Ақша үшін арын сатқан спортшылар
Күні кеше немістің ARD телеарнасында «Допингтің құпиясы: Ресей қалай жеңіске жетіп жүр?» деген деректі фильм көрсетілді. Бұл фильмде ресейлік жеңіл атлет Лилия Шобухова 2012 Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Ресей жеңіл алетика федерациясына пара бергенін айтыпты, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Порталымызға шамамен осыдан үш-төрт ай бұрын бір оқырманымыз «Спортты ақша, әлемді секс билейді» деген тақырыппен бір материал жіберген болатын. Қазір сол есіме түсіп отыр. Мен бұл материалда оқырманның екінші тақырыпшасына тоқталмаймын. Менің қарайтыным бірінші тақырыпша. Яғни, «Спортты ақша билейді» деген бөліміне. Рас, бүгінге расында спортты ақша билейді. Оның себебі де көп. Мысалы, қандай да бір ел халықаралық деңгейдегі жарысты өз елінде өткізу үшін сол спорттың федерациясына қыруар ақша төлейтіндей де. Алысқа бармай-ақ, 2022 жылғы футбол тойын қабылдайтын Қатарды-ақ алуға болады. Бүгінде Таяу Шығыста орналасқан бұл елге Британия баспагерлері әлем біріншілігін өткізу құқығын пара беру арқылы сатып алды деп айып тағуда. Осы орайда мен ғаламторды ақтарып, ақша үшін арын сатқан спортшыларды санамалап көруге тырыстым. Бірақ, мұндай спортшылар көп емес. Десек те, мүлде жоқ деп айтуға да болмайды.
Ақша беріп Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды
Әңгімемізге негіз болған ресейлік жеңіл атлет Лилия Шобухова болған еді. Алдымен осы спортшының жағдайын қарастырайық. 37 жастағы спортшы Олимпиада ойындарының соңғы күні болатын марафон жарысында бақ сынаған. Бірақ, марафонның 23 шақырымында жарақатына байланысты жарыстан шығып қалған. Ал, 2013 жылы қанынан спортшыларға рұқсат етілмеген дәрумен табылмағаны үшін ол спорттан шеттетілген. Сөйтіп, Лилия Шобухова 2009 жылдан бері жеткістіктерінен айырылды.
Допинг дауына іліккен соң ол бірден спорттан кетті. Кейіннен немістің немістің ARD телеарнасы түсірген деректі фильмнің бас қаһармандарының бірі болған. Фильмде ол Олимпиада ойындарына қатысу үшін Ресей жеңіл алетика федерациясына 450 000 еуро көлемінде пара бергенін айтады. Бірақ, допингпен ұсталған соң ол федерацияға ақшаны кері қайтаруын талап етіп, тек жартысын ғана алғанын айтады.
Тиын үшін теннисшілер де сатылады
Бүгінде ақша үшін арын сатқан теннисшілер де жоқ емес. Негізі, мұндай жолмен оңай олжаны көбінесе африканың кедей елдерінен шыққан әлеуметтік жағдайлары нашар спортшылары табады дейді шет елдік басылымдар. Дегенмен, жоқшылық көрмесе де, қыруар қаржыны қимай өзінің спорттық атақ-дәрежесін сарп еткендер де баршылық. Мысалы, орыстың әйгілі теннисшісі Николай Давыденко АҚШ-та өткен бір турнирдің жартылай финалында әлі есімі таныс емес, ортаңқол теннисшіге ұтылып қалады. Кейіннен бұл ойынында Николайдың ұтысына букмекерлік кеңселерге 1 миллион доллардан артық бәс тігілгені анықталады. Осындай жағдайдан соң, қыруар ұтыстан зардап шегіп қалмаудың жолын іздеген кеңселіктер орыс жігітімен тіл табысып, ымыраға келеді. Ал осы кездесуге бар ақшасын тіккен бәсқұмарлар жеңіліп, қойған ақшаларынан қағылады.
Сондай-ақ келісілген ойынға қатысы бар деген күдікпен тағы бір ресейлік теннисші Теймураз Габашвили де айыпталған еді. Кейіннен бұл мәселеге Ресей теннис федерациясының басшылары араласып, теннисшіні арашалап қалды.
Алаяқтық жасаймын деп Олимпиададан шеттетілді
Оңай жолмен ақша тапқысы келетін спортшылар тіпті Олимпиада ойындарында да кездесіп жатады. Мысалы, «Тұманды альбионда» өткен төрт жылдықтың басты додасында келісілген ойындарға қатысы бар сегіз бодминтоншы Олимпиада ойындарынан шеттетілді. Бұл туралы The Guardian басылымы ақпарат таратқан еді.
Бұл жағдай қытайдың Ю Ян мен кореялық Юнг Кен Юн арасындағы ойында болған. Кездесу барысында екі спортшы да болмайтын қателіктер жіберіп, ойынды өздеріне қажетті есеппен аяқтаған.
Дәл осындай жағдай кореялық Ха Чжон Юн, Ким Мин Чжон жұбы мен индонезиялық Майлиана Джуари, Грейси Пол жұбы арасындағы кездесуде де болған. Бұл ойын барысында да екі құраманың спортшылары қателесіп, индонезиялық спортшылар қарсыластарына әдейі жеңілген деген мәліметтер бар.
Бірақ, бұл сегіз спортшының да дегендері болмады. Кейіннен ұйымдастырушылар мұның бәрі келісілгенін анықтап, сегіз спортшыны да Олимпиада ойындарынан шеттеткен.
Африка футболшыларына абыройдан ақша артық
Футболдан әлем біріншілігі аяқталғанына да біршама уақыт болды. Баршаңызға белгілі бұл жолғы әлем чемпионатында Германия құрамасы жеңіске жетіп, әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды. Бірақ футбол тойы бітсе де, оның айналысындағы алып-қашпа әңгімелер, әсіресе сыйақы төңірегіндегі дау-дамай біраз әңгіме болып жүр.
Сыйақы мәселесіне келгенде көкейге бірден Африка құрлығының өкілдері келеді. Өйткені, Африка құрлығының футболшылары (әрине, барлығы емес) ақшаға тоймайтын секілді. Алдымен сыйақы мәселесіне қатысты даудың бел ортасына Камерун құрамасы қалған еді.
Бұл құраманың футболшылары ел басшыларымен сыйақыға келісе алмай, біріншілікке барудан бас тартқан. Бірақ, абырой болғанда ол мәселеге мемлекет басшысы араласып, футболшылардың сұраған ақшасын тауып берді. Осыдан кейін ФИФА мүшелері қалған құрамаларға байланысты сыйақы туралы проблемма болмайды деп еді. Бірақ, қателесіпті ...
Әлем біріншілігіндегі екінші болып сыйақы туралы байбалаңды да Африка құрлығының құрамасы шығарды. Бұл жолы – Гана. Гана құрамасы әлем чемпионаты барысындағы ІІІ-турда бойкот жасай жаздады. Мәселе тағы да ақшаға байланысты. «Қара жұлдыздар» алғашқы екі турда ел жақтан хабар күтіп жүріпті. Ашығын айтқанда ақша күткен. Өздерінің әлем чемпионатының финалдық кезеңіне өткендері үшін берілетін сыйақыны талап ете бастаған. Екі тур бойы елеңдеп жүрген футболшылар ақыры жаттығудан да бас тартқан көрінеді.
Іс насырға шауып кетпесін деп, бұл жәйтқа дереу ел президенті Джон Драмани Махама араласып, құрама көшбасшыларымен келіссөз жүргізіп, сыйақыны дер уақытында қолдарына ұстататынына уәде береді. Бірақ, әрқайсысының жеке шотына ақша аударуға футболшылар келіспеген. Футболшылар тек қолма-қол ақша сұраған. Бірақ, мұндай ақшаны Гана футбол федерациясы бірден тауып бере алмағандықтан оларға үкімет көмектескен.
