Желіде шу тудырған «домбыра» паркінің құны – 1,6 миллиард теңге
Биыл – Абайдың 175 жылдығы. Әртүрлі дайындық жұмыстар жүріп жатыр. Солардың бірі – Абай туған Қасқабұлақтың басындағы, үш шекті домбыра мүсінді парк. Бұл парктің бейнесі адамдарды қызықтырып, туристерді тартады деп сендіреді облыс басшылығы. «Атамекен» арнасының жүргізушісі Аида Жексен бұл «домбыраның» құны – 1,6 млрд теңге екенін фейсбук парақшасында жазды.
«Мемлекеттік тапсырыс сайтында бұл құрылысты ұтып алуға шамасы жетіп тұрған жалғыз фирма – «ОблШыгысЖол» ЖШС. Инсталляциямен айналыспайтын, жол салатын компания ұтып алмақ. Конкурсқа жалғыз қатысқан осы компания болғандықтан, конкурс өтпей қалды. Бірақ басқа шамасы жететін компания «жоқ» болғандықтан оны бір көзден осы компанияға беруі мүмкін. Жоба құны – 1,6 млрд теңге.
«ОблШыгысЖол» бұрын мемлекеттік компания болған, 2018 жылы 1 млрд теңгеге сатылып, жекеге өткен. «ОблШыгысЖол» ЖШС құрылтайшыларының тізімінде бір ғана заңды тұлға бар, ол – «Элхон» ЖШС. «Элхонның» құрылтайшылары – облыстық маслихаттың депутаты Лұқбек Тұмашинов пен Жанболат Қазанов. Екеуі «ОблШыгысЖол» ЖШС-ның тең директорлары», – деп жазды Аида Жексен.
Бұл домбыра бейнесіндегі парк өнер адамдарының да арасында дау тудырды. Бірі жақтаса, біір қарсы шықты.
Белгілі дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман: «БАУЫРЫҢА БАРМАҚ БАЙЛАП, САУСАҚ ОЙНАТЫП ҒАСЫРДЫҢ ҮНІІН ЖЕТКІЗГЕН, ДОМБЫРАМ! ТӨРДЕГІ ОРНЫҢНАН АЙДЫҢ АМАН, КҮННІҢ ТЫНЫШЫНДА ЖЕРДЕН ОРЫН ТАУЫП «ЖАЙҒАСЫПСЫҢ». БҮКІЛ ҰЛТЫМНЫҢ ҮНІ, ТАРИХЫМНЫҢ СӨЗІ СЕНІҢ ШАНАҒЫҢА ЖАСЫРЫНЫП ЖАТЫР ЕДІ. КҮЛПАРШАДАЙ ҚЫП ТӨРДЕГІ БАСЫҢДЫ ТӨМЕНГЕ ТҮСІРГЕН КІМ? БҮГІНГІ ҚАЗАҚТЫҢ САНАСЫНДА «ЖАМБЫЛ ДОМБЫРА», «АБАЙ ДОМБЫРА» ДЕГЕН ЕКІ ТҮРІ ҒАНА ҚАЛЫП ЕДІ, СОНЫҢ «АБАЙЫ» АЯҚҚА ТАПТАЛСА, ҚАСИЕТІҢЕ НЕ БОЛДЫ, БАС ИЕТІНІМНЕН НЕ ҚАЛДЫ? ТҮСІМ БОЛСА ЕКЕН ДЕП ОТЫРМЫН…», – деп жазды фейсбук парақшасына.
Ал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали керісінше ода тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды. Ол: «Мынаның авторы кім екенін білмеймін. Кім жасаса да ҒАЖАП жасаған. Бұл – үлкен өнер! Және бұны жүзеге асыра білу де – үлкен өнер. Авторға респект! Домбыраның қазақ өмірімен бірге жасап жатқанының бір көрінісі осы емес пе?!
П-сы: авторға айтар өкпе-наз, алғыс, жылы лебіздеріңіз болса осында жаза отырыңыздар.
П-сының П-СЫ: шынтуайтына келгенде, бұл дәл қазіргі сәтте талқылайтын, сөз қылатын мәселе емес. Талқылап қаузайтын және қадағалайтын мәселе ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ НАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК СТАТУСЫ, ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІНІҢ келешегі, карантиннен кейінгі елдің ертеңі үшін президент ұсынған және бекіткен шаралардың ҚҰР ЖЕЛ СӨЗ болып қалмауы, МАҚТАРАЛЫДАҒЫ ағайынның апаттан кейінгі тұрмыс-тіршілігін қалпына келтіруге қатысты шаруалардың тыңғылықты жүзеге асуы. Айтатын әрі талқылайтын өзекті дүниелер осы-ау», – дейді.
Өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай: «Абайдың Қасқабұлағында да қолға алынып жатқан «дүниежүзінің табанына қазақтың домбырасын таптатудың» ұлы жобасы да сол Кремль жақтан жеткен сыбырлағыштардың кеңесімен жүзеге асырылып жатса таң қалмаймын. Өйткені еліміздің идеологиялық кеңістігі Ресейдің ықпалына екендігі, Ресей тыңшылары облыс әкімдіктері түгілі Ақ Орданың ішінде ордалы жыландай өріп жүргені – анау жылы Майлыбаев бастаған жансыздардың Ақ Орда кабинеттерінде үйір-үйірімен ұсталғанда көзіміз жеткен-ді. Әлі де ұсталып жатыр. Сыроежкин соңғысы емес бұлардың.
Еуразияның кіндігінде, Абайдың Қасқабұлағында «Домбыраны дүниежүзіне таптатудың ұлы жобасы», бұл – диверсиялық жоба», – дейді.