Ұлықбектің «Қара пимасы» қайда?
«Ғаламдық жылыну» атты құбылыс атқа мінгелі біраз жыл өткенімен, соңғы бірер жылда қыстың қаһары қатты болып-ақ тұр. Әріге бармай-ақ, былтырғы қыс пен биылғы бір-екі үсік пен боранның өзі есімізді жидырғанын ойға алсақ жетеді. Осындайда ойымызға жүнбайпақ оралады. Ел ішінде пима деген атымен белгілі жүнбайпақты кәдімгі қойдың жүнінен жасайды. Жасау технологиясы да ерте бастан қалыптасқан. Кеңестік кезеңде, сонау Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО әскерін қатал қыстардан аман алып шыққан – осы жүнбайпақ.
Қазақстанда жылына 40 мың тонна (!) жүн өртеліп кететіні туралы газетіміздің өткен жылғы 26 қарашадағы санында жазған болатынбыз. Онда жылына екі мәрте қырқылатын күзем жүн мен жабағы жүннің тек өртелетінін ғана айтқанбыз. Ал Шопаната түлігі торқа-тонының сай-салада шашылып, бұта түбіне, шөп-шаламға жабысып, сол арқылы аң мен малдың ішіне қайта түсетінін, соның салдарынан дерт боп жабысатынын таратпағанбыз. Шынтуайтында, Қазақстанда неге жүнбайпақ өндірісі кенжелеп отыр?
Жүнбайпақ өндірісі қазір Қазақстанның бес аймағында жолға қойылған. Онда да тек қыс күндері ғана тауар өткізе алатын фабрикаларда әлі күнге кеңестік ежелгі ырдуан құрылғылар қолданыста болса керек. Елдегі жүнбайпақ өндірісінің алдыңғы шебінде жылына шамамен 150 мың жұп пима басатын Қостанайдағы фабрика тұр екен. Қостанайлық фабриканың өнімін ел ішіндегі теміржолшылар мен ресейлік мұнайшылар сатып алады. Табаны резеңкемен қапталып, тұмсығы лакталатын пимаға су да сіңе қоймайды.
Ал Қарағандыдағы орталық базарда балаларға, үлкендерге арналған қара, қоңыр жүнбайпақтар 2000-6000 теңге аралығында саудаланып тұр. Қырғызстаннан әкелінген. Қазақстандық пиманы сатушылар білмейді екен.
Пошымы ебедейсіздеу, табаны мен қонышының қалыңдығы бірдей. Сауда сөресінен балаларға арналған шағын қоңыр пима да табылады. Табандалған пимаңыз 2500 теңге тұрады. Бұл да Қырғызстаннан әкелінген. Шетелден келген адам болса, Қазақстанда қой өнімін ұқсату дамымаған деп ойлап қалуы әбден мүмкін.
Қарағандылық «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің мамандары соңғы бірер жылда облыстың Ақтоғай ауданындағы Шабанбай ауылы мен Ұлытау ауданының Талдысай ауылы тұрғындарына жүн сабап, байпақ басу курстарын өткізіп, экологиялық мақсатта келген қыдырымпаз-туристерге сый-кәде жасау жолдарын үйретуде. Әлбетте, байпақ басып, жүн сабау қазаққа таңсық дүние емес. Киіз үймен әлемді шарлаған аталарымыздың кәсібі заман талабы мен ыңғайына қарай ұмыт болғаны анық. Тек қойдың жүнін керексіз деп танып отырған қазіргі күні киіз басуды қайыра қолға алса, артық болмас еді-ау. Мәселен, бір келі жүнді 300 теңгеге сатып алдыңыз делік. Бір байпақ басып шығу үшін 300 грамм жүн жұмсалатын болса, бір келі жүннен 3 пима жасауға болады. Ал бір пиманы 1000 теңгеден сатқанның өзінде 10 есе артық табыс табуға болады ғой. Арнайы жүн қайнататын бөлмеңіз бен таптайтын ауыр салмаңыз болса, оған түрлі дизайндағы қалып пен бояу қоссаңыз, шағын цех жұмысқа әзір. Біздікі құрғақ ақыл болғанымен, өзгенің дүниесіне тамсана бергеннен түк өнбейтіні белгілі.
Сонау жылдары қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет ағамыздың сөзіне Алтынбек Қоразбаев ән жазып, елге тараған «Қара пима» әніне кейін шағын фильм де түсірілгені есте. Иә, ол жылдары ел қытайлық, бішкектік арзанқол былғары етікпен қыстан шығатын. Пима қала халқына керек болмаса да, ауыл мен өнеркәсіп орындарына аса керек-ақ. Ал біздің шаруалар жүнді қайда тығарын білмей өртеп не сай-салаға апарып үйіп, көміп тастаумен қашанға дейін айналысады екен?..
Дерек-дәйек
Пима (біздіңше, байпақ) – Сібір халықтарының бұлан, бұғы терілерінен тігетін ұзын қонышты қыстық етігі. Кейбір деректер бойынша, Еуразия көшпелілерінің жүннен жасалған етігі 1,5 мың жылдан бері белгілі-міс.
ХХ ғасыр басында Ресейдің Нижегород, Кострома губернияларында байпақ басу орталықтары болған. 1900 жылы Ресей фабрикаларында 1 миллион 400 мың жұп байпақ басып шығарылған. Бір жұп байпақтың бағасы 1,5 сом болыпты.
Қазір Ресейде жылына шамамен 4,5 миллион байпақ басылып шығарылады. Байпақты газ-мұнай, теміржол, ыстық пешті өндіріс орындарында арнайы киім ретінде киеді.
2004 жылы Семейдегі «Роза» ЖШС-і елде ең үлкен байпақ жасап шығарды. Өлшемі – 106, қонышының биіктігі – 178 сантиметр, салмағы – 16,5 келі.