Түркістанда полиция ғимаратының жанындағы саунада қыздар тәнін саудалап жүр (видео)
Қазақстанның ғана емес, барша түркі халқының рухани астанасы саналатын Түркістанда жезөкшелер емін-еркін тәнін саудалап жүр.
Сорақысы сол, олардың «ордасы», яғни жеңіл жүрісті қыздар шоғырланған сауна ішкі істер басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдігі отыратын ғимараттың дәл жанында орналасқан екен. Бұл туралы жергілікті тұрғындардың бірі мәлімдеп отыр.
Қала тұрғыны аталған саунаға видеокамерамен кіріп, жезөкшенің бірімен саудаласқан.
— Қыздар бар ма?
— Жалғыз өзіңіз бе?
— Иә!
— Саунаның сағаты — 4 000 теңге, мен 6 000 теңге тұрамын, — дейді тәнін саудалаған бойжеткен.
Видео авторының айтуынша, бұл сауна оңтүстік өңіріне танымал лауазымды тұлғаға тиесілі екен. Содан болса керек, құқық қорғау органдары бұл жерді тексеріп бас сұға бермейтін көрінеді.
Саунаның жезөкшелер ордасына айналғанын осы маңда тұратын тұрғындар да растап отыр. Зейнеткерлердің айтуынша, моншаға күн сайын жартылай жалаңаш киінген қыздар келіп, бірнеше сағатқа кіріп кетеді екен. Кешкісін олар жиі төбелес те ұйымдастырады дейді саунаға көрші тұратын зейнеткер әйел.
Айта кетейік, биыл Түркістан қаласы облыс орталығы деген статусқа ие болды. Өңірдің бүкіл билігі қазір жаппай «рухани астанаға» көшіп жатыр.