Ұстаз аға ұлағаты
«Социалистік Қазақстан» газеті ұжымы үшін (қазіргі «Егемен Қазақстан») 1973 жылдың бірінші жартысы өте ауыр болды. Біразға созылған ауыр науқастан айыға алмай, редакторымыз Ұзақ Бағаев қайтыс болды. Қазақ қауымын қатты шайқалтқан бұл қазадан сәл бұрын сол Ұзақ ағаның бірінші орынбасары қызметіндегі Сапаржан Хайдаров дүниеден өтті. Осылайша жарты жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде екі бірдей басшысынан, қазақтың екі мықты қаламгерінен, аяулы азаматтарынан айырылып қалған үлкен газет ұжымы жетімсіреп-ақ қалдық. Өмір ағысы өз дегенін істемей қоймайды. Тіршілік тызылы жалғаса берді. Газет шығып жатты. Ай соңынан ай өтіп, күзге іліктік. «Әне келеді, міне келеді» деп күткенмен, газетке басшы келе қоймады. Сөйтіп, газет шығару шаруашылығының тірлігімен қоңырсалқындау, қоңыртөбелдеу күй кешіп жүрген ұжым күздің жуан ортасына іліккен бір күні елпең-желпең етіп, гуілдей жөнелді. «Орталық Комитетте (Қазақстан Компартиясы деген сөз қосылмай, осылай қысқартылып айтыла беретін) газет редакторы бекітіліпті, жұмыстың соңына қарай орнына отырғызып, ұжыммен таныстырады екен» деген хабар шықты.
Газет қызметкерлері бір-бірінен «кім екен?» деп сұраса бастады. Әр ұжымның үлкен-кішісі болады. Жаңалықтың бәрін, әсіресе аса маңыздыларын, басқадан бұрын еститіндері болады. Біздің ұжымдағы үлкендер, құлақтары түрік жүретіндер бірінші, екінші, үшінші басшыдан кейінгі ортадағы жетекші буын бөлім меңгерушілері болатын. Олардың оң қолдары — аға әдеби қызметкерлер де көп жағдаяттарды бізден бұрын сезіп, біліп жүретін. «Біз» деп отырғаным — кішілер, жас жағынан емес, шығармашылық құрамдағы қызмет сатысы жағынан кіші әдеби қызметкерлер. Мен хабар бөлімінің әдеби қызметкері едім. Редакцияда істей бастағаныма екі жыл болып қалған. Бұл үлкен газет редакциясы үшін көп уақыт емес. Сондықтан жас әрі жаңа қызметкер санатындамын. Білгім, естігім келіп тұрса да, ешкімнен қадалып ештеңе сұрай қоймадым. Бір кабинетте қарсы үстелде отыратын бөлім бастығым Совет Шиманбаевтан жай ғана сыр тартқым келіп еді, Совет ағам «естисің ғой, асықпа» деп, айта қоймайтын ыңғай танытты. Редакцияда әйел заты өкілдері санаулы-ақ болатын. Бибіш, Сәнәм сияқты тіс қаққан машинистка апайлар тобы, ішінде жасы Шолпан бар, бір бөлмеде отыратын. Оларға қалай болса, солай кіріп кете алмайтынмын. Мені қойып, бөлім бастығы, азулы аға қызметкерлер Дәрібай, Ғалымжан, Тәжібайлар олардан тайсақтап жүретін. Қай шаруаның болсын рет-ретімен жүруін, тәртіпті ұнататын марқұм Бибіш апа отырған бөлменің есігін арнайы жұмысымыз болмаса, аша бермейтінбіз. Әйел қызметкерлердің бір бөлігі еңбекшілер хаттары бөлімінде отыратын. Жайшылықта жайдары Нәзигүл, Сарагүл апайларымды жағалап, кіріп едім, олар да өте маңғаз отыр екен. «Біліп отыр, бірақ айтпайды, сұрамай-ақ қояйын» деп ойладым, қызмет орнымда қағаздарымды қарап, тып-тыныш күтейін деп шештім. Көпшілік болған соң, жігіттер жағы емін-еркіндеу. Бір-біріне кіріп-шығып, екіден-үштен сөйлесе қалып, жұмыс бөлмелерінде байыздап отыра алмай, жиі жүргіштеп, жиналыс болар уақытты дегбірсіздене күткені байқалып тұрды. Үлкен редакцияның сол күнгі сырткөзге байқала бермейтін ішкі тыныс-тіршілігінен мен бірінші басшысы жоқ мекеме ұжымының иесіздік хал кешіп, қиналатынын айрықша сезген едім. Әрине, басшының бәрі бірдей емес. Басшының жақсысын да, жаманын да көретін де, көтеретін де, ең әуелі, оның қарауындағы еңбек ұжымы, қала берді, елі, халқы. Ал «Социалистік Қазақстан» газеті сияқты «Орталық Комитеттің өзі емес, бірақ Орталық Комитеттен кем емес» мемлекеттік баспасөздің басшысы болған газеттің бас редакторына жан-жақтан, жоғары-төменнен қойылатын талап та, сын да, жауапкершілік те орасан ауыр еді. Содан да болар, сондай үлкен сынға лайық болған кім екен деп, дегбірсіздене күткеніміз. Содан да болар, осындай аса жауапты орынға келетін кісінің аты-жөнін алдын ала білсе де, ресми белгілі болғанға дейін айтуға асықпайтын әдеттің қалыптасып, жазылмаған қағидаға айналғаны.
Мен мұның бәрін іштей сезіп біліп, түсініп, маған айта қоймады-ау деп ренжіген жоқпын. Ал өзімнің еш хабарсыз болғаным – менің газет өміріне араласқанға дейінгі уақытта мүлдем басқа салада, ресми ортаның ішкі өмірінен алыстау, бейхабарлау жүретін ғылыми ортадан келгендігімнен екенін де білдім. Сондықтан асықпай әліптің артын бағып, кім болса да үлкен орынға лайық үлкен жүректі жан келсе екен деп тіледім. Бұл бір менің ғана емес, көптің тілегі еді.
Кештете жиналысқа шақыру хабары келді. Редакция қызметкерлері бірнеше ай бойына есігі жабық тұрған бас редактордың кең де еңселі бөлмесіне жапырлай кіріп, төргі үлкен үстел басында отырған ел ағаларына бас изей амандасып, қабырғаны жағалай жайғастық. Көп ұзамай-ақ жиналыс басталып кетті. Орталық Комитеттен келген орта бойлы, дөңгелек жүзді Дәуірхан Айдаров деген кісі «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалған жазушы-журналист, ғалым-зерттеуші Сапар Байжановты таныстыруға, жаңа қызметіне кірісуіне жол болсын айтуға келгенін бір сыдырғы қоңыр үнмен асықпай айтып шықты. Жаңа басшымыздың еңбек жолы, өмірбаяны оқылды. Осылайша саябырлау басталған жиын сөз кезегі ұжым мүшелеріне тигенде, қызып ала жөнелді. Жиналыс басқарушы «айтар тілек, пікір бар ма?» деп айтуы-ақ мұң екен, әр тұстан үш-төрт қол қатарласа көтерілді. Бірінен кейін бірі сөз алғандар жаңа басшыға жақсы тілектерін, жұмысқа, ұжымға байланысты ұсыныс-пікір, талап-ұсыныстарын жарыса айтысты.
Отырғандарға шоли қарап, сөйлеп тұрғандарға күлімсірей қарап, ерекше зер салып, зейін қоя тыңдап отырған басшымыздың толқынды ішкі сезімнен нұрлана түскен жылы жүзінен жақсылықтың шуағын сезгендей, бір уақытта мен өзімнің қалай қол көтеріп, қалай сөзге араласып кеткенімді байқамай қалдым. «Жаны жайсаң адамның алды кең» деген асыл сөз осындайдан шыққан болса керек. Жас адамға, жас журналиске басшының да, ұжымның да қамқорлығы қажет деген пікірді айта тұрып, мен өмір жолында үлгілі де ұлағатты іздері сайрап жатқан Сапар ағаның келуімен газеттің де, газет редакциясы ұжымының да бағы көтеріліп, баянды істері, жемісті табыстары, жақсылығы көп жаңа кезеңі басталатынына анық сендім. Бір мен емес, сол жылдары «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында қызмет етіп жүрген үлкен-кішінің бәрі дерлік қарымды қалам иесі әрі басшы-ұйымдастырушы қызметінде әбден шыңдалған, ел-жұртқа аса танымал, абыройы биік Сапар ағаның келген қадамына сәттілік тіледі.
Байжан-Ата Сапар аға «Социалистік Қазақстан» газетін басқарып, он жылға тарта қызмет етті. Осы он жылдың төрт жылында тәңірімнің маған Сапар аға басшылығымен жұмыс істеу бақытын бұйыртқанына мың да бір шүкір айтып, қуанамын да мақтанамын. Аға газет редакциясында мен әуелі секретариаттың, одан кейін хабар бөлімінің әдеби қызметкері, ғылым және оқу орындары бөлімінің аға әдеби қызметкері болып алты жыл қызмет еттім. Осы жылдарымды мен журналистік теориялық және практикалық оқу мен еңбектің көрігі болған университетіме балаймын. «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясы – менің университетім, үлкен ұстазым әрі жетекшім Байжанов Сапар Ілиясұлы болды.
Бір менің ғана емес, Сапар аға бүгінде республикаға кең танымал көптеген талантты қаламгерлер мен ғалым-қайраткерлердің ақылшы ұстазы, кеңесші жетекшісі болды. Бұған бір ғана дәлел ретінде, Сапар аға бас редактор болып отырған жылдарда аға газет редакциясына қаламы қарымды бірқатар журналист-жазушы жігіттердің шоғырланып жиналып, шығармашылық үлкен мектептен, қаламгерліктің бүкілелдік қатаң сынынан өтіп, абырой, атақ биігіне өрлеуінен көруге болады. Мен қызмет еткен төрт жылда, Сапар аға басқарған он жылда аға газет ұжымына Қарағандыдан – Ақселеу Сейдімбек, Шымкенттен –Мыңбай Ілес, Өскеменнен – Тоқтарбек Қызықбаев, Атыраудан – Нұри Муфтах, Семейден – Мамадияр Жақып, Торғайдан – Бекболат Әдетов, Қойшығара Салғарин, ҚазМУ-дің журналистика факультетінің дарынды түлектері Сауытбек Әбдірахманов, Ержұман Смайыл сияқты әрқайсысы жеке-жеке бір-бір басылымға бас тұлға болатын талантты журналистер келіп қосылды. Таланттарды танып, олардың астанамыз Алматыға, аға газетіміз «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясына келуіне, жауапты хатшы, бөлім редакторы, аға редактор тағы басқа жауапты қызметтің тұтқасына ие болуына бас редактор Байжанов Сапардың тікелей қамқорлық жасағаны, рудың, жүздің емес, елдің, жұрттың мүддесін көздеп, ойы озық, қаламы жүйрік жасқа да, жасамысқа да шапағатын шашып, азаматтық, үлкен ағалық жол көрсеткені айқын да анық.
Аға газет редакциясына Сапар ағаның басшы болып келуімен бірге еш уақытта ұмытылмайтын көптеген қуанышты жаңалықтар қоса келді. Қызметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ Сапар аға редакция қызметкерлерімен бір-бірлеп сөйлесіп, шығармашылық жоспар-жобасымен, тұрмыс-жағдайымен танысып, ұжым мүшелерінің көңіл күйін бір көтеріп тастады. Мұндай танысу, пікірлесу қай ұжымда болсын, бар шығар. Мәселе — нәтижесінде, қорытындысында. Жаңа 1974 жылдың басында, Сапар аға бас редактор қызметіне кіріскеннен кейінгі екі-үш айдан соң редакцияға жаңа пәтерлер бөлінетіні туралы хабар жетті. Аға газетте істейді дегенімен, үйсіздіктің тауқыметін тартып жүргендер үшін де, бастары көбейгеннен кейін бір кезде алып қалған бір-екі бөлмелі баспаналарында қысылып-қымтырылып тұратындар үшін де бұл аса жағымды жаңалық еді.
Жаз шыға «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясы қызметкерлерінің қала ішіндегі үлкен көші-қоны басталды да кетті. Көші-қон деуімнің мәнісі — редакцияға бөлінген 5-6 пәтерді алғандардың бұрыннан тұрып келген баспаналары да редакция қарауына қалдырылуында. Сөйтіп, жаңылмасам, редакцияның 12 қызметкері бір жаздың, бір айдың ішінде үйлі-күйлі болдық та шықтық. Көшіп, қонатын көлік іздеп те қиналмадық. Редакция әкімшілігі қазіргі «Дәуір» аталатын баспаның автогаражынан жүк таситын машина алып берді. Сол машина біреуміздің үй-мүлкімізді тиеп көшірсе, екіншіміздің сол пәтерге кіруімізге көмектесті.
Көп жылдан бері редакцияда машинистка болып жұмыс істеп, енді зейнетке шығуды ойлап жүрген Мариям апайдың Тимирязев көшесіндегі бұрынғы пәтеріне мен ие болдым. Әуелі апайды көшіруге көмектестім. Сонда ол кісінің көзіне әлсін-әлсін жас келіп, Сапар ағаға деген ризашылығын, аналық алғыс сезімін қайта-қайта айтып, тебіренгені әлі есімде. «Марқұм Ұзақтан кейін басшымыз кім болады екен деп жүргенде, осы Сапар келеді дегенді естіп, қатты қуанып едім. Ұзақпен дос болған, бір ауылда өскен, еңбекшіл, ерекше мейірімді мінезді деп еститінбіз. «Сапар редактор болып келеді» дегенді естісімен-ақ, кесіріміз тиіп кетпесін, алдын ала дабырламайық деп, бір-біріміздің аузымызға қақпақ болып, тілеуін тіледік. Орталық Комитет сөз шығып кетсе, шешімін өзгертіп қоя ма дейміз ғой. Ондай да болған. Құдайға шүкір, тілегіміз болды. Енді, міне, Сапардың арқасында мәре-сәре болып жатырмыз. Қартайғанда жеке бір бөлмем болса деп армандаушы едім. Енді, мына үш бөлменің бірі — басы бүтін менікі ғой. Ана екі бөлме – балалардікі. Бұл күнге жеткізген Аллаға, Сапар балама мың да бір рақмет» – деп тебіренген еді Мариям апай. Расында, жұмыр басқа жұпыны болса да емін-еркін кіріп-шығатын жекеменшік пәтері болғанның өзі – бір бақыт. Сапар ағаның басшы ретіндегі бұл тағылымы — қандай деңгейдегі қай басшыға болсын үлгі-өнеге тұтарлық ұлағат.
Редакцияның ішкі тыныс-тіршілігіне қатысты қандай істі қолға алса да, Сапар ағаның түп мақсаты газеттің мазмұндық сапасын барынша байыту, сөйтіп, оның таралымын көбейте түсуді көздейтін. Апта сайын жарыққа шыққан газет сандары сарапталатын лездемелер, алдағы нөмірлерді жоспарлау тағы басқа әртүрлі басқосулар ашық әңгіме, еркін пікір алысуларға ұласып, ұжымның шығармашылық ізденісін, ұйымшылдығын, ортақ іске жауапкершілігін шыңдай түсетін.
Сапар ағаның басқару, пікір алысу орайындағы бір ерекшелігі — қандай мәселені болсын ақылдасуды, кеңесуді сол мәселеге қатысты қызметкерлерді, лауазымының жоғары-төменіне қарамай, бірге қатыстыра отырып жүргізетін. Айталық, ғылым және оқу орындары бөлімі жұмысының бағыт-бағдарын айқындау, тың тақырыптарын, оның шығармашылық шешімдерін табу сияқты келелі ой-пікірге, жаңаша ізденіске, жақсы бастамаға жол ашатын маңызды әңгіме-сұхбат өткізуге бас редактор бөлмесіне бөлім жұмысына жауапты орынбасар Сарбас Ақтаев, бөлім бастығы Тоқтарбек Қызықбаевпен бірге сол бөлімнің әдеби қызметкері мен де шақырылып тұратынмын.
Осындай отырыстарда Сапар аға өзі бас болып ой тарқатып, пікір-ұсыныстарын ортаға салып, екшеп, таразылап, тың тақырып, жоспарлардың тууына түрткі болатын. Шағын басқосулардан бастау алған жоспар, жобалар ұжымдық жиындарда көпшілік талқысына ұсынылып, ортақ ұйғарыммен бірте-бірте шығармашылық ізденіс арналарын тауып жататын.
Жетпісінші жылдардың орта шенінде «Социалистік Қазақстан» газетінің апталық арнаулы беттері жарық көре бастады. Сапар аға ұйытқы болып журналистер қызыға қолға алған бұл жаңалық газет оқырмандарының, зиялы қауымның, әріптес қазақ, орыстілді басылымдардың назарын аударып, кең қолдау тапты.
Қыз-келіншектерге, аналарға арналған «Каламқас» апталық бетін жүргізу, ұйымдастыру жауапкершілігі маған тапсырылды. Бұл мен үшін университеттің соңғы курсында жазылатын дипломдық жұмыспен парапар, нағыз сынақ әрі журналистік мүмкіндігімнің шыңдалу мектебі болды. Мұндай үлкен сенім көрсеткені үшін Сапар ағаға, ұлағатты ұстазыма деген менің алғыс сезімім шексіз.
