Түркия мен Сириядағы табиғи апаттар әсіресе Алматы үшін үлкен сабақ болуы тиіс – Үкімет басшысы
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің Telegram каналына сілтеме жасап.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, жалақының өсу қарқыны бойынша Алматы соңғы 10 жылда республикалық орташа деңгейден төмен болып келеді.
«Алматылықтардың нақты ақшалай кірістерінің жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ету қажет. Бұл – кешенді жұмыс. Ең алдымен, жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартудың жоғары қарқынын сақтап қалуға көңіл бөлу керек», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру жұмыстары инфляцияны тежеу шараларын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті алыпсатарлардың әрекеті тек қалада ғана емес, бүкіл республика бойынша азық-түлік пен басқа да тауарлардың құнына әсер ететіндіктен, базарлардағы, оның ішінде «Алтын Ордадағы» баға белгілеуді жіті қадағалау қажет.
Премьер-Министр сонымен қатар бәсекелестікті дамыту үшін Алматы агломерациясының шығыс және солтүстік бөліктерінде қосымша сауда алаңдарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Премьер-Министр сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Түркия мен Сирияда болған табиғи апаттар біздің еліміз үшін, әсіресе Алматы үшін үлкен сабақ болуы тиіс.
Ол соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгенін атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруы тиіс.
«Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау процестерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек», — деді Әлихан Смайылов.