Аруларымыз Азияны үшінші рет бағындырды
Кеше шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы VІІ қысқы Азия ойындары бағдарламасындағы мұзайдын додасы аяқталды. Қазақстан қыздары Қытай құрамасын 4:1 есебімен тізерлетті, үшінші рет Азия ойындарының чемпионы атанды.
Кейінгі 12 жылда Александр Мальцев жаттықтыратын қыздарымыз қиындыққа төзе білетін жанкешті команда болып қалыптасқандықтарын көрсетті. Ауызбірліктері де адам қызығарлықтай. Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын коньки тебу білетін қыздарды жинап (негізінен, мәнерлеп сырғанауда бағы жанбаған жас қыздардың басын қосып), қолдарына хоккей таяқшасын ұстатып, оларды шайбалы хоккейге баулып еді Александр Иванович. Сол командасы аяғына жаңа тұра бастағанда осы Жапония мен Қытай қыздарынан оңбай ұтылып жүретін. Бір кездесуде біздің қақпаға он шақты голдан соғатын — осы қытай мен жапонның қыздары. Бірақ қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде Мальцевтің командасы Қытай мен Жапонияны тықсыра бастады.
Хоккей ойнауды олардан кейін бастаса да, Азия ойындарын үшінші рет жеңіп алып отыр. Мальцев болса, басқа бапкерлер сияқты, жеңіске төте жолмен жетуді көздеп, ұлттық құрама сапына шетелден легионер іздеп, соларды тартып жүрген жоқ. Әрі қайда барса да, Олимпиада ойындары болсын, әлем чемпионаты болсын, Азия ойындары болсын, команда құрамында қазақ қыздары болғанын қалайды. Қаракөз қарындастарымызды осы дүбірлі додалардың бәріне апарып жүр. Бәлкім, қазақ қыздары мұзайдынға көп шықпайтын шығар да, бірақ олар – әрдайым команда сапында! Мальцевтің командасы біздің республикамыз сияқты көп ұлтты. Әсіресе аралас некеден туған қыздар көп. Бірақ бәрі де қазақтың намысын қорғайтындарын жақсы білетіндей. Әнұранды қалай орындайды! Бастарына орамал тағып шығып, шығыстың қыздары екендігін қалай сомдайды! Мың да бір алғыс, сізге Александр аға! Қазақ халқы сізге риза деп ойлаймыз. Бапкер біткеннің бәрі сіздей болса, арман жоқ...
Ал енді Ақ Азиада бағдарламасындағы мұзайдын додасына келейік. Шайбалы хоккейден қыздар арасындағы дода бір айналымдық жүйемен өткен. Сондықтан мұнда финалдық ойын деген болған жоқ. Алайда бірінші орынға Қазақстан, Жапония және Қытай қыздары таласатын болғандықтан, осы үш команда арасындағы үш кездесу финалға баланған. Соның алғашқы екеуі, шынымен-ақ, тартысты өтті. Қазақстан – Жапония және Жапония – Қытай матчтарында жеңімпаз ойынның негізгі уақытында анықталмай, табан тірескен дүлей додаға айналды. Алғашқысында овертаймда да гол соғылмай, біздің қыздар тек буллитте жеңіске жетсе, екіншісінде Жапония арулары овертаймда гол соғып, қуанышқа кенелді. Бір қызығы, екеуінде де жеңіліп жатқан команда жеңіске жетті. Бұл аталған үш команданың деңгейлері шамалас екендігіне бұлтартпас дәлел бола алатын дәйек еді. Сондықтан үшінші матчты да асыға күттік.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Үшінші қызықты матч Қазақстан және Қытай қыздары арасындағы ойын болуы керек еді. Бірақ бұл ойын жоғарыда сөз болған екі кездесудей тартысты болмады. Біздің қыздар халықаралық додаларда бірнеше жыл тәжірибе жинап, ысылған команда еді. Яғни тәжірибелері мол және техникалық шеберліктері де жоғары. Жапония арулары қарқынды жылдамдықтарына иек артып, шапшаң қимылдарымен, екпінді ойын өрнектерімен көпшілікті тәнті еткен. Ал Қытай құрамындағы қыздар 20-ның ар жақ, бер жағындағы жас ойыншылар болса да, осындай жоғары жылдамдықтағы ойын үлгісін көрсетпеді. Әсіресе Қазақстан құрамасымен болған матчта жапондар сияқты біздің қыздарды әбігерге түсіре алмады. Себебі мұндай маңызды матчта да біздің бас бапкеріміз (Александр Мальцев) айдынға тек тәжірибелі ойыншыларымызды шығарады. Екі немесе үш бестікпен ғана ойнайды. Ал бұл бестіктердегі қыздарымыздың бірсыпырасы 30-дан асып кеткен ойыншылар еді. Қытай құрамасын баптайтын финн жаттықтырушылары осыған көңіл бөлмегендей. Әйтеуір, олар жоғары қарқынды ойын өрнегін көрсете алмады. Ал мұндай ойында біздің қыздар есе жіберсін бе? Жоқ, әрине! Негізінен, өз қақпаларына гол жіберіп алмауды ойлап, шектен тыс мұқият ойнауға тырысып жүріп-ақ, алғашқы екі кезеңде бір-бір голдан соғып, алға шықты. Тек үшінші кезеңнің аяғына қарай арқаларын кеңге салып, тізгіндерін біраз босатты. Бұл матчта екі голды Елена Штельмайстер соқты. Осы жерде бір қызықты жайтқа көңілдеріңізді аудармақпыз, осыдан төрт жыл бұрын Чангчуньдегі VІ қысқы Азия ойындарының соңғы матчында Жапония құрамасының қақпасына Татьяна Штельмайстер екі гол соққан еді. Сол ойында біздің қыздар жапон аруларын 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанған. Хоккейшілеріміз елге оралған соң, Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов Татьяна Штельмайстерге «Деу Матиз» автокөлігінің кілті мен құжаттарын табыстаған. Кіші Штельмайстер сол кеткеннен мол кетті. Әйтеуір, көрінбей кетті. Бас бапкер Александр Мальцев «ол хоккейді қойды қазір» дейді. Қайта орала ма мұзайдынға, жоқ па – белгісіз. Ал сол жолы Чангчуньге бара алмаған әпкесі әлі ойнап жүр. Бірақ ол осы ойында екі гол соқса да, үздік ойыншыға берілетін жүлде оған бұйырған жоқ. Бұл кездесуде матчтың үздік ойыншысы болып команданың сұрмергені Зарина Тухтиева танылды. Басқа басқа, бірақ Заринаның үздік аталатындай жөні бар. Жапониямен болған шектен тыс шиеленісті матчта да осы Зарина маңызды голдарды соғып, ұлттық құраманы жеңіске жетелеп еді. Соңғы ойында да маңызды голды соғып, қарсыластарымыздың сағын сындырды.
Ойын аяғында Қытай қыздары бір гол соғып, соңғы минутта қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырып, қарекет қылмақ болып еді, біздің қыздар тағы бір гол соғып, олардың аптығын су сепкендей басты. Есеп – 4:1. Қытай тізерледі. Қазақстан – чемпион!