Қазіргі «Егемен Қазақстанның» әйел қауымға арналған «Сырғалым» арнаулы бетін оқыған сайын сонау жетпісінші жылдардағы «Қаламқастың» іздерін көргендей боламын.
Әлі есімде, «Қаламқас» арнаулы бетінің бірі Халықаралық әйелдер мерекесі – 8 Наурызға орай шығарылды. Оның мазмұндық сапасы, көркемделуі апталық лездемеде аталып өтіп, маған сыйлық берілетін болды. Сол бетте «Ер-азаматтар лебізі» айдарымен Әбділда Тәжібаев, Олжас Сүлейменов сияқты әр салада еңбек етіп жүрген елге танымал замандас аға-інілердің ағынан жарылған пікір-тілегі сәтті шықты. Ә. Тәжібаев: «Көктегі күн — жалпыға ортақ. Ал әр отбасының, үй ішінің кішкентай күні — әйел» деп жазды.
Өзінің жарын басқадан ерекше шынайы сыйлау, құрмет тұтып, қадіріне жету — ер-азаматтың асыл қасиеті. Сапар аға алдына жан салмайтын еңбекшіл, ұшқыр ойлы, мықты журналист әрі ұйымдастырушы болуымен бірге, өзінің отбасында осындай асыл қасиеттің, биік адамгершіліктің иесі еді. Аяулы ағаның көзі тірісінде жиырма жылдан астам уақыт отбасымен, үй ішімен жақын туыстай араласа жүріп, мен Күләш апай екеуінің бірін-бірі еркелете аялап тұратын мінездеріне тәнті болатынмын. Сапар ағаның өзінің жары Күләш апайдың атын тура «Күләш» деп атағанын естімеппін.
1977 жылдың қазан айында мен «Қазақстан әйелдері» журналы редакциясының жауапты хатшысы қызметіне тағайындалдым. Бұрын сырттай танып, кейде бас изесіп, жылы амандасып жүретін Күләш апаймен, Сапар ағаның үйіндегі жеңгеміз әрі әріптесіміз Бейсенбиева Күләшпен, енді бір редакцияда қызмет ететін болдым. Күләш апай «Қазақстан әйелдері» журналында бөлім редакторы болатын. Бұл редакцияда бірге жұмыс істеген алғашқы күннен бастап-ақ Күләш апай мені өзіне жақын тартып, жылы қабақ танытты. Келе-келе, ақын-журналист Ырза Қунақова (осы редакцияда бөлім редакторы еді) үшеуміз жас ерекшелігімізге қарамастан, қатар құрбыдай, сыйлас апа-сіңлідей қызметте де, отбасында да араласып, сырласып, сыйласып кеттік.
1983 жылы мен – «Қазақстан мектебі» журналы редакциясында, одан сәл бұрынырақ Күләш апай «Мәдениет және тұрмыс» журналы редакциясында қызмет ете бастады.
1991 жылы тағдыр бізді «Қазақстан мектебі» журналында қайтадан тоғыстырды. Білім министрлігінің шақыруымен Күләш апай сол жылы шыға бастаған «Отбасы және балабақша» қосымша журналына редактор болып келді. 1994 жылы бұл журнал бөлініп, жеке шаңырақ тікті. Күләш апаймен бірге қызмет еткен, жақын сыйласқан жылдар ішінде бұрын аса құрметтейтін бастығым Сапар ағамен туыстай, ағалы-қарындастай болғаныма қуанамын. Адамға тек жақсылық тілейтін, жылы жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын Сапар аға менің өмірдегі табысыма қуанып, жылы сөзін, ақ тілегін айтуға асығатын еді. Қиналып жүргенімді сезсе, жымия қарап, «біздің Сайраштың қолынан бәрі келеді» деп мақтап, демеп жүруші еді. Енді сондай аға бүгін өмірде жоқ. Ағаның көзіндей Күләш апайды, ұлдары Ұлан, Нұрлан, Ерланды, қызы Назымды көрсем, кездестірсем, жүздеріне кейде қадала ұзақтау қарап қаламын. Дүниеден өткен асыл ағаның, ұстазымның мейірім төгіліп тұратын жанарын, жымия қарайтын сабырлы, терең ойлы жүзін іздейтін сияқтымын.