Халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырмай, жұқпалы дерттердің қаупі азаймайды!
Халқымыз өз денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алуда қарапайым ережелерді сақтауға келгенде тым салғырт. Яғни бізде халық арасында «адам сырқаттанса немесе денсаулығы сыр берсе, аурухана, емханалар емдеуге міндетті» деген көзқарас қалыптасып кеткен. «Өз денсаулығыма алдымен өзім жауаптымын» деген көзқарас жетісе бермейді.
Сондықтан өз денсаулығын нығайту үшін ешқандай әрекет жасамай, денсаулықты сақтауды емханаларға ғана тапсырып қойып жүре беру түбегейлі қате көзқарас екенін түсінетін кез келді. Дүниежүзінің дәрігерлері адам денсаулығының 90 пайызы оның өз қолында екенін баяғыда-ақ дәлелдеген. Керек десеңіз, әр адамның денсаулығы оның бойындағы тек қана өзіне тиесілі баға жетпес капиталы. Мәселен елімізде халықтың 25 пайызы ғана салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысады екен... Ал «спорт денсаулық кепілі» деп айтудай-ақ айтылуда. Қазақстанның Бас Санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин де «Салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, иммунитетті нығайту жұқпалы дерттерді қашыратынын» жиі айтады.
Осы орайда мемлекет тарапынан халықтың денсаулығын жақсарту бағытында талай жұмыстар атқарылып жатқанын айта кетсек. Бүгінде елімізде тұрғындардың денсаулығын сақтау мен түрлі аурулардың алдын-алуда «Ұлттық скринингтік бағдарлама» деп аталатын жаңа жүйе жұмыс жасайды. Скрининг- бұл ерте сатыда ауруды және қауіп –қатер факторларын анықтау үшін қолданылатын, сонымен бірге, емдеу тиімділігін арттыра және асқынудың дамуының алдын ала отырып, белгілі жастағы дені сау тұлғаларды профилактикалық медициналық тексеру. Бір сөзбен айтқанда, скрининг – бұл белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық медициналық тексерілуден өткізу. Тұрғындар өздері тіркелген медициналық ұйымдарда скринингтік тексерілуден тегін өткізіледі. Бұл мемлекет тарапынан халық денсаулығын сақтау мақсатында жасалынып отырған тиімді жағдай.
Сондай-ақ «Ана мен баланы қорғау, гендерлік саясат, отбасының тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыру, бала тууды ынталандыру, халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту – осының бәрінде де Қазақстан алға ілгерілеп келеді. Атап айтар болсақ, бала туу көрсеткіші 25 пайызға артты, ал адам өлімі 11 пайызға төмендеді. Халықтың табиғи өсімі 1,7 есеге көбейді. Алдағы уақытта да демографиялық ахуалды жақсарта түсуге бағытталған ірі міндеттер жүзеге асырылмақ. Мәселен, халықтың орташа өмір сүру жасын 73-ке жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар халық санын көбейтіп, ана мен бала өлімін 2 есеге төмендету міндеті қойылып отыр. Мұның барлығы мемлекет тарапынан мойынға алынып отырған міндеттер мен мақсаттар. Ал қарапайым халық өз денсаулығын жақсартуда не істеді деген заңды сұрақ туындайды.
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметiне сүйенсек, Қазақстан халқының 27 пайызы (4 миллион адам) темекi тартады. 4 миллионның 600-ден астамы қыз-келiншек болса, 120 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер. Отандастарымыздың басым бөлiгi 20-ға толмай жатып, шылымның «дәмiн» татады екен. Сорақысы сол, елiмiзде жылына 25 мың адам темекiнiң кесiрiнен туындаған дерттерден көз жұматын көрiнедi. Жалпы мемлекет тарапынан қыруар қаржы аударылып, халық денсаулығын жақсарту бағытында талай іс атқарылып жатқанымен халықтың ең алдымен өз денсаулығына деген жауапкершілігі артпай, ұлт денсаулығын жақсарту мүмкін емес.
Осы орайда кеше ғана халық дүрлігіп басылған минингокок инфекциясы кезінде де жұқпалы дерттің алдын алу мақсатында сақталатын қарапайым ережелердің маңызды екенін түсіндік. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басшысы Жандарбек Бекшин: -Көпшілік адамдар шоғырланып жүретін орындарға баруға шектеу қою керек. Ауырып жатқан адам бетперде қию керек, ауырған адам бармау керек. Бірақ 2-3 сағатқа бетперде кию керек. Ең алдымен өз денсаулығымызға мұқият болайық» деп жатты.
Алайда қарапайым ережелерді сақтамаудың соңы қателікке соқтыратынын көз көрді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, құнарлы, сауатты тамақтанып, қалыпты демалып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау кез келген жұқпалы дерттің алдын алуда таптырмас тәсіл екенін ұмытпауымыз керек. Оны мамандар да растайды:
Сәуле ДИҚАНБАЕВА, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Егер елемесек, алдын алу шараларын ұмытсақ, денсаулығымызға бейқам қарасақ кез келген ауру қауіпті. Сондықтан біз сақтық шараларын сақтамай, алдын алмай дертке тым салғырт қараған секілдіміз деп ойлаймын. Менингококк инфекциясы араға уақыт салып, жылдар салып, зардабы ауқымдырақ түрде қайталанып тұратын дерт. Сондықтан аса дүрлігудің қажеті жоқ. Бар болғаны қарапайым ережелерді сақтауымыз керек. Және телефон құралдары арқылы таралып жатқан дүрлікпе хабарламалардан гөрі мамандар пікіріне құлақ түрген жөн. Мамандарымыз барлық жағдайды уақытылы бақылап, халыққа жеткізіп отырды. Ендеше басқа жақтан жалған ақпаратпен сусындаудың қажеті қанша?!
Көп аурудың алдын алу үшін құнарлы тамақтанып, уақытылы ұйықтап, күйзелістен сақтанып, салауатты өмір салтын сақтау жеткілікті. Сондықтан халықтың арасында осындай қарапайым ережелерді үнемі насихаттап отыруымыз керек. Жалпы халқымыз осындай қарапайым ережелерге бағынбағандықтан дерті асқынып жатады. Осыны ескерсек екен. Ауруы асқынып кеткен соң ғана дәрігер жағалайтын халқымыз үшін өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыратын кез жетті.
Қуаныш Әбілдәқызы