Ұлттық мектепті ұстай алмадық
Ұлттық мектеп қандай болу керек? Оның орайлы үлгісі бар ма? Жоқ болса, қандай алғышарттарға сүйеніп жасаған жөн? Нені басты назарға ұстауымыз керек? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Біздің ойымызша, ұлттық мектеп – болған. Ол – 1993 жылы ашылып, 1996 жылы қаржы тапшылығынан жабылуға мәжбүр болған Алма апайдың мектебі. Кәдімгі біртуар ғалым, тамаша ұстаз Алма Қыраубаева ашқан мектеп.
Мектептің тарихы
Алма Мүтәліпқызы қазақ баласының ұлттық болмысын, мәдениетін, ділін қалыптастыратын жүйелі білім беру тәсілін іске асыруды армандайтын. Қазақтың ұлттық университеті қабырғасында студент, оқытушы бола жүріп, өзінің ұстазы Бейсембай Кенжебаевтан зор тәлім ала жүріп, Алма апай көңіл түкпірінде нағыз қазақы тәрбие беретін мектеп ашуды үнемі ойлап жүреді. «Бiзде қазақ мектебi бар, бiрақ ұлттық мектеп жасалған жоқ. Ұлттық мектеп – қазақ тiлiнде оқытатын, ұлттық сананы, рухты қалыптастыратын мектеп» деп білетін ұстаз. Ақыры 1993 жылы өзі тұрып жатқан Алматы облысы, Қаскелең ауданындағы Ораз Жандосов ауылында гуманитарлық қазақ мәдениетi мектеп-лицейiн ашты. Бұл «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кетіп жатқан аса бір ауыр жылдар еді. Жұрт білгенін емес, үстіне кигенін, аузына тапқанын медет көретін шақ болатын. Сондықтан ба, көпшіліктің ішінде «жеке мектеп» дегендi дұрыс түсiнбей, «көлденең пайда табудың көзi» деп санаушылар да болды. Өзінің табандылығының арқасында Алма апай үш баламен пәтерде жүрiп, бiр бөлмелi пәтерiн кепiлдiкке салып, мектеп ашты.
«Соңғы екi жылғы өмiрiмдi тек осы идеяны жүзеге асыру үшiн сарп етудемiн. Сенесiң бе, автобуста келе жатып, тұрып ұйықтайтын кездерiм де болады. Егер осы iзгi мақсат менi алға сүйремесе, баяғыда құлап қалар ма едiм, кiм бiлсiн? Ең жақсысы, менi түсiнетiн жақын адамдарым бар, достарым бар» депті бірде Алма апай.
Ерте ашылған мектеп
Иә, Алма апайдың осы мектебі нағыз қазақы білімнің құтты шаңырағы еді. А.Қыраубаева «Сенім» атты жаңа бағдарлама жасады. Онда ұлттық мектептің барлық талаптары айқын көрсетілді.
О.Жандосов ауылындағы мектеп бірте-бірте көптің аузына іліне бастады. Онда мынадай талаптар қабылданды:
а) Ұл балалармен – «мырза», қыздармен «бикеш» деп сөйлесу;
ә) Жас мұғалiм қыздарды «бике» деп, үлкен адамдарды «бибі» деп атау. Мысалы, Алма апай – Алма бибі;
б) Балаға «сен» деген сөздi қолданбау, «сiз» деп қадірлеу. Осыдан-ақ балалар өздерiне деген құрметтi сезiнедi.
Лицейдiң алғашқы шәкірттерінің бірі, жаңа ашылған кезде 1-сыныпқа барған Салтанат Бәйтікова бикеш сол оқу ордасын әлі күнге сағынады. «Мен достарыма лицей жайлы әңгiмелеп бергенiмде, олар қызығып, «сен қандай бақыттысың, ондай мектепте оқу арман ғой» дедi. Бiзге ешқашан қайталанбайтын, еш мектепке ұқсамайтын арман мектебiн ашып, оқытқан Алма бибiнi мақтан тұтып, сағынамын. Өзiңiз айтыңызшы, қай мектептiң оқушысы ғылым кандидатынан дәрiс алу мүмкіндігіне ие болды? Ертегiдей ғажап күндердi сыйлаған Алма бибiге бас иемiн, қиналған сәттерде лицейдегi күндерiмді есіме алып, батыл шешiмге бет бұрамын. Ұстазымыз бiзге батыл болуды, бiлiм мен ақылды серік етіп, өмiрдi сүюге үйреттi» деп еске алады ол.
Ертегінің соңы
Өз үйiн «қазақ балаларын оқытамын» деп кепiлдiкке қойып, өзі жатақханада тұрған Алма Мүтәліпқызының асыл арманына 1996 жылы нүкте қойылды. О.Жандосов ауылындағы гуманитарлық қазақ мәдениетi мектеп-лицейi қаржы тапшылығынан жабылып қалды... Алтын ұяның кiшкене мырзалары мен бикештерi өмiрдегi ертегiнiң осылай аяқталғанына өкiндi.
Алма апай өзінің саналы ғұмырын халық ағарту саласына жұмсады. Қазіргі ақпарат майданында жүрген азаматтар, тіл мамандары, әдебиетшілер өздерінің Алма Мүтәліпқызынан дәріс тыңдағанын мақтан тұтады. Өздерін Алма апайдың шәкірті санайды. А.Қыраубайқызы 2001 жылдың 5 ақпанында ауыр науқастан қайтыс болды.
Апайдың үш ұлы – Ұлар, Бұлан, Бағлан бүгінде ержетіп, әрқайсысы өз алдына үй болған. Олар өз аналарының бас болуымен өмірге келген «Сенім» бағдарламасының Маңғыстау, Қызылорда өңірлерінде қолданылып жатқанын көңілдеріне медеу етеді.
Алма апайдың мектебі болған ғимараттың қазіргі халі нешік? Бүгінде ол – «Сұлулық салоны», «Кавказ кәуабы», «Шаштараз» сияқты түрлі жазуы бар тұрмыс қажетін өтеу орны... «Осыдан 13 жыл бұрын осы ғимаратта нағыз ұлттық мектеп болған» деген естелікті ызыңдап жел айтар, ағайын-туыс, ел айтар...
Самал ДӘРІБАЙҰЛЫ, филология ғылымының кандидаты, доцент, Алма апайдың шәкірті:
«Ол бiр ертегiдегi мектеп едi. Алғашқыда 70-тей оқушы болды. Апайымыз қазақтың ұлттық ерекшелігін басты ұстын етіп, «Сенiм» бағдарламасын жасады. Жобаны жүзеге асыруда аздап жүрексiндiк. Менiңше, мектеп 1993 жылы емес, одан сәл кештеу ашылғанда өмiршең болар ма едi?.. Апайдың жүзеге аспаған қаншама жоспары бар болатын. Лицейге оқу орнын ендi тәмамдаған бiздердi мұғалім етіп таңдады. Жаңаша көзқарасты жаңа буыннан iздегенi болар. «Қыз әдебi», «Елтану», «Ислам мәдениетi» сабақтары жүрдi. Үзіліске шақырған қоңырауды күмбiрлеген күймен ауыстырдық. Бiр апта Қорқыттың күйi орындалып, оның шығу тарихы жайлы мәлiмет тақтайшаға iлiндi. Бала оны бүгiн оқымаса, ертең оқиды, осылай күйдi танытудың, тыңдатудың жолын таптық».