Теңдесі жоқ жәдігер табылды
Ұлт руханияты үшін биылғы жылдың басты жаңалығы Түркістанда орын алды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде әулие бабамыздың қабіріне жабылған арнайы жапқыш табылып, бүгінде оны қалпына келтіру жұмыстары басталып та кетті. Осынау нысан басында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ғалымдардың айтуына қарағанда, қабіржапқыш ортағасырлық қолданбалы өнердің озық туындысы болып табылады екен.
Бұл тұста «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы» мемлекеттік мекемесінің еткен еңбегін атап өткен жөн. Аталмыш мекеме ұжымы соңғы 4-5 жыл көлемінде үлкен-үлкен рухани сілкіністер жасады. Атап айтқанда, бұрын көпшілікке белгісіз болып келген Қожа Ахмет Ясауи бабамызға қатысты құнды деректер мен тарихи ескерткіштер бүгінде мұражай жәдігерлерінің қатарын толтыруда.
Осынау жәдігерлердің соңғысы, яғни қабіржапқыш жасыл түсті барқыттан және түйе жүн матаның бірнеше бөліктерінен құралған. Бетіне былғарыдан және жібек матадан жапсырма өрнектер салынған. Өрнектердің бетіне араб жазулары түсіріліпті. Қабіржапқыштың бүгінге жеткен көлемі 318x210 см, ал «о бастағы көлемі 360x260 см болғанға ұқсайды» дейді зерттеушілер.
Қабіржапқыш жайында біздің уақытқа жеткен деректер аса көп емес. Оны әулие бабамыздың қабіріне кімнің әкеліп жапқаны да беймәлім. Нақты белгілісі – жәдігердің 700 жылдық тарихы бар және оны бабаның басына әкелген Өзбекәлі Жәнібековтің өзі екен. Алғашында, яғни 1946 жылы Алматы қаласының Орталық мұражайына белгісіз біреу келіп, қабіржапқышты 25 рубльге сатып кеткен. Алайда жәдігер өте көне болғандықтан, мұражай қызметкерлері біраз уақыттан кейін оны есептен шығарылатын дүниелердің қатарына жатқызыпты. Сол кезде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мұражайландыру үшін жәдігерлер жинап жүрген Өзағаң жапқышты көріп, оны кесенеге әкеліп тапсырған екен.
Бүгінгі таңда қабіржапқышты қалпына келтіру жұмысымен ҚР Суретшілер одағының мүшесі Айжан Әбдубаитова айналысуда. Белгілі зергер осынау дүниені бүкіләлемдік руханият саласындағы сенсацияға балап отыр. Маманның айтуына қарағанда, қабіржапқыштың қандай әдіспен тоқылғаны бүгінгі ғылымға белгісіз. Оның құпиясы жақын арада ашыла қояды деуге де ешкімнің батылы бармайды. Бұл кәдімгі тұтас кесененің өзі секілді, Тайқазан, ондағы қола шырағдандар, Лауха сияқты қайталанбас құнды туынды. «Шебер осы туындысына бүкіл ғұмырын арнаған болуы да мүмкін» дейді ғалымдар.