Балқашта балғын балуандар белдеседі
Былтыр маусым айының басында еркін күрестен еңбек және спорт ардагері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Сағжан Аманжоловтың жүлдесі үшін боз кілем турнирі өткізілген болатын. Дәстүрге айнала бастаған бұл турнир биыл да Балқаш қаласында өткізілмек. Тек биылғы дода ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, оған айрықша көңіл бөлінуде. Маусым айының 3-5-і аралығында өтетін бұл турнирде 1995-1996 жылдары туған жасөспірім балуандар белдеседі.
Сағжан Аманжолов ақсақал жас кезінде еліміздегі өте талантты бағландардың бірі болған. Спорттық карьерасына үңілсек, еркін күрестен Қазақстанның және Орта Азияның бірнеше дүркін чемпионы, қазақ күресінен 1957-1958 жылдардағы Қазақстан чемпионы, 1959 жылғы Мәскеуде өткен КСРО халықтарының II спартакиадасында қазақ күресін насихаттауда бас жүлдегер атанған. 1960 жылы Украинаның Харков қаласында өткен Бүкілодақтық студент жастар ойынының жүлдегері. Кезінде еркін күрестен Кеңестер Одағының чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, 60-жылдардағы халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әбілсейіт Айханов ағамызбен бірге жүріп жаттыққан екен. Әбілсейіт ағаға сенсек, Қажымұқанның ізбасары атанған даңқты балуанымыз жас кезінде осы Сағжан ағамен боз кілемде екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіліп қалыпты... Әбілсейіт аға күні бүгінге дейін Сағжан Аманжоловты сыйлайды, мүмкіндігінше араласып тұрады. Былтыр осы турнирдің ашылу салтанатына келіп, кеншілер қаласының көзайымына айналған.
Биылғы турнир қарсаңында Сағжан Аманжолов ағамызбен жолығып тілдескенімізде, бірінші кезекте осы турнирді өткізуге атсалысып жүрген атпал азаматтарға алғыс жолдағысы келетіндігін білдірді:
– Былтырғы турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткен қала әкімі Қадыржан Тейляновтың, Қарағанды облыстық маслихатының хатшысы қызметін атқарған Қасымбек Медиевтің турнирдің ашылу салтанатына қатысуы оның мәртебесін өсірді. Олардың жас балуандарға игі тілек жолдауларын спортқа танытқан жанашырлықтары деп білемін. Сондай-ақ Балқаш туралы жазылған екі томдық «Мыс алыбы» кітабының авторы Сәтімжан Санбаевтай тамаша жазушының турнирдің қадірлі қонағы болуы жас жеткіншектерге қолдау болды. Балқаш қаласында да өткенді ұмытпай, спортшы зейнеткерлердің ұлттық спортқа сіңірген еңбектерін елеп, аталмыш турнирдің өткізіле бастағаны қуантады. Қала әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған турнирдің басы-қасында қалалық спорт бөлімінің бастығы Ізбасар Шайкенов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әбіш Балжігітов, жекпе-жек спорт мектебінің директоры Қасымхан Жұмабаев бастаған спортшы азаматтар жүр. Спорт салауаттылықтың, ұлт саулығының кепілі ғой. Қазіргі жастарға мол тәжірибемізді сіңіріп, оларға үлгі аларлықтай көмегіміз тиіп жатса, тамаша болар еді, – деп ағынан жарылды.
Содан соң «Адам өмірі уақытқа бағынбайды ғой. Былтыр ғана жас спортшыларды тәжірибесімен күреске баулып жүрген, еркін күрестен Қазақстанның екі дүркін чемпионы Танау Нығызбаевтай азаматтың және КСРО спорт шебері, Қазақстанның 1958 жылғы абсолюттік чемпионы Жакен Татиев сынды қанды көйлек жолдастарымның өмірден өтіп кеткені өзегімді өртеп, көзімді жасқа толтырады. Сондықтан адамның көзі тірісінде қадірлеп, ұрпаққа өнеге тұтқан Балқаштың билігінің басы-қасында жүрген азаматтарының терең түсініктеріне тәнті боламын» деп бір түйіп қойды.
Енді бір сөзінде Сағжан ақсақал:
– Балуандық өнердің қайталанбас қас шебері, ұлтымыздың бағына біткен мақтанышы Әбілсейіт Айханов «Алаш айнасы» газетіне берген «Мені еркелеткен де, өкпелеткен де – қазақ» деген көлемді сұхбатында «Талай мықтыны жеңсем де, жас кезімде Балқаштың Сағжан Аманжолов деген жігітімен екі рет күресіп, екеуінде де жеңіліп қалдым. Бірақ ол партия қызметіне ауысып, күресті ерте тоқтатты» депті. Алаштың Айхановы сынды азаматпен жас кезімізде күрестің ащы-тұщысын бірге татқанмын. Халықаралық аренада қазақтың намысын абыроймен қорғап, еліміздің беделін өсірген боз кілемде табысқан досымның осы сөздері мәртебемді асқақтатты. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген дана халқымның сөзі осындайда айтылса керек. Осының бәрі жастарға тәрбие болса, шіркін, – деп тебіренді.
Сағжан ағаның сөздерін тыңдап отырып ұққанымыз, күн санап қатары сиреп бара жатқан зейнеткер спортшы ағалардың арманы – жас ұрпақты отансүйгіштікке, салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Спорт деген үлкен ұғымның құдіреті туралы жастарға айта бергісі-ақ келеді екен. Жастар ұлы адамдардың өмір жолдарына тереңірек үңілсе, жол сілтер, ақыл берер талай дүниені аңғаруға болатындығына сенімді. Жастардың аңыз адамдармен бетпе-бет жүздесуінің маңызы зор екендігін де тілге тиек ете отырып, олардың ауыздарынан шыққан сөздердің жас ұрпақтың жадында мәңгілікке сақталып қалатындығына тоқталып өтті. Осы орайда Әбілсейіт Айханов секілді атақты балуанымыздың Балқаш қаласына ат басын бұруының маңызы зор екендігіне де көңіл бөлді.
Ең соңында «алдағы өтер турнирді серіктес жолдастарым, туған өлкем мен Қазақстанның намысын бірге қорғаған, жақында ғана өмірден өткен аяулы достарым, қазақтың көпшілікке танымал балуандары Жакен Татиевтің, Танау Нығызбаевтың, Қазақстанның 1957 жылғы чемпионы Мәди Смағұловтың, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 1956 жылғы КСРО ауыл шаруашылығы спартакиадасының чемпионы Серік Демесіновтің, 1958 жылғы Қазақстан чемпионы Сайлау Тұрғанбековтің, Қазақстан чемпионы, елімізге еңбек сіңірген бапкер Жұмажан Акеновтің рухтарына арнаймын» деді.