Бердіқұлов додасы
Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдіахмет Бердіқұловты еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасындағы дәстүрлі теңбіл доп додасы биыл алғаш рет Астанада өтті, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Несіп Жүнісбаев қаламгер ағасы туралы естелігінде: «Қазақ қаламгерлерінің арасынан түу сонау жер түбінде доп теуіп жатыр екен-ау деп, тұңғыш сапарға барған да осы – Сейдахмет Бердіқұлов. Футболдан Англиядағы, Мексикадағы әлем чемпионаттарына куә болып, сол бір теңдессіз оқиғаларды одан да теңдессіз көркем тілмен, ғаламат көрікті оймен халқына кітап етіп ұсына алуы айрықша ерлігі Сәкеңнің», – деп жазады.
Қолдарына қалам ұстаған қауым жылда көктемнің шуақты күнінде жиналып, шүйіркелесіп, Бердіқұлов атындағы мерейлі турнирде бас қосады. Ал биылғы доданың жөні тым бөлек. Сейдағанның дүниеден озғанына 20 жыл толса, турнирдің өткізілгеніне де осынша уақыт болыпты. Сонымен қатар әдеттегідей Алматыда емес, биыл тұңғыш рет Астанада ұйымдастырылды.
Еліміздің бас шаһарында БАҚ-тан құралған 12 команда бақ сынады. Олар – «Алматы» «Қазақстан», «Хабар-Алматы», «Хабар-Астана», «Қазспорт», «Астана» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы» газеттері, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасы, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі және «Қазмедиа» орталығының құрамасы. Аталған командалар үш топқа бөлінді. Бекітілген ереже бойынша әр топтан үздік шыққандар мен екінші орын алғандардың арасында ең көп ұпай жинаған бір команда жартылай финалға жолдама алады.
«А» тобында «Қазақстан» мен «Хабар-Астана» алғашқы екі турда қарсылас шыдатпады. Екінші күні өзара кездесіп, жартылай финалға кімнің лайық екенін анықтады. Еліміздегі ең басты екі арнасы арасындағы дербиде «Хабар» жігіттерінің бағы жанды.
«В» тобында жағдай да біраз шиеленісті болды. Әйтсе де, Алатаудың баурайынан келген «АлматыТВ» командасы үш астаналық команданың арасынан сурылып шықты. «С» тобында Оңтүстік Қазақстан облысы мен «Хабар-Алматы» алдарына жан салған жоқ. Әсіресе, шымкенттіктер «Қазмедиа» орталығының қызметкерлерінен құралған команданы 8:1 есебімен ойсырата ұтты. Осы матчта белгілі тележурналист, бүгінле ОҚО әкімі аппапаты жетекшісінің орынбасары, баспасөз хатшысы Берік Уәли 6 гол соғып, аладопта да алар еншісі бар екенін көрсетті. Футбол терминінде бір ойында кімде-кім 6 гол соқса, ол «гекса-трик» деп аталады.
Бұл топтан жартылай финалға екі команда шықты. Оның біреуі ОҚО құрамасы болса, екіншісі – «Хабар-Алматы». Өйткені екінші орын алғандардың ішінде ұпайы көп ұжым осы Алматының «Хабары» болды.
Сөйтіп, жартылай финалда «Хабар-Астана» мен «Алматы» және ОҚО мен «Хабар-Алматы» ақтық бәсекеге берілетін жолдаманы өзара сарапқа салды. Бұл жерде тәжірибенің, шеберліктің рөл ойнағанын айта кетпеске болмайды.
Алматының «Хабары» мен оңтүстік жігіттері топтық бәсекеде тең түскен болатын. Жартылай финалда жолдары тағы тү йісті. Бұл ойынды жиналған жұрт осы турнирдің «эль-классикосы» деп атады. Оған себеп те жоқ емес. Біріншіден, екі команда жарыс басталғалы тамаша өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Гол соғу жағынан да басқалардан оқ бойы озып тұрды. Ал үстеріне киген жейделері – Испанияның атақты «Барселона» мен «Реал» клубтарының спорттық формалары. Жалпы, матч өз атына сай болды. Бірінші таймда есеп ашылмаса, екінші кезеңде «Хабардың» тәжірбиелі жігіттері екі доп соғып алғашқы финалист атанды. Осы тунирде ұзақ жылдан бері доп теуіп келе жатқан Амангелді Сейітхан, Жанарбек Әшімжан, Қанат Базылхан, Жандос Айтбайұлы, Жасұлан Қасымберкебаев секілді жігіттер көзге түсті.
Екінші жұпта «Хабардың» елордалық жастары турнирдің тағы бір тұрақты қатысушысы «Алматы» телеарнасымен жолықты. Ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Талғат Көжебаев бастаған жігіттер футбол лотереясында жеңіске жетіп, финалға шыққан екінші команда атанды.
Ал жартылай финалда жолдары болмаған «Хабар-Астана» мен ОҚО құрамасы үшінші орын үшін додаға түсті. Бұл кездесу де тартысты болды. 30 минуттың ішінде 7 голға куә болдық. Оның төртеуін Шымкент командасы соғып, «Хабар» жігіттерін жүлдесіз қалдырды. Бір айта кетерлігі, телеарнаның жігіттері өздеріне екі бірдей автогол кіргізіп алды.
Финалда алматылық командалар кездесті. Осы тунирде бірнеше рет жүлдегер атанған «Алматы» мен «Хабар» – Алатау төрінде талай кездескен командалар. Сондықтан бір-бірінің артық-кем тұстарын жатқа білетіндері көрініп тұрды. Ойынның негізі бөлігі 1:1 есебімен аяқталды. Бердіқұлов турнирінің жеңімпаз тағдыры тағы да пенальти сериясында шешілді. «Хабардың» бір командасын пенальтиден ұтқан «Алматы» арнасы екіншісін де дәл солай жолынан ығыстырып, Астанадағы турнирдің чемпионы атанды.
Елорда төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылған турнирдің барлық жүлдесін қонақтар олжалады. «Астана Арена» стадионында сырттан келгендерге ұлттық құрамамыз қандай қонақжайлылық танытса, астаналық журналистер де дәл солай «жомарттық» көрсетті.
Турнирдің үздіктері:
Үздік ойыншы: Талғат Көжебаев («Алматы»)
Үздік шабуылшы: Берік Уәли (ОҚО құрамасы)
Үздік қақпашы: Нұрахмет Бектұрғанов («Хабар-Астана»)
Үздік қорғаушы: Жасұлан Қасымберкебаев («Хабар-Алматы»)
Үздік төреші: Дана Үсенова
Заңғар БЕРДІҚҰЛОВ, Сейдахмет Бердіқұловтың ұлы:
– «Астана арена» секілді стадионда әкемнің ізбасарлары мен шәкірттерінің басын қосып отырған Спорт және дене шынықтыру істері агенттігіне алғысым шексіз. Әкемнің туған күні 9 мамыр қарсаңында ұйымдастырылатын бұл дода – отбасымыз үшін үлкен мереке. Себебі, бұл кезекті турнир ғана емес, әкеме көрсетілген құрмет деп білемін. Өкінішке қарай, бұл жолы Алматыдан қызымыз екеуміз ғана келдік. Егер келесі жылы да Елорда төрінде өтетін болса, алдын ала қамданып, туған-туыстарымызбен бірге тамашалайтын боламыз. Кезінде Алтынбек Сәрсенбаев ағамыздың бастамасымен қолға алынған іс-шара күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. «С.Бердіқұлов атындағы турнир» барда әкем де тірі секілді.
Бір кездері аталмыш турнир әкемнің достары мен әріптестірінің бас қосатын орны болатын. Ардақ тұтатын алып тұлғалардың осында келіп шүйіркелесіп отыруын көрудің өзі ғанибет еді. Ал қазір қатарластарының да саны азайған. Соған қарамастан, әкемнің тәлімін алған, шығармаларын оқып өскен шәкірттері әлі күнге дейін ол кісіге деген құрметін көрсетіп келеді. Бұған дейін Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған «С.Бердіқұлов атындағы турнир» биыл тұңғыш рет Астанада өтті. Алдағы уақыттарда еліміздің өзге өңірлерінде өткізу мәселесін де қарастырып жатырмыз. Бірақ әзірге облыс басшыларының тарапынан қызығушылық болмай тұр. Сонымен қатар аталмыш доданы бірнеше топқа бөліп өткізуге қатысты сұрақ та шешімін таппай келеді. Мысалы, балалар, журналистер және кәсіби футболшылар арасында ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның барлығын жүзеге асыру үшін қыруар қаражат керек.
Тағы бір тілге тиек ететін жайт, өткен жылдармен салыстырып қарасақ, биылғы турнирде бақ сынаған командалар санының аздығы байқалады. Бұл Астана тұрғындарының спортқа деген қызығушылығының төмендігінен болар. Оның үстіне бұл жолы насихат аздау болған тәрізді. Қазіргі жастардың кітап, газет оқуға деген құлшыныстарының төмендігін ескерсек, жарнама, негізінен, әлеуметтік желілерде жасалу керек секілді.
Ал сыйақы қорына келер болсақ, қатысушыларға естелік сыйлықтар берілгені дұрыс. Алайда бұл мәселеге де аса сақ болған жөн. Қызығушылықты арттырамыз деп жеңімпаздарға тағайындалатын қаржыны қомақты етіп жіберсек, турнирдің негізгі мақсатынан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан бұл жерде кеменің басын тең ұстап тұру да маңызды.
Бүркіт АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры:
– Бұл турнирдің қазақ спортына бейжай қараматын әрбір азамат үшін маңызы үлкен. Бұлай дейтінім, біріншіден, осы турнирде бас қосқан журналистер бір-бірінің спорттық бабын тексеріп қана қоймай, достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік алса, екінші жағынан, өскелең ұрпаққа өнеге көрсету бақытына ие боламыз. Бұл жерде ұйымдастыру жағын толық мойындарына алған Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі басшыларының ерен еңбегін айта кетуіміз керек. Осы жерде мына мәселені көтере кетсем деймін. Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған Бердіқұловтың атында Алматыда әлі күнге дейін бір көше жоқ. Храпунов әкім кезінде көтерілген бұл бастама бүгінге дейін оңтайлы шешімін таппай келеді.
Бірін айтып, біріне кетіп жатамыз. Бүгінгі додада командалар саны аз демесеңіз, өзара бәсекелестік өте жоғары. Журналистеріміздің жеңіске деген құлшыныстарын көріп, іштей риза болдым.
Бұл кәдімгі той ғой. Өкінішке қарай, соны қалталы азаматтарымыз бен мекеме басшылары түсінбей келеді. Әйтпесе, пиардың ең қолжетімді әдісі осы емес пе?! Қатысып жатқандар ылғи БАҚ өкілдері. Киім-кешегі мен жолына аздаған қаржы бөлсе, командалар да, турнирдің деңгейі де әлдеқайда арта түсетін еді. Тіпті, бір Астананың өзінен қаншама команда шығаруға болады. Өзге қалалар да қарап отырмауы қажет. Тіпті, қиын соғады десе, бәлкім, әр облыста іріктеу турнирлерін өткізіп, өз өңірінде қара үзіп шыққандар ғана финалдық бәсекеде бақ сынайтындай етіп жасау керек шығар. Кезінде «Қазақ энциклопедиясында» жүргенімізде, Сейдағаңның турниріне ойыншылармен қоса ұжым толық келетін. Өзіміздің ұранымыз да болды. Ал жанкүйерлеріміз қиқулап қолдап отыратын. Сондай сәттерде өзіңді кәсіби футболшы сезініп кетесің. Ал қазір көптеген басшылар, қызметкерлер тек жұмыс істеуі керек деген көзқараспен шектеліп қалған.
Марат БӨЛЕГЕНОВ, «Астана арена» стадионы директорының орынбасары:
– Бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген додалардың бірі осы «С.Бердіқұлов атындағы» турнир. Биыл Қазақстандағы спорт журналистикасының негізін қалаған Сейдахмет ағамызды еске алуға арналған турнирді Астанада өткізу бақыты бұйырды. Сейдағаң секілді ұлы тұлғалардың есімдерін жас ұрпаққа дәріптеу – бізге жүктелген міндет. Мұндай турнирлер бір ұжымның, бір салада қызмет ететін азаматтардың ғана қатысуымен шектеліп қалмауы қажет. Бүгін Бердіқұлов кубогы журналистер арасында ғана сарапқа салынса, алдағы жылдары бұл додада кәсіби споршылар да бақ сынайды деген үміттемін.
Берік УӘЛИ, ОҚО әкімінің аппарат басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы:
– С.Бердіқұловты еске алуға арналған турнир өз үдесінен шықты деп ойлаймын. Бірінші рет еліміздің бас аренасы «Астана арена» стадионында ұйымдастырылды. Бұл – спортты насихаттап жүрген журналистер қауымы еңбегінің өтеуі. Осы аренада әлемнің қаншама мықтылары доп тепті. Златан Ибрагимович, Месут Озил, Марко Ройс, Лука Модрич өнер көрсеткен жерде журналистердің де доп тебулері – үлкен жетістік.
Биылғы додаға алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысының командасы қатысты. «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті» «Жебе» газеттері және «Отырар» телеарнасы журналистерінің басын қосып, бір құрама жасақтадық. Жай ғана қатысып қойған жоқ, жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Алдымызға үлкен мақсат қойғанбыз. Сол межені орындадық. Бұл – біз үшін мақтаныш. Кеудемізді қуаныш кернеп тұр. Әрине, аз-маз қателік жібермегенде, бас жүлдеге ие болуымыз мүмкін еді. Дегенмен бұған өкінбейбіз.