Жамбылдық қыз Таразда әріптестерін пышақтаған полиция шендісінің үстінен шағым айтты
Өткен жылдың желтоқсан айында Бас прокуратураның алдында өзін өртеп жіберген Майра Рысманованың қызымын деп таныстырған Ақмарал Ахметова Facebook әлеуметтік желісі арқылы үндеу жариялады. Ол бірнеше күннен бері Жамбыл облысында іздеуде жүрген облыстық ІІД басқарма бастығы Мұрат Үмбеталиевтің үстінен шағым айтты, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігі.
«Менің анам Майра Рысманова осы ІІД қызметкері Үмбетәлиевтің кесірінен қайтыс болған. 2015 жылы 28 ақпанда СТО-дан жұмыстан қайтып келе жатқан ағамның қалтасынан 3 грамм героин, машинасынан 285 грамм наша табылған еді. Ал Мұрат Үмбетәлиев алты жылдан бері ағама «менде жұмыс істе» деп ұсыныс айтып жүрген болатын» - деді Ақмарал Ахметова.
Оның айтуынша, «Шу қаласында Үмбетәлиевтің кесірінен бірнеше адам қайтыс болған, бүкіл Шу қаласы Мұрат Үмбеталиевтен қорқады, тіпті соттардың өзі қорқады, Үмбетәлиев жеті сотты артынан қалмай жүріп жұмысынан шығартып жіберген, қаладағы нашақор адамдардың барлығын есірткіге отырғызған».
Бұдан кейін Ахметова Үмбетәлиевтің меншігінде деп бірнеше кәсіпкерлік нысандарын, оның ішінде супермаркеттер, қонақүйлер, дәмханалар мен мейрамханаларды атады. Ол Үмбетәлиев Тараздағы жезөкшелер бизнесін толықтай бақылап отыр деп те айыптады. Одан әлі де қорқатынын, екі қызметкерді пышақтағанына қарамастан жазадан құтылып кете ме деп қауіптенетінін және екі аптадан бері оның қолға түспегеніне күдікпен қарайтынын айта келе, мемлекет басшыларынан бұл істі ерекше бақылауға алуды сұрады.
«Менің жүгіріп жүргеніме бір жыл болды. Анам қайтқалы бері... Әлі шындықтың түбіне жете алар емеспіз... Анам шындықтың түбіне жете алмай, екі жыл бойы жүгірді... Менің ағам осы уақытқа дейін әлі отыр. Оның жазып жатқан барлық арызын ешқайда шығарып жатқан жоқ», - деді Ақмарал Ахметова.
Оның сөзіне қарағанда, Үмбетәлиевке іздеу салынды дегенде Шуда көп адам қуанған.
Шілденің 9-ы күні Мұрат Үмбеталиев ішімдік ішілген отырыста төбелесіп, Жамбыл облыстық қылмыстық полиция басқармасының бастығы Бектұрғанов пен Байзақ аудандық Халық қызмет ету орталығы бөлімінің бастығы Жетпісбаевқа пышақ жұмсап, қашып кеткен болатын. Қазір ол іздеуде жүр. Оның әйелі басылымдарға берген сұхбатында күйеуінің ол отырыста ішімдік ішпегенін, оны көрген адамдар бар екенін, Бектұрғанов пен Жетпісбаевтың Үмбетәлиевке өздері тиіскенін, отырыс соңына жетпей кетпек болғанда оны сыртқа шығуға мәжбүрлегенін айтады.
Бұл оқиғадан кейін Мұрат Үмбетәлиевпен қатар Жамбыл облыстық ІІД басшысының орынбасары қызметтен босатылды. Іздеу жарияланған Мұрат Үмбетәлиев әлі қолға түскен жоқ.