Улы ойыншықтар ұрпағымыздың түбіне жетпесін...
Оң-солын енді ғана тани бастаған баланың санасы қалам тимеген ақ қағаз сияқты тап-таза. Миы да түрен тимеген тыңдай. Тек сол санаға қандай да бір дән себу – өз қолымызда. Ал сәбидің санасына ненің дәнін сеуіп жүрміз? Бұл – ойланатын мәселе. Ұлттық тәрбиенің тал бесігіне салып, қазақы қалыпқа құйып отырмыз десек, жалған айтқан болар едік.
Бала тәрбиесіне бүгінде теледидардың ықпалы күшті. Қытайдан ағылған зиянды ойыншықтардың да орны бекем. Көзін тырнап ашқаннан басы жастыққа тигенше, телеарналардан шетелдің басы үшбұрышты, төртбұрышты, ұсқынсыз, не екені беймәлім кейіпкерлері бар мультфильмдерін көреді. Одан қалды, қытайлық сиықсыз ойыншықтар да ермек. Теледидардан көргенін жасайды. Біз болсақ, қан-жоса, қырғын-жорықты шімірікпестен балаға көрсетіп, ұсқынсыз, улы ойыншықтармен ойната отырып, ұрпаққа берер ұлттық құндылықтар туралы айтқымыз келеді.
Қытайдан ағылып жатқан ойыншықтардың пайдасынан гөрі зияны көп екені айтылудан кенде емес. Бірақ өзімізде жоқ ойыншық индустриясы көршімізге амалсыз жүгіндірді. Қытай көршіміз «сүтті сиырын» беріп отырған жоқ. Зерттеулер ойыншықтардың зиянды екенін дәлелдеуден бір тынған емес. Мәселен, баз бір жылдары америкалық Mattel компаниясы өздерінің Қытайда жасатқан 18 миллионға жуық ойыншығын дүкен сөрелерiнен алдыртып тастағаны мәлім. Себебi америкалық кәсiпорынның тапсырысын орындаған қытайлық Dong Lian және Yip Sing компаниялары ойыншықтарға құрамында белгiленген мөлшерден көп мырышы бар бояуларды пайдаланыпты. Мырыш әсiресе нәрестелер мен кiшкентай балалар үшiн аса қауiптi. Ағзаға енген мырыш миды зақымдайды дейді мәліметтер. Бағамдасақ, қытайлық ойыншықтардың залалдығына әлем жұртшылығы да алаң. Олар алаңдап қана қоймай, қам-қарекет жасап та үлгеруде. Арнайы заң-зәкүндерін қабылдап та тастапты.
Көзі қысық, өзі пысық көршіміздің күл-қоқыстан құрастырған зиянды ойыншықтарын Солтүстік Америка мен Австралияның дүкендерінде сатуға тыйым салынған. Ресей елі де Қытай ойыншықтарын зерттеу нәтижесінде оның құрамында улы химиялық заттардың көптігін анықтаған соң, дайын өнімдерді кері қайтарып, тіпті осыған байланысты арнайы заң қабылдады деген дерек те бар.
Мамандардың айтуынша, Қытайдан келген ойыншықтар халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Олардың құрамындағы зиянды химиялық заттар: фенол – бекiтiлген нормадан 1,2-1,4 есе; қорғасын – 1,7; кадмий – 1,6-4,0; формальдегид 1,2-4,1 есе артық. Химиялық зиянды заттар фенол, формальдегид бала жүйкесiне әсер етедi, терiге тез сiңедi. Ауыр металл тұздары: кадмий, қорғасын улы химиялық заттардың құрамына кiредi. Мәселен, кадмий тыныс алу жолдары мен асқазанға зиянды әсер етсе, қорғасын ағзада жиналып, созылмалы улануға себеп болады екен. Ал осындағы фенолды алайық. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 27 ақпандағы №201 қаулысымен бекітілген «Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентінде фенолдың мөлшері 0,05-тен аспауы керек деп нақты көрсетілген. Формальдегид 0,003-тен артық болмауы тиіс. Кадмий қаулы-қарармен бекітілген тізімде атымен жоқ. Өйткені ол – жоғары улы металл, батарейкаға пайдаланылады. Алайда тізімде болмаса да, ол ойыншықтардың құрамында бар. Формальдегид те жетісіп тұрған жоқ, өте улы зат, өлі денелерді сақтауға пайдаланылады. Бірақ сөйте тұра, осындай улы заттардың жиынтығымен сәбилер күнде ойнайды. Дәрігерлер сәбилер арасында бұл күнде әртүрлі аллергия ауруының да күрт көбейіп отырғанын жасырмайды. Оның бір себебін қытайлық ойыншықтардан іздесек, адаспаймыз. Алдағы уақытта әлемдегі ойыншық индустриясының 75 пайызын қытайлықтар шығаруы мүмкін деген мәлімет тағы бар.
Қытай ойыншық өндірісі қауымдастығының дерегіне қарағанда, онда 30 мыңға жуық әртүрлі ойыншық шығарылады. Қазіргі таңда балаларға арналған Қытай экспортын, негізінен, Орталық Азия елдері мен АҚШ және Еуроодаққа кіретін мемлекеттер тұтынатын болып отыр. Еуроодақ елдері Қытайға қатаң талап қойған. Онда олар қытайлық өндірушілер ойыншықтардың қауіпсіздігіне назар аударуы тиіс деген талапты ұстаныпты. Ал біз ше? Біздің ұстанғанымыз қандай? Қытайдың айтулы фирма-компаниялары емес, кооперативтері шығарған ойыншықтарының сырт келбеті, сықпытының өзі бала түгіл, үлкен адамды шошытқандай. Басы үлкен, көзі дәу. Аяқ-қолы мен денесінің пропорциясы сақталмаған мүгедек, жарымжан ойыншықтар. Мұның бала психологиясына кері әсер ететінін психологтер де айтып отыр.
Ерлан МҰСТАФИН, психолог:
– Ойыншық – бала үшін күнделікті тұтынатын әлеуметтік құралы. Сондықтан да ол баланың жүйкесіне, мінез-құлқына әсер етпей қоймайды. Мәселен, үлкендер газет оқып, интернетті пайдаланатыны секілді, ойыншықтың да ықпалы балаға дәл сондай. Баланың қалыптасуына, ой-өрісін кеңейтуде ойыншықтың маңызы зор. Қытайлық ойыншықтардың сапасыздығына келісемін. Біріншіден, ол ойыншықты жасау үшін ойлап табу керек емес пе? Ал оны ойлап тапқандар – біздің ұлттың менталитетінен бейхабар адамдар. Сондықтан олар өздеріне бейімдеп жасайды. Осыдан келіп баланың болмыс-бітімінде қайшылықтар пайда болады. Балаға кері әсер етеді. Екіншіден, Қытайдың атақты, сапалы компаниялары жасаған ойыншықтар емес, кооперативтерінің өнімдері бүгінде нарықта жүр. Ал олардың сапасының қаншалықты екенін көзіміз көріп отыр.
Мән-мағынасыз мультфильмдер ұрпағымыздың санасын уласа, денсаулығын қытайлық ойыншықтар құртып жатыр. Мультфильм демекші, осы арада айтпай кетпеске болмас. Бұдан біраз бұрын ресейлік бір телеарна шетелдің мультфильміндегі ұсқынсыз бейнелерді ондағы мультипликаторлардың есірткі шегіп алып бейнелейтінін ашық айтты. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені бауыр еті балаларымыз күнде теледидардан көретін мультфильмдегі ұсқынсыз кейіпкерлер сау адамның қолынан шыққан дүние еместігін аңғару қиын емес. Оны білу үшін асқан данышпан болудың да қажеті жоқ. Сосын ертең безбүйрек ұл, мейірімсіз қыз қайдан шықты демейік...
Жалпы, білгіштер біздің елімізде ойыншық шығаратын шикізат та, мүмкіндік те бар деседі. Тек қолдау қажет. Сонымен қатар ойыншыққа сұраныс өспесе, кемімейтінін де деректер көлденең тартады. Тіпті Ресейдің өзінде ойыншық нарығының 80 пайызын Қытай жауып отырса керек. Демек, Қытайдан ағылған улы ойыншық алдағы жылдарда да айылын жимайды. Бұл арада қазақ та өзге елдер сияқты, Қытайға ескерту жасауы керек секілді.