«Железный Арманның» айтқандары
Таяуда Астанада орын алған, бір отбасының 5 баласы мерт болған қайғылы оқиға көп балалы отбасылардың жанына қатты батты. Оқиға Елорда маңын жағалап, күн көріп жүрген осындай жанұялардың жағдайының тым нашар екенін көрсетті. Ай сайын төленетін мардымсыз жәрдемақы не анда, не мұнда жетпей, бір жыртықты бүтіндеуге келмеген соң ашынған аналардың баспана сұрап, көшеге шығуына түрткі болды.
Міне, осы кезде зарын айтып, тыңдар құлақ іздеген аналарды жергілікті тәртіп сақшылары аңдып, қоқан-лоққы жасады деген әңгімелер айтыла бастады. Осы кезде аналарға қорған болып, олардың бір тал шашының түспеуін талап еткен қоғам белсенділері бас көтере бастады. Солардың бірі – көпшілікке «Железный Арман» деген лақап атпен танылған азамат. Жалпы, бұл кісі кім, қайда тұрады, не істейді? Оның бүгінгі қоғамға айтары бар ма? Міне, осы сауалдар төңірегінде біз Арман Сүйіндікұлының өзімен сұхбаттасқан едік.
– Арман аға, сізді жұрт намысқой, шыншыл, бір сөзді, ештеңеден тайсалмайтын жан ретінде таниды. Шынымен де солай ма? Өзіңіз туралы әңгімелеп беріңізші?
– Мен 1973-жылы 26-сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келдім. Мектепті бітірген соң 1988-жылы Шымкент гидромелиоративтік экономикалық техникумына оқуға түсіп, оны 1991-жылы «Құрылыстағы бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша аяқтадым. Сосын 1995 – 2000-жылдары Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін – «Әлем тарихы», 2004-жылы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетін «Әлем тарихы кафедрасында ізденуші» мамандықтары бойынша үздік дипломмен бітірдім.
1995-жылы бүгінде республика бойынша белгілі «Номад» батырлар мектебінің негізін салдым. 2001-жылы Шымкент экономикалық колледжінде «Жыл мұғалімі» атандым. 2007-жылы тарих ғылымдарының кандидаты атандым. Мен көтерген тақырып – «Өзбек диаспорасы» еді. Сайрамдағы өзбек халқының бөлінгісі, автономия алғысы келетінін естіген соң осыған қатысты зерттеу жүргіздім. Сөйтіп олардың диаспора екенін, бұл тек қазаққа қана тиесілі жер екенін айтып, тарихи негіздерде диссертация жаздым.
Бұдан бөлек, тағы үш кітабым жарық көрді. Бірінші кітабым – «Намысын бермеген, қазағым мықты ғой». Ол Ресей президенті В.Путинге жауап ретінде 2014-жылы шығарылды. Екінші туынды «Соңғы Nomad: жекпе-жек» деп аталады. Соңғы Nomad – ол мен. Жаужүрек көшпенділердің ержүрек ұрпағы. Үшінші кітабым «Боевое искусство Nomad» деген атпен шықты. Бұл жастарды Отанды қорғауға арналған әдістемелік құрал.
Мен қазіргі таңда Шымкент қаласындағы гуманитарлық-техникалық университетінде ректордың тәрбие жөніндегі кеңесшісімін. Менің ұраным – қандай жағдайда да шындықтан шімірікпей, күресу. Намысқой, адал, турашыл етіп жаратқан Алла, жарық дүние сыйлап, тәрбиелеген ата-анама алғысым шексіз. Әкем Сүйіндік Мұратұлы – Қазақстандағы қазақша күрестен спорт шебері. Талай Қазақстан барысын тәрбиелеп шығарған азамат. Ол кісі 1965-жылдары Мәскеуде үш жыл әскери борышын өтеп, «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Сол кездің өзінде спорт шебері атанып үлгерген. Әлемдік қазақша күрес федерациясынан «Қазақша күрестің дамуына қосқан ерен үлесі үшін» медалін де иеленді. Ал анам Намазкүл Байтемірқызы – бес баланы дүниеге келтіріп, ақ сүтімен бізді адалдыққа тәрбиелеген жан. Нағашы атам соғысқа қатысқан екен. Өзі орыс тілі маманы болып еңбек етіпті. Менің сауатты орысшама қарап, туыстарым нағашыдан дарыған дейді.
Өзімнен үлкен екі әпке, бір қарындасым және інім бар. Соңымнен ерген бауырым Бақытжан да спортшы. Әкеміздің үйреткен қайсарлығы мен намысқойлықты бүгінде өзімнің екі қызым мен ұлыма құйып келемін.
– «Железный Арман» атануыңыздың сырына тоқталсаңыз.
– 1990-жылдары еліміз тоқырау заманды бастан өткерді. Менің әскерден келуім осы кезеңге тап келген. Жұмыс жоқ, табылғанның өзінде жалақы дер кезінде берілмей, ел қатты қиындық көрді. Зауыт-фабрикалар да тоқтап, екі қолға бір күрек іздегендер не болса да дайын еді. Мен де көппен бірге қиналдым. Қара жұмыс істеп, жүк тасыдым, машина жөндедім, көше сыпырдым. Намыстанып, қашпадым. Өйткені әкем осылай тәрбиелеген.
Күндердің бір күнінде Шымкент қаласындағы бір ойын-сауық орталығына күзетші керек болып, сонда орналастым. Бұл уақыттарда рэкет бұзақылардың дүрілдеп тұрған кезі. Олар көрінгенге қоқан-лоққы көрсетіп, ақша істейтін. Осындайлар маған да тиісті. Есік аузында тұрған, күзетшілік қызметімді елемей, орталыққа салық салуға келіпті. «Кіруге болмайды», – дегенімде: «Сен кімсің?!» – деп төрт жігіт жабыла кетті. Бала күнімнен әбден шыңдалып өскенім, әрі спортшы деген атым бар, төртеуін сол жерде сұлатып салдым. Сүйрелеңдеп кетіп, жарты сағаттан кейін топырлап тағы келді. Отыз баламен қайтпай төбелестім. Тіс сынды, бет-аузымнан түк қалмады.
Бұл қырғын төбелесті бүкіл Шымкент естіпті. Содан бастап маған «Железный Арман» деп ат қойылды. Көргендер: «Оо, Железный, қалайсың?» – деп қол береді. Осы соңғы жарты жылға дейін бұл лақап атқа қарсы едім. Мүлде ұнамайтын. Тек сенімді бір досым Құрандағы «Хадид» сүресінде темірге қатысты аят бар екенін жеткізді. Тіпті шәкірттерімнің өзі: «Бұл Құдайдың сізге таңдауы түсіп тұрғаны, бұдан қашпауыңыз керек. Қазір барлық нәрсенің брендтік атауы бар емес пе?» – деген. Мүмкін Алладан берілген әмір болар, оның үстіне темірдің құндылығы мен пайдасы туралы сүреде жазылғанына көз жеткізген соң жұртшылықтың «Железныйына» қарсылық танытпайтын болдым.
– Сізді не толғандырады?
– Біз қасқыр тектес қазақпыз. Жері бай, мінезі жомарт халықпыз. Осындай қасиетімізді білетіндер біртіндеп біздің халықты жоюдың амалын жасауда. Мұны тоқтату қажет.
Күні кешегі қайғылы оқиға жүректерге жара салды. Осыдан соң аналарымыз қалай қарап қалсын? Олар шеруге еріккеннен шықпайды ғой.
Қазір Қазақстанда білім, медицина, басқа да салаларда айтарлықтай реформа жасалынған. Жасала да береді. Тек бір ғана салада жаңару не өзгеріс жоқ. Ол – саясат. Саясатта реформа болмай біздің күніміз қараңғы. Ал бұлай жалғаса берсе біздер ешбір жетістікке жетпейміз.
Бүгінгі ұлт мүддесіне жасалған қастандық яғни жердің сатылуы намысқа тиюде. Бұған жоғарыдан тоқтау болмаса, мен тоқтау салуға тырысамын. Әрине, ол үшін менің соңымнан еретін рухы биік жауынгерлер мен сенімді серіктерім болса.
Мәселен, мен ел тізгінін қолға алсам, ешқашан, ешкімге жер сатылмайтындай етер едім. Бұл мен үшін емес, келешек ұрпақ үшін керек нәрсе. Ақ білектің күшімен, соғыс даласында батыр ата-бабамыз қорғаған жердің өзге біреудің иелігіне өтуіне қарсымын. Оған Алла куә. Ел мен жер – егіз ұғым. «Мәңгілік ел – Мәңгілік жер!» деген менің ұраным үшін күресті тоқтатпаймын.
– Келешекте Президент болғыңыз келетінін айттыңыз. Неге әкім немесе депутат емес? Жалпы, ел тізгінін қолға алу жөнінде ой қайдан пайда болды?
– Әкім мен депутат ештеңе шешпейді. Барлығы бір ғана адамның қолында.
Менің студент кезімде Манап Өтебаев ағамыз біліміме тәнті болып: «Осы бала Президент болады. Болашақтың лидері, яғни көшбасшысы – осы жігіт. Барып көріңдерші», – деген екен. Сол кісінің 27 жыл бұрын айтқан осы бір ауыз сөзі мені рухтандырып, маған қанат бітіріп келеді. 18 жасымда үлкен тұлғадан осындай сөз есту менің бүкіл өміріме жететін мотивация еді.
Мәселен, мен Президент болып сайлансам, тек елім үшін қызмет етер едім. Егер көшбасшылық мерзімім аяқталып, түрлі құйтырқылыққа салынып, тақты босатпасам, онда мені ату жазасына кесуге рұқсат беремін. Олай дейтінім, ақпаған су саситыны секілді ауыспаған билік те сасиды.
– Соңғы кезде орын алған жағдайларға байланысты «Железный Арман» көтерген мәселелер шешімін тапты ма?
– Жаңаөзен қаласындағы аналар мен жастардың наразылық шеруінде оларға қарсы ешқандай күш қолданылмады. Неге? Бәлкім менің бейнежолдауымдағы ескертпелер сол оқиғадағы қандай да бір қантөгістің алдын алған шығар. Ерлердің қорған болып, аналардың әр тал шашының түспеуін мақсаттаған жігіттер ой салдық. Міне, күшпен ештеңе шешілмейтінін билік түсінді. Компромиске келуден басқа оңды шешім жоқ. Халықты тыңдау, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жеткізу бүгінде басты роль ойнайды. Кемеңгер халқымыз бәрін түсінеді. Тек жеткізе білу, сөйлесу керек.
– Қазір ұстаздық қызмет атқарасыз. Болмысы бөлек шәкірттерді тани аласыз ба?
– Мен шәкірттерімнің шындығына қарап танимын. Өзім оқытып, тәрбиелеп келе жатқан балалар өтірік сөйлемейді. Ал өтірік айтқанын байқадым ба, сол кезде жай ғана оны шығарып саламын. Өйткені одан адам шықпайды. Адам тәрбиелеу оңай, бірақ адамды қайта тәрбиелеу қиын. Мұғалімнің миссиясы – адам тәрбиелеу.
Осы ретте мен әріптестеріме Алаштың қасиетті үлгісін алсаңыздар деймін. Себебі бүгінгі мемлекеттік экономикалық бәсекеде елді тек ұстаз ғана алып шыға алады. Білесіздер, алаштықтардың барлығы мұғалім еді. Әлиханнан бастап қазақтың мұңын мұңдап, қозғалыс пен сілкініс жасаған алаштықтардың бастамасын мен ту етіп ұстанамын.
Абай атамыздың сөзі есіме түсіп отыр. «Менің қолымда закон болса, адамды тәрбиелеу үшін тілін кесер едім» деген. Қылмыскерді, тәртіпсізді түрме тәрбиелей алмайды. Бұрын қазақта түрме, қонақүй болмаған. Ол кезеңнің ұлылары бір ауыз сөзбен адамды әдепке, тәртіпке үйрете білген ғой. Біздің құрал – сөз. Халық осыны түсінді. Оянды.
– Осы жерде сұрақ туындайды. Шыншыл деп сіз мына қоғамда кімді атар едіңіз?
– Мұндай жандар кезең-кезеңімен сүт бетіне шыққан қаймақ секілді шыға береді. Қазір мен мына кісі шыншыл деп айтсам, оны соққыға жығып берген боламын. Сосын ол адам қудаланып, қысым көре бастайды.
– Ал сіз өзіңіз қысым көрдіңіз бе?
– Мен 20 жыл бойы қысым көрген адаммын. Мені сүйремеген жер, тексермеген орын жоқ шығар. Ұрды да, соқты да. Осындай бір кездері: «Егер менің қандай да бір қылмысқа қатысым болса, ол дәлелденсе, түрмеге тоғытыңдар», – деген едім. Сенбей, күмәнмен қарап, ақыры ештеңе таппады. Бүгінде көздері жеткен соң мені жайыма қоя берді. Кейде көпшілігіміз полиция, ҰҚК қызметінде әділдік жоқ дейміз. Бірақ ол жақта намыс пен әділдікті ту еткен бауырларымыз бар. Олардың арасында менің шәкірттерім де ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Біреулер билікте өңкей сатқындар отыр деп жатады. Олай емес. Егер билікте расында сатқындар отырса, онда бізде қазір Ту да, Елтаңба да болмас еді.
– Алаш қайраткерлері бастаған істі аяқтағым келеді дедіңіз...
– Бір замандарда саяси партиялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Осылай партия құруды маған көп кісілер айтқан еді. Оларға сіздер менің жанымда нағыз ұлт жанашырлары – Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулат, Ахмет Байтұрсынов секілді жүрсеңіздер, мен партия құрайын дегенмін. Тек сол азаматтар жауапкершілік арқалаудан аяқ тартады. Бір сөзбен айтқанда, жау жоқ кезде бәрі батыр. Сөзді қатырады, ал дау келгенде бастарын бұғып қалады.
Біздің ұлы тұлғаларымыздың салған сара жолына арнаған қазақтың әр тасы әрбір қазақтың кеудесіне түйме болып тағылсын деген бағдарламам да бар. Бар ұлттық байлық тек сол елдің тұрғындарына бұйыруы қажет.
– Дәл қазір көпбалалы аналардың жанайқайын, мұң-зарын жиі естіп жүрміз. Осы мәселеге қатысты сіз не айтасыз?
– Венгрия мемлекетінің тәжірибесін алуды ұсынар едім. Бұл елде көпбалалы аналар ешқандай салық төлемейді. Сосын мұнда отау құрған жастарға пайызсыз ірі көлемде несие беріледі. Мұндағы мақсат – жас отбасыға көмек, қолдау. Егер бұл отбасы үшінші сәбилі болып жатса, несие борышынан босатылады. Осы арқылы мемлекет халық өсімін арттырып, елдегі демографияны көтеріп алуды көздейді. Міне, біздің елде де осы бастама қолға алынса, көп аналардың өмір сүру сапасы жақсарар еді.
– Неден қорқасыз?
– Бауыржан Момышұлы ағамыз: «Оқтан да, оттан да қорықпадым. Мені алаңдататын үш нәрсе бар», – дей келіп, бірінші балаларына бесік жырын айтпайтын әйелдерден қорқатынын айтады. «Әлди, әлди, ақ бөпем. Ақ бесікке жат, бөпем. Палуан болар ма, екенсің, Отанды қорғай ма екенсің?..» Сол кезде бала тәрбиесін ақ сүтпен, бесік жырымен қалыптастыруға болады. Осыдан-ақ ананың сүтімен кірмеген ақыл дананың сөзімен кірмейтінін түсінуіміз қажет. Немере мен шөбереге батырлар жырын айтпайтын әжелерден қорқамын. Сондай-ақ салт-дәстүрді мансұқ қылатын жастардан қорқамын.
– Ал жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бабалардың жолымен жүрсін. Басы кесілсе де шыншыл болсын. Ақиқат үшін күресіп, Отанын сүйсін! Қасқырдың намысы көп жастарда жетіспейді. Бірақ осыны айтып отыратын мен секілді азаматтар барда жастар ештеңеден қорықпасын дегім келеді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан – Д. ШАХАН