Белдесулер сахнадағы қойылымнан басталды
Семейде грек-рим күресінен Қазақстан кубогы сарапқа салынды. Кубок жолындағы белдесулер Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Болат Тұрлыхановтың мемориалы ретінде ұйымдастырылды.
Семейдегі бозкілем бәсекесі басталмас бұрын осы сынға келген жаттықтырушыларға, спортшыларға және құрметті қонақтарға арнап жергілікті режиссердің «Мұзбалақ» атты қойылымы көрсетілді. Жергілікті театр актерлері ойнаған бұл спектакль қазақ жеріндегі спорт тақырыбына арналған алғашқы қойылым көрінеді. Бұл спектакль даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың спорттық ғұмырының тарихына негізделген. Көрермендерге ерекше ұнаған тартымды көрініс Дәулет Тұрлыхановтың Сеул Олимпиадасында Оңтүстік Корея балуаны Ким Ен Наммен күрескен финалдық белдесуі болды. Көрермендердің атынан театр қайраткерлеріне алғысын білдірген Дәулет Болатұлының анасы Мәрзия Айтбайқызы актерлердің кейіпкерлерді айнытпай сомдағандарын айрықша атап өтіп, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Ал ел кубогын сарапқа салуға еліміздің барлық аймағынан грек-рим күресіндегі үздік балуандарымыз келді. Тек ұлттық құрама сапында Гуанчжоу кілемінде белдескен жеті жігітімізге осы сынға қатыспауға рұқсат берілсе, есесіне биыл ғана жастар сапынан ересектер құрамасына өткен балуандарға өз шеберліктерін мамандар алдында паш ету үшін мүмкіндік беріліпті. Жастар арасында әлем чемпионы атанған Артур Үмбетқалиев ең жеңіл салмақта белдесіп, финалға дейін алқынбай жетті. Бас жүлде жолындағы текетіресте оны биыл Мәскеуде өткен әлем чемпионатында белдескен Жанкелді Әзікенов тосып тұрған. Екеуара белдесу өте шиеленісті өтті. Бір жарым минут бойы ұпай ала алмаған қос балуанның біреуін төреші төрттағандатты. Көк киім кигендіктен, бірінші Әзікенов төрттағандады. Оны бозкілемнен жұлып алған Үмбетқалиев екі ұпай еншіледі. Үзілістен кейін Үмбетқалиев «кочерга» әдісін қолданып, қарсыласын иығынан асыра лақтырды. Үш ұпай алуы тиіс еді, бірақ оны төреші есепке алған жоқ. Қайта Әзікенов таразы басын теңестірді. Әйтсе де шешуші кезеңде ширақ қимылдай білген Артур Үмбетқалиев жеңіске жетті.
66 келіде Сағи Исаев пен Ербол Қоңыратов бас жүлдені сарапқа салды. Бірнеше халықаралық сында
жүлдеге ілінген Ербол Қоңыратов екі кезеңде өз басымдығын байқатып, бірінші орын алды. Ал 84 келіде есімдері аса елге таныла қоймаған Жанарбек Қабдолов пен Шыңғыс Сыздықов финалда белдесті. Екі кезеңде ұпай санымен Қабдолов жеңіске жетті. Ал аса ауыр салмақта Әбдімәлік Сартбаевқа тең келер ешкім болмады. Ол финалда Бағлан Будановты ұтты.
Ал ел кубогы жолындағы екінші белдесулер күні тағы үш салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімдері белгілі болды.
60 келіде кілем иесі Бекжан Жарболов пен тәжірибелі балуан Ербол Қалабаев бас жүлдені сарапқа салған. Екеуара тартысты өткен белдесуде жеңімпаз тек үшінші кезеңде ғана анықталып, бір ұпай артық еншілеген Бекжан Жарболов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 74 келіде белді балуан Асхат Ділмұхамедовті жас буын өкілдерінің бірі финалда қапы қалдырып кетті. Бұл салмақта Мақсат Ережепов кубок иегері атанды. Ал 96 келіде Марғұлан Әсембеков үздік шықты. Ол финалда кілем иесі Серікжан Әлібаевты жеңді. Соңғы шешуші кезеңде Марғұлан қарсыласын өзінің әдісіне салып, кеудесінен асыра бірақ атты.
Енді әлемдік тәжірибеге сәйкес, ел чемпионаты үш күрес түрі бойынша бірігіп өтетін болды. 2011 жылғы ел чемпионаты Орал қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен наурыздың соңы мен сәуірдің басында өтеді.