Әлем чемпионын әкім қабылдады
Жуырда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов әлем чемпионатында ел мерейін асқақтатқан самбошыларды қабылдады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, самбодан Литваның Вильнюс қаласында өткен әлем чемпионатында батысқазақстандық Ерболат Байбатыров 57 келі салмақ дәрежесінде үздік шығып, төртінші рет әлем чемпионы атанды. Ал 52 келіде Медет Оңдағанов күміс жүлдеге ие болса, әскери самбодан Бауыржан Ғұмаров қола медаль еншілеген еді.
«Қазақстан соңғы жылдары дүниежүзілік аренада көптеген жетістіктерге қол жеткізсе, соның ішінде спорт саласындағы жеңісімізді мақтанышпен айтуға болады. Спорт арқылы еліміздің байрағы желбіреп, Әнұраны шырқалып, мемлекетіміздің мерейі көтеріледі. Ерболат Байбатыров елімізді төртінші рет осындай мәртебеге жеткізіп отыр. Қазақстан тарихында қатарынан төрт дүркін әлем чемпионы болған спортшы жоқ», – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Облыс басшысы құттықтау сөзінен кейін жеңімпаздарға ақшалай сый ұсынды.
Өткен жылдан бастап дзюдо күресіне бетбұрған Ерболат желтоқсанда Кореяда өтетін әлем кубогына қатыспақ. Бұл жарыста 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарына баратын спортшылар анықталып, лицензия беріледі.