Дереу ақша жиналып, чартерлік рейспен Бразилияға жеткізілген. Ақша Бразилияға жеткен сәтте оны 200 қауіпсіздік қызметкері күтіп алады. Сөйтіп Гана құрамасы жатқан қонақүйдің бір бөлмесі күзетке алынып, әр футболшыға 100 мың доллар қолма-қол таратылды. Осылайша, Кевин-Принц Боатенг бастаған жігіттер жігерлене жаттығуға кіріскен.
Ақша алынып, қапқа салынған соң ганалықтар арқасын кеңге жайды. Тіпті бұл құраманың белді ойыншысы Салли Мунтари Бразилия көшелерінде ақша таратып жүр деген ақпар да шықты. Бірақ, қанша жерден Гана басшылары өз құрамаларын ақшамен жарылқаса да, футболшылардың көрсеткен көрсеткіштері көңілден шықпады. Өйткені, топтық кезеңде Гана АҚШ және Португалия құрамасынан 1:2 есебімен жеңіліп, Германиямен 2:2 есебімен тең ойнап, топтық кезеңнен шыға алмай қалды. Осылайша Гана құрамасының ойыншылары бірінші кезекте өздерін, екіншіден құрамасын, үшіншіден жанкүйерлерін жерге қаратты.
Тағы бір қоса кететін дүине, осы әлем біріншілігі барысында Бразилия мен Камерун құрамасы арасындағы ойын көп жанкүйердің көкейінде келісілген ойын ретінде қалды. Себебі, дәл осы матчтың алдында келісілген матчтарды ұйымдастырып, кейіннен теміртордан бірақ шыққан сингапурлық Уилсон Радж Перумал есімді азамат абақтыда отырып, өзінің Фейсбук парақшасына «Бұл ойын 4:1 есебімен аяқталады», - деп жазба қалдырған. Матч расында дәл сондай есеппен аяқталды. Тіпті, Перумал болжағандай бұл ойында бір футболшы алаңнан да қуылды
Ақша үшін бас бапкерін сатып кетті
Мадридтің «Реал» клубының бас бапкері Жозе Моуриньоның өмірбаяндық кітәбінің авторы Диего Торрес есімді азамат ақша үшін футболшылар бапкерді де сатып кеткеті туралы жазған. Бұл туралы The Times басылымы хабарлаған.
Ол 2011 жылы 16 сәуірде «Барселона» клубына қарсы ойында болған. Бұл екі қарсыластың арасындағы кездесудің басталуына жарты тәулік қалғанда испандық Marca басылымы «Реалдың» алдағы ойынға қатысатын футболшылар тізімін жария етіп жіберген.
Негізі, бұл ақпаратты бапкер футболшыларға құпия етіп сақтаңдар деп тапсырма берген екен. Дегенмен, ойынның басталуына жарты тәулік қалғанда «Реалдың» бір футболшысы құрамды айтып салған.
Дәл осы кездесуден кейін Моуриньо өзінің шәкірттерінен көңілі қалып, қатты ұрысқан. Кейбір деректер бойынша, Жозенің Мадридтен кетуіне басты себеп осы оқиға да болған көрінеді.
Роналду неге «Реалдан» кетпеді?
Өткен жылғы футбол айналасындағы басты тақырыптардың бірі -Роналдудың «Реал» сапынан кетуі туралы болды. Баршаңыз жақсы білесіздер, былтыр «Реал» клубының жетекшілері Роналдудың айлығының біраз бөлігін қысқартып тастаған еді. Содан кейін Криштиану клуб ауыстырамын деп, шағым да білдірген.
Бірақ, португалиялық шабуылшысы мен «Реалдың» президенті Флорентино Перес жеке кездесіп, ортақ бітімге келіпті. Британдық «Би-би-би» агентігінің жазуынша, сол кезде Перес Роналдуға: Сенің айлығыңды қысқартамын, бірақ міндетті түрде «Алтын допты» алып беремін деп уәде еткен-мыс.
Мұның біз қаншалықты рас екенінін білмейміз әрине. Дегенмен, Роналду «Реалда» қалды. Жалақысы да бұрынғыдай көп емес. Есесіне, өткен жылы «Алтын допты алды». Биыл да «Алтын допқа» үміткер үш футболшының қатарында...
Ресей құрамасы неге оңай топқа түсе береді?
Мейлі әлем чемпионы, мейлі еуропа біріншілігі қала берді іріктеу кезеңдері болса да футболдан Ресей құрамасы жеңіл топқа түсе беретін белгілі. Алысқа бармай-ақ соңғы әлем біріншілігін алайық. Бразилияда өткен біріншілік барысында Ресей құрамасы Бельгия, Оңтүстік Корея, Алжир құрамаларымен бір топқа түсті. Өзге топтармен салыстырғанда Ресейдің тобы әлдеқайда жеңіл болды. Бірақ, Фабио Капелло шәкірттері бұл мүмкіндікті де пайдалана алмай, топтан шыға алмады.
Осыдан кейін көкейге неге ылғи Ресей құрамасы жеңіл топқа түсе береді деген сауал келеді. Бұл сұраққа Британияның The Telegraph басылымы жауап іздеп көріпті.
Басылымның пайымдауынша, мәселенің барлығы жеребеге байланысты екен. Жеребе алдында өзге шарларды бір жерге, ал Ресей құрамасы жазылған шарды тоңазытқышқа салып, бір бөлек сақтайды. Ал, жеребе тартылу кезінде оңтайлы топқа түсіру үшін тозытқышта тұрып әбден салқындаған шарды алып шығады-мыс...
Айтпақшы ...
Айтпақшы, мұндай даулы жағдайларға Қазақстан спортшыларының да қатысы бар. Бірден айта кетейік, бірақ нақты дәлелдер жоқ. Әңгіме Александр Винокуров туралы.
Олимпиада ойындарының чемпионына Бельгия прокуратурасы ресейлік спортшы Александр Колобневке пара берді деп хабарлаған еді. Тергеу мәліметі бойынша, 2010 жылы Винокуров бір күндік "Льеж - Бастонь - Льеж" бәйгесінің мәресінде Колобневтің тізгінін тартқаны үшін оған 150 мың еуро берген...
Бұл жәйтқа байланысты SkySports.com порталы Льеждегі прокуратура екі шабандозға да жемқорлық фактісі бойынша айып тағылғанын, сот отырысы 2015 жылдың басында өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ аталған портал егер Винокуровтың кінәсі дәлелденсе, ол алты айдан 36 айға дейін бас бостандығынан айырылып, 600 еуродан 300 мың еуроға дейін айыппұл төлеуі мүмкін екенін айтады.
Тағы бір мысал. Кейбір деректер бойынша келісілген ойындар Қазақстан футболында да бар көрінеді. Оған дәлел ретінде отандық БАҚ жуырда ғана болған «Астана» мен «Қайрат» арасындағы ойынды айтып жүр. Естеріңізде болар, осы ойыннан кейін «Қайрат» клубтың бес негізгі ойыншыларын команда қатарынан аластатқан еді. Кейбір мәліметтер бойынша, дәл осы бес ойыншы «Астанаға» қарсы болған ойынды «сатып» жіберген-мыс.
Түйін
Әрине, жоғарыда біз санамалап берген спортшылардың барлығын жүз пайыз пара берді немесе пара алды деп айыптауға болмайды. Себебі, бізде оған нақты дәлел жоқ. Мұның бәрі тек БАҚ бетіндегі әңгімелер.
Бізден кеңес
ARD телеарнасында «Допингтің құпиясы: Ресей қалай жеңіске жетіп жүр?» деген фильмі қазір ғаламторда бар. Бірақ, әлі де болса аударылмаған. Неміс тілінде. Егер, көргілеріңіз келсе мына сілтемеден қарай аласыздар.
Жуырда бұл фильмнің екі бөлімі шығады. Ол жерде неміс тілшілері Ресей спортшылары Сочи Олимпиадасында қалай топ жарғаны туралы айтылады.
P.S. Мен ғаламтор бетінен ақшаға қатысты дауға ұшыраған осы спортшыларды ғана таптым. Мүмкін, параға қатысты басқа да спортшылар бар шығар. Егер, ондай сполртшылар туралы біліп жатсаңыздар бізге жіберулеріңізге болады.