Журналист, жазушы Қанат Ескендірді әлдекімдер соққыға жығып, қысым көрсеткен
Бүгін журналист, сатирик жазушы Қанат Ескендір әлдекімдерден қысым көріп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Адырна ұлттық порталына сілтеме жасап.
Журналистің айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын оны белгісіз адамдар соққыға жыққан. Соққының ауыр болғаны соншалық, Қанат Ескендір Алматы қаласындағы емханалардың бірінің нейрохирургия бөліміне түсіп, арнайы емделген.
Журналистің айтуынша, жағы да сыныпты. Сонымен қатар, соққыға жыққандар тістерін де қағып алған.
Күдікке ілінген азаматтар ұсталғанымен, Алмалы аудандық полиция бөлімі оларға әкімшілік іс қозғап, "жеңіл дене жарақатын салған" деген айыппен босатып жіберген.
Қанат Ескендір енді өзінің жеке бас қауіпсіздігі мен бала-шағасының өмірінен алаңдап отыр.
Бұл жөнінде ол Facebook-тегі парақшасындағы жазбасында жазған.
Жазғанына қарағанда, ішкі істер басқармасынан тергеушілер келген.
"Маған және отбасыма жасалған қоқан-лоққы мен жеке басыма қатысты жасалған шабуылды тергейтін болды. Оның сыртында, ертең қалалық Прокуратураға да арыз жазатын боп отырмын" деген ол.
"Сенің балдарыңның әр қадамын білеміз!" дегендер - лайықты жазасын алуы керек!" деп жазады Қанат Ескендір.
Адырна ұлттық порталының тілшілері журналист Қанат Ескендірдің жағдайын білді. Ол екі тәуліктен бері ұйықтамағанын, сондықтан жағдайды толық түсіндіріп айта алмайтынын, қандай жағдай болмасын кінәлілер әділ жаза алу керектігін айтты.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz