымалдауды ұйымдастырған. Сталиннің өзі Жұмағали Омаровты екі рет қабылдап, іскерлігіне тәнті болған. Қазақстанның басшысы болған Жұмабай Шаяхметовпен жақсы қарым-қатынаста болып, жанұяларына дейін араласып тұрған. Сондай ірі тұлғалардың қасында жүріп, ақыл-кеңесін тыңдап, өнегесін көріп өскен Амангелді де – олардың ізгі қасиеттерін бойына сіңіре білген жан.
А.Омаров қарапайым халықтың әлеуметтік мәселелеріне белсене араласудан қалыс қалған емес. Жыл сайын еңбек және соғыс ардагерлерімен кездесу өткізіп, материалдық көмек беріп отырады. Өткен жылдың наурызында Қазақ жол қатынастары университеті «Қазақстан» ұлттық арнасымен бірлесіп, «Жан жылуы» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Онда кембағал жандардың емделуіне, шетелде ота жасатуларына 2 миллион теңгеден аса қаржы бөлінді.
Жалпы, А.Омаровтың 200-ге жуық ғылыми еңбегі жарық көріп, оннан астамы өндіріске енгізілген. Оның барлығы – теміржол торабы инфрақұрылымының дамуына, теміржол жылдамдығының артуына, тасымалдау қызметі сапасының көтерілуіне байланысты ғылыми жобалар.
Бар ерік-жігерін, қазына жылдарын ел-жұртының мақсат-мұратына арнаған А.Омаровтай ардагер азаматымыздың, аға лектің ғұмыр жолы — бүгінгі буынға үлгі-өнеге әрі сабақ. Қай жерде қызмет жасасын әріптестерін, өскелең ұрпақты ізгі істерге жұмылдыра жүріп, өзінің орнын, отбасының берекесін, бақытын теміржолдан тапты және жиған-тергенін теміржолына беріп келеді. Қазір ағалық жастан аталық жасқа жеткен Амангелді Омаров 70-ке толып отыр. Отбасының тірегі, сүйікті әке, бақытты ата болып отырған ағамыз бен Кәрима жеңгей балаларынан бірнеше немере сүюде.
Көлік және коммуникация экс-министрі Әбілғазы Құсайынов А.Омаровтың кәсіби теміржолшы, көреген, іскер басшы, ұлағатты ұстаз-ғалым ретінде Қазақ елінің өркендеуіне қомақты үлес қосқанын айта келіп, үлгі-өнегеге толы ғибратты еңбек жолын бағалайтынын өзінің алғысхатында жеткізген екен. Сондай-ақ экс-министр мырза алғысхатта бүгінде теміржолшы деген мамандықтың мерейін үстем етіп, туын биікте ұстап жүрген А.Омаровтай азаматпен мақтанатынын атап өтіпті.
Біздің бұған қосарымыз, Алла денсаулық нәсіп етсін дей отырып, осындай азаматтар елде көп болғай дейміз! Мерейтойыңыз құтты болсын, Амангелді аға!