Балуандарымыз бәсекеге шыдас бере ала ма?
Семейде алдағы демалыс күндері ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған грек-рим күресінен дәстүрлі Қазақстан кубогы сарапқа салынады. Жыл сайын еліміздің беткеұстар балуандары Семей боз кілеміндегі белдесулерді асыға күтеді. Өйткені мұнда жас балуандар үшін үлкен мүмкіндіктің барлығы жасалған. Шеберліктерімен дараланып көзге түскендер ұлттық құрама сапына алынатындықтан, белдесулер өте тартысты болады. Аталмыш сынның сонау 1994 жылдан бері қарай басы-қасында жүрген білікті маман, ҚР күрес федерациясының вице-президенті Әсемхан Досқожынов мырзамен алдағы ел кубогы турасында аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Әсемхан аға, ҚР күрес федерациясының вице-президенті ретінде алдағы ел кубогының мақсаты мен мәні жайына тоқтала кетсеңіз...
– Әрине, мен ҚР күрес федерациясының грек-рим күресі бойынша вице-президенті болғандықтан, аталмыш сынның ұйымдастырылуы мен өтуіне толыққанды жауап беремін. Оның бер жағында күрес жанашыры ретінде еліміздің грек-рим күресінің балуандары елішілік додалар болсын, әлемдік аренада болсын ойдағыдай өнер көрсетуіне өзімнің қол ұшымды беріп келемін. Бұл ел кубогы жолындағы Болат ағамыздың турнирі – Семей қаласындағы өте ірі және дәстүрлі түрде өтетін бәсекелердің бірі. Жергілікті халық тағатсыздана тосатын турнир. 17 жылдық бай тарихы бар сында елімізге танымал қаншама балуан белдесті. Тіпті Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченконың өзі осы Семей боз кілемінде бақ сынаған. Одан қала берді әлем чемпиондары Бақтияр Байсейітов бауырымыз бен Мкхитар Манукияндар, Әсет Мәмбетов, Нұрбақыт Теңізбаев пен Нұрмахан Тінәлиевтер, өзіміздің Алмат Кебіспаев пен Дархан Баяхметовымыз – осы Семей боз кілемінен дараланған балуандар. Сондықтан жастарға тәрбиелік мәнісі бар сынның еліміздің грек-рим күресіне бергенінен берері әлі де мол.
– Осы ел кубогын халықаралық турнир ретінде өткізуді жоспарлаған едіңіздер, ол жағы қалай болып жатыр?
– Шыны керек, халықаралық деңгейде өткізуге біздің шамамыз жетеді. Ұйымдастырушылық қабілетіміз де бар. Ондаған жылдан бері қарай өзіндік тәжірибе қалыптастырдық. Күні биылға дейін спорт кешені қолбайлау болып тұр. Семей қаласында әлемдік талаптарды қанағаттандыратын спорт кешені жоқ. Биыл ғана жаңа кешен пайдалануға берілді. Бірақ көрермен аз сияды. Одан кейін айтарымыз, грек-рим күресінде Қазақстанда төл чемпионатымыздан басқа дода жоқ. Сол себептен де жастардың томағасын сыпырып, болашаққа бағдар беретін – осы ел кубогы жолындағы бәсеке. Сол себептен де халықаралық бәсеке туралы әңгімені қоя тұрайық. Өткен жылдары Болат ағамыздың атындағы ел кубогы бәсекесін командалық есепте де өткізіп көрдік. Бұл қай аймақта, қай салмақ дәрежесінде балуандар тапшы екенін анықтап берді. Жастардың өз шеберліктерін паш етуіне мүмкіндік жасайтын осы турнирді қолымыздан келгенше жыл сайын өткізіп тұрсақ, бұдан біздің грек-рим күресі пайда көрмесе, зиян шекпейді. Ізбасарлар ісі жақсы жолға қойылады. Ұлттық құрама сапында бәсекелестік пайда болады.
– Әсемхан аға, бәскелестік деп айтып қалдыңыз. Біздің елде грек-рим күресінде қай салмақта бәсекелестік күшті?
– Ауыр салмақтарда ғана бір-екі балуаннан ғана бар. Ал қалған салмақтарда деңгейлері мен шеберліктері бірдей бірнеше балуаннан барын мақтанышпен айта аламын. Арыға бармай-ақ, Алмат Кебіспаевтың шығуы – осы салмақтағы мықты бәсекелестіктің нәтижесі. Нұрбақыт Теңізбаев, Ербол Қоңыратов, Елдар Қайратов сынды білікті балуандар – бір-біріне лайықты қарсыластар. Сол себептен де нәтиже пайда болды. Қазір 55 келі салмақ дәрежесі кемшін тартып тұрғандай. Жастар арасында әлем чемпионы атанған Артур Үмбетқалиев әзірге ересектер додасына толыққанды араласа алмай жүр. 66 келіде Дархан Баяхметовке, Айбек Еңсеханов, Шыңғыс Қайырмағанбетов секілді қарсыластар бар. 74 келіде Лондон Олимпиадасының лицензиясына иелік еткен Асхат Ділмұхамедов те бірнеше жыл ұлттық құрама сапында жүрді. Тіпті ел чемпионы бола тұра, бірнеше жарысқа бармай қалды. Ал биыл бабы келісіп, бағы жанды. Барлық қарсыластарынан мықты екендігін көрсете білді. Бізде олқылық танытып тұрған салмақ – 84 келі. Мүмкін, осы ел кубогынан кейін жастардың арасынан талантты біреу бой көрсетіп қалар.
– Енді биылғы сынға тоқтала кетсеңіз. Танымал балуандардан кімдер белдеседі?
– Енді әлем чемпионатында жүлдеге ілінген Алмат Кебіспаев пен Нұрмахан Тінәлиевті және жарақатынан айықпаған Әсет Мәмбетовті бапкерлер алқасы бұл сыннан босатты. Тіпті лицензия алған Асхат Ділмұхамедовтің өзі боз кілемге шығады деп күтілуде. Қалған беткеұстар балуандарымыздың барлығының белдесулерін жиналған жұртшылық көреді. Сонымен қатар тартысты белдесулердің репортажын «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетеді. Сол себептен де қазақ елі бұл сыннан шет қалмайды деген ойдамын. Алдағы Азия чемпионаты мен халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын балуандар сапы осы сыннан кейін жасақталатын болады.
– Еліміздің балуандарын алдағы жылы қандай сын күтіп тұр?
– Бапкерлер алқасының арнайы жұмыс жоспары бойынша Олимпиадаға дайындалады. Сонымен қатар Азия аймағына бұйырған Лондон Олимпиадасының жалғыз лицензиялық іріктеу турнирі наурыздың соңы мен сәуірдің басында Алматы қаласында өтеді. Сол сында жетпеген жолдаманы толтыруымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет