Алматы таэквондошылары Мұстафа Өзтүрікке тағызым етті
Жақында "Атакент" қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығы" Акционерлік қоғамының 9С павильонында таэквондодан Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына арналған Алматы қаласының ашық біріншілігі өтті, деп хабарлайды "Алаш айнасы".
Алматы қаласының таеквондо (WTF) федерациясы Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен таэквондодан Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына арналған жеткіншектер, ерлер және әйелдер арасындағы Алматы қаласының ашық чемпионатын өткізді.
Бұл чемпионатты өткізудегі басты мақсат – таеквондодан қара белбеу 7-дан иегері, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қазақстан таеквондосының негізін салушы Мұстафа Өзтүрікті еске алу және оның 60 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту. Чемпионаттың ашылу салтанатынан соң М.Өзтүріктің рухына құран оқытылып, құрметті қонақтарға арнайы Ас берілді.
Әрі осы біріншілікте бірінші және екінші орын алған таэквондошылар 2014 жылғы Қазақстан чемпионатына Алматы қаласының намысын қорғайтын болды. Жалпы, қала чемпионатына 130-ға жуық спортшы қатысты.
Осы ретте айта кетейік, Алматы қаласының таеквондо (WTF) федерациясының басшылық қызметін Серік Қалықұлы Абдуллаев мырза қолға алған сәттен бастап, күрмеуі күрделі көп мәселелер өз шешімін тауып, біршама істер атқарылып жатқанға ұқсайды. Соның бірі ретінде Алматы облысының Бесағаш ауылында орналасқан М.Өзтүріктің ескерткішін жаңарту үшін мүсіншілерге тапсырма берілгенін атап өтсек артық бола қоймайтын шығар.
Өз кезегінде, республикалық таеквондо федерациясының басшылары ел спортын, оның ішінде таеквондоны дамытуға зор үлес қосқаны үшін Серік Қалықұлының атқарып жатқан игі істерін бағалап, оған алғыс білдірді. Әрі Бүкіләлемдік федерация атынан бесінші дан қара белбеу сертификатын табыс етті. Айта кетерлігі, бұл белбеуде Алматы қаласының таеквондо (WTF) федерациясы президентінің аты-жөні жазылған.
Серік Қалықұлы болса, қала чемпионаты деңгейінде бастау алған бұл біріншілікті келесі жылдан бастап қаржы мәселесі оң шешімін тауып жатса, халықаралық деңгейде әрі жыл сайын өткізілу жоспарланып отырғандығын, тың бастаманы өз қолына алатынын айтып өтті.
Енді ашық біріншіліктің қорытындысына келер болсақ, жеткіншектер арасында Дәурен Жантілеуов, Самат Серікбай, Дінмұхамед Нүсіпәлі, Вячеслав Ким, Руслан Харлампиев, Абзал Қаршал, Мовсар Цхаров, Нартай Оразбаев, Нұрбек Тезекбаев, Әл-фараби Зейтинов сынды өрендер топ жарса, қыздар арасында Дильназ Айтимова, Гүлдана Ергенова, Тойжан Қыдырбекова, Камила Машканова, Ақжайық Батырша, Дамира Исмайлова, Адель Жандилденова, Айнұр Уашпай, Арайлым Хайдар, Жанель Тілегенова сынды бойжеткендер жеңімпаз атанды.
Ал, ерлер арасында Саламат Байбатыров, Диас Ерланов, Алмас Мұқамыров, Нұрсұлтан Құлбаев, Мұхамед Садир Абдул Сияр, Айдос Мұратбеков, Евгений Камышников, Илья Марюшкин сынды жігіттер қарсылас шақ келтірген жоқ. Әйелдер арасында Жансая Абибула, Эсмира Қантай, Динара Әшірбекова, Мейрамкүл Көшербаева, Бану Мансұрова, Мөлдір Алдекеева, Гүлім Ахметова, Әйгерім Шойбекова сынды арулар бас жүлдені иеленді.
Сөйтіп, екі күнге созылған біріншілікте Алматы қаласының құрама командасы жасақталынды. Енді ел чемпионатына дайындық жұмыстары басталатын болады. Жеткіншектер құрамасын Ерхан Өксікбаев басқарады. Азия ойындарында бақ сынаған спортшылар бұл чемпионаттан босатылып, жеке бағдарлама бойынша М.Сұрановтың қарамағында жаттығып жүр. Ересектер құрама командасын Асхат Тұмабаев сынды тәжірибелі бапкерлер жаттықтыратын болады.
Қайыр Қабланбайұлы ҚАЖИ, Алматы қаласының және Алматы облысының таеквондо (WTF) федерацияларының вице президенті:
– Қазіргі таңда таеквондо спорты елімізде жаңа қарқынмен дамып келеді. Алматы қаласының және Алматы облысының да даму деңгейі – аса жоғары. Екі күнге созылған біріншіліктің жеңімпаздары қараша айында елордамыз Астанада өтетін жеткіншектер мен ересектер арасындағы ел чемпионатында өздерін жақсы қырынан көрсетеді деп ойлаймын. Жалпы, қалалық не болмаса облыстық чемпионат болсын, өткізілу деңгейі жылдан жылға заман талабына сай өсіп келеді. Басты міндетіміз және жоспарымыз – ел чемпионатының командалық есебінде бас жүлдені жеңіп алу. Бұл қалалық спортшылардың алдына қойылған тапсырма болса, облыстық спортшылар да жүлде үшін аянып қалмайды деген ойдамын. Сонымен қатар ағымдағы жылы М.Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы өтетін болса, келесі жылы Бексейіт Түлкиевтің 60 жылдық мерейтойы ұйымдастырылады. Осы екі бірдей арысымызды еске алуға арналған Халықаралық деңгейдегі турнирді жыл сайын дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз.
Ғани Маханұлы ТЛЕБАЛДИН, Алматы қаласының таеквондо (WTF) федерациясының атқарушы директоры:
– Мұстафа Өзтүрікті еске алуға арналған чемпионаттың өткізілу дейгейі өте жоғары болды деуге толықтай негіз бар. Бұл ретте доянгте тартысты өткен жекпе-жектерді де атап өтуге болады. Әйтсе де, чемпионатты халықаралық стандартқа сай өткізу үшін Қазақстан таеквондо (WTF) федерациясының электрондық жүйемен қамтамасыз еткенін атап өткім келеді. Осы жүйенің арқасында барлық ақпараттарды үлкен экран арқылы көрсетуге, залды безендіруге Серік Қалықұлы біршама қаражат жұмсады. Атакент орталығы тегін ұсынған көрме залын таэквонда жекпе-жектерін өткізуге икемдеу үшін Республикалық спорт колледжі басшылығы көрермендер трибуналарымен жабдықтап, үлкен үлес қосты. Чемпионатқа қатысушы барлық спортшылардың және оларды дайындаған жаттықтырушылардың еңбектерін әділ бағалау мақсатында төрешілер де аянбай еңбек етіп, әділдік аманатына адалдық танытты. Жалпы, еліміздегі таэквондо спортында Алматы қаласы спортшыларының бәсі жоғары десек артық айтқандығымыз емес. Себебі биылғы Әлем біріншілігінде жасөспірімдер арасында Нартай Оразбай күміс жүлдегер атанған болса, жеткіншектер арасында Артур Ким де екінші орынға ие болды. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған Ғалымжан Серікбай да – Алматы қаласының спортшысы. Ал ересектер арасындағы ұлттық құрама сапындағы спортшыларымыз да халықаралық ареналарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Атап айтар болсақ, Фариза Алдонғарова, Ерасыл Қайырбек, Ержан Абылқас сынды спортшылардың болашағына үмітпен қараймыз. Алматы қаласының спортшыларының тыңғылықты дайындалулары үшін арнайы спорттық база салу да келесі жылдың жоспарында бар екенін атап өтуге болады.