"Теріс ағым өкілімен байланысқан, сексуалды құлдықта болуы мүмкін". Талдықорғандық әйел алты айдан бері табылмай жатыр
Талдықорғанда 3 баланың анасы Шолпан Шайзанова 24 мамырда үйінен шығып, қайта оралмаған. 1 айлық сәбиі мен 2 баласын тастап кеткен әйел ізім-ғайым жоғалған. Алты айдан бері төтенше жағдайлар қызметі мен еріктілер ұйымы іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда одан ешқандай нәтиже жоқ. Шолпанның қайда кеткені әлі күнге дейін бәріне жұмбақ болып отыр. Шолпанның күйеуі әйелін іздеп, "Көреміз" бағдарламасына келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Талдықорғандық Болат Шайзанов 14 жыл отасқан әйелінің қайда екенін білмей отыр. Ол әкімдікте жұмыс істейді. Ер адамның сөзінше, әйелі бұрын жоғалмаған. Шолпан кетіп қалғанын оған анасы хабарлапты. Алғашында ол құрбысының үйіне кеткен шығар деп топшылаған. Кейін әйелінің құрбысына телефон шалған, бірақ ол үйде болмай шыққан. Содан кейін ер адам полицияға арыз жазған.
Жетісу облысы Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар министрлігі, еріктілер әйелді іздеумен айналысқан. Алайда ешқандай нәтиже бермеген.
Ер адам әйелімен сүйіп қосылғандарын айтады. Оның сөзінше, әйеліне босанғаннан кейінгі күйзеліс әсер етуі мүмкін. Себебі бұған дейінгі балаларды босанған кезде де күйзеліске ұшыраған екен.
"Ескертіп айтты. Кешкісін жұмыстан келіп, сәбиімді ұстап отырдым, жақындап келіп "мен кетемін" деді. "Қайда" дедім. "Білмеймін" деді", - деп еске алды ол.
Шолпан жоғалып кеткен күн - 24 мамырда үйде енесі, ортаншы қыздары және бір айлық сәбилері болыпты. Шолпанның енесі Тоқтабала Нұрсапанованың айтуынша, нан жоқ екенін көріп, соны айтқан. Ал келіні көршінің үйінен алып келетінін жеткізген. Ал Болат Шайзановтың сөзінше, әйелі нанды әкеліп тастаған, кейін ортаншы қызына кетіп бара жатқанын айтқан. Сондай-ақ, оның сөзінше, бұрындары отбасылық кикілжің де болмаған.
Ер адам бұған дейін әйелі күтпеген сұрақтар қойғанын еске алды. Оның сөзінше, Шолпан бұрын қандай тамақтар жасағанын сұраған. Ал Шолпанның енесі келінінің туыстары оның тамағындағы қара сызықты байқағанын айтады. Сондай-ақ, Болат Шайзанов әйелімен бір ай бойы жөнді сөйлеспегенін жеткізді. Ал аурухана өкілдері әйелдің денсаулығына қатысты ешқандай ақау болмағанын айтты.
Бұл отбасының көршілері де олардың ешқандай теріс қылығын байқамағанын айтады. Ал Аида Төреханова есімді жаңа көршісі Шолпан сол күні өзін біртүрлі ұстағанын, асығып кеткенін көргенін мәлімдеді. Ал басқа куәгерлер әйел жоғалғанына үш күн өткен соң оны Қаратал өзені маңынан көріпті. Олардың сөзінше, Шолпан өзен маңындағы аялдамада біреуді күтіп тұрған.
Шолпанның Динара Нұрпейісова есімді құрбысы да оның оғаш қылығын көрмегенін жеткізді. Ал әйелдің туыстары оның жоғалуын теріс ағым өкілдерімен байланыстырады. Өйткені үйден кетпес бұрын Лолита есімді қызға 5 рет хабарласыпты. Лолита 20 жастағы қыз болып шыққан. Шолпанның әпкесі Ләйлә Қазынабаеваның айтуынша, Лолита Шолпанды білмейтінін жеткізген, бірақ басқа күдікті нөмер болмаған. Сонымен қатар, Шолпан кейінгі кезде күйзелістен қалай арылуға болатыны туралы ізденген екен.
Күдікті саналған Лолитадан да жауап алынған. 20 жастағы қыздың айтуынша, әйел жоғалардан бір апта бұрын хабарласқан. Ол еріктілер ұйымының мүшесі болыпты, сондықтан көптеген жерде нөмірі көрсетілген.
Бағдарлама шыққаннан кейін алматылықтар Шолпанды Саяхаттан көргенін айтқан. Бірақ ол басқа адам болып шыққан.
Полиция департаменті Шолпанды әлі де іздестіріп жатыр. Құзырлы органдар бірінші әйелдің күйеуінен күдіктеніпті. Ал шындық детекторына отырған Болат әйелінің жоғалуына қатысы жоқ екенін айтты, құрылғы оның сөзі шын екенін растады.
Сондай-ақ, бағдарлама барысында күтпеген жаңалық ашылған. 20 жастағы Лолитаның анасы Светлана бағдарламаға хабарласып, қызының жігіті туралы айтқан. Оның сөзінше, Лолитаның жігіті Артур жоғалған Шолпанмен араласқан. Ал Лолитаның телефоны Шолпан хабарласқан кезде өзінде емес, Артурда болған. Сонымен қатар, ол Айша есімді адамды атаған. Артур мен Айша жақын достар екен. Айша жеңгетайлықпен айналысқан. Светлана үлкен қызы Екатерина да жуырда осындай сексуалды құлдықтан босап шыққанын мәлімдеген.
Бағдарлама тілшілері Айшамен хабарласқан, ол да Екатерина секілді жезөкшелікпен айналысқанын айтқан. Бірақ Шолпанның жұмбаққа толы жоғалуы туралы басқа мәліметтер жоқ әрі қайда кеткені әлі белгісіз, сондықтан бағдарлама алда да әйелді іздеуді бақылауларына алатынын хабарлады.