Биік белеске беттеген Бауыржан

Биік белеске беттеген Бауыржан

Жер шарының әр қиырынан келген үздіктер дүниежүзілік дүбірлі дода барысында жеңісті қолдан бергісі келмейді. Онда мықтының мықтысы, жүйріктің жүйрігі, білектінің білектісі ғана топ жара алады. Спорт осындай ерекшелігімен қызықты көрінеді. Соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері қазақ елінің намысын қорғап жүрген үкілі үмітті жастарымыз бізді жерге қарата қойған жоқ. Сан алуан бәйгені еншілеп, елде отырып тілеуін тілеп, тақымын қысқан ағайынды осылайша көл-көсір қуанышқа бөлеп жүрген мықтыларды сан мәрте көзіміз көрді.

Рас, кейбір спорт түрлерінен бүгінгі күн­ге дейін қоржынымыз бос болып кел­гені де жасырын емес. Әсіресе түп-төркіні жапон жерінен бастау алатын дзюдо біз үшін көп жылдар бойы шағылмайтын жаң­ғақ, алынбайтын асу, бағынбайтын белес сияқты көрінетін. Бүгінде татами төріндегі тайта­ласта қарсыласын қапы қалдырып, тола­ғай табысымен елді қуантқан балуандар да шыға бастағаны қуантады. Мәселен, ересектерде Максим Раков, жастардан Ел­дос Сметов әлем чемпионы атанып, бе­дел­ді бәсекенің төрінде тұрып, еліміздің Туын көкте желбіретіп, Әнұранды орындат­ты.
Жақында осындай үлкен табысқа жас­өспірімдер арасында 55 келі салмақта қызылордалық Бауыржан Жауынтаев та қол жеткізді. Біз өрімдей өренмен жүзбе-жүз кездесіп, дүниежүзілік додадан алған әсерімен бөліскен едік.
– Әлем біріншілігіне баратын құ­рама тізіміне қосылғанда қандай көңіл күйде болдың? Алған әсерің қандай?
– Спортшы осындай додалар арқылы өседі емес пе?! Әрбір халықаралық сын біздің тәжірибемізді арттырады. Шебер­лігімізді шыңдайды. Ал әлем біріншілігі секілді бәсекенің маңызы өте зор. Онда төрткүл дүниенің кіл мықтылары жиналып, әрбір салмақта жеңімпазды анықтайды. Сон­дықтан мен бұл біріншілікке тыңғы­лықты әзірлік жүргіздім. Бапкерлердің ақыл-кеңесіне құлақ түрдім. Олқы соғып жатқан тұстарым болса, соларды түзеуге көңіл бөлдім. Әрине, мұндай мүмкіндік кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Әрбір қол жеткізген табысың өзіңе деген сеніміңді нығайтып, үлкен белестерге жетелей түседі ғой. Дзюдо Жапониядан бастау алғанымен, қазіргі таңда әлемнің барлық еліне тара­лып, спорттың бұл түрінен қаншама ше­бер­лер шығып жатқаны белгілі. Сол себепті дәл қазір әрбір қарсылас сені қапы қал­дырып кетуі ғажап емес. Мен осындай тыңғылықты дайындығым арқылы әлем чемпионы атағына қол жеткіздім деп ой­лаймын. Бірақ бірден айта кетейін, бұл атақ маған оңайлықпен бұйыра қойған жоқ. Қаншама тартысты белдесу өткіздім. Өзімнің жігерімді қайрай түстім. Қайра­тыма міндім. Нәтижесі белгілі. Алтынмен апталдым.
– Әлем біріншілігінде саған қандай қарсылас қолайсыз болды? Қай бел­десуіңді ерекшелеп айтар едің?
– Әрбірі де маған оңайға соққан жоқ. Аянбай тер төктім. Қарсыластың осал тұстарын іздедім. Соны тап басып, оларды тізе бүктірдім. Әуелі перулік балуан Патино Вилаграмен татами төрінде тайталасқа түскенмін. Оны өз әдісіме салып, біраз аунатып та алдым. Төрешілер шешімімен же­ңіс маған берілді. Келесі кезекте Украи­надан келген Каро Марандян жолықты. Екеуміздің белдесуіміз көп ұзай қойған жоқ. Небәрі бірінші минутта оны таза жеңіс­пен орта жолда қалдырдым. Одан кейінгі белдесуде жеңіске жетсең, жар­тылай финалға жолдама алу мүмкіндігі берілетін еді. Қарсыласым америкалық Адонис Диас болатын. Нағыз бабың мен бағың сыналар сәт. Намысқа тырыстым. Татами үстінде ширақ қимылдап, амери­калық балуанға қарсы әдіс қолдануға көңіл бөлдім. Ойлағаным жүзеге асты. Оны иппон әдісімен жеңіп кеттім. Жарты­лай финалда да осал балуан жолыққан жоқ. Грузиядан келген Эрекл Архозашвили де сен тұр, мен атайын деген секілді ширақ қимылдайтын шебер екен. Жүлде қол созым жерде тұр. Жеңілсең, қаншама төккен терің, еңбегің мен бапкерлер сенімі далаға кеткенмен бірдей емес пе? Осын­дай оймен белдесуге тас-түйін дайын­далып шықтым. Соның нәтижесінде мен ақтық сынға жолдама алдым. Финалдық белдесу де шиеленісті өтті. Италиялық Элиос Манзи де қолда тұрған алтыннан айрылуды қалайды дейсің бе? Екеуміз біраз тайталастық. Ол 2011 жылы кадеттер арасында әлем біріншілігінің күміс жүл­десіне ие болған. Белдесу қосымша уақыт­қа дейін созылды. Қосымша уақытта төре­ші мені жеңімпаз деп таныды. Осылайша жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, елімнің абыройын асқақтатып қайттым. Соған қуаныштымын.
– Бұдан бұрын қандай табыстарға қол жеткізіп едің? Ел біріншілігінде қанша мәрте чемпион атандың?
– Ел біріншілігінде бес мәрте алтын медаль иеленгенмін. Былтыр мені бапкер­лер жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігіне алып барды. Бұл дода да Қытайлық Тайпейде өтті. Одан да олжалы оралдым. Азия чемпионы атандым. Ха­лық­аралық деңгейдегі аламанға алғаш қатыссам да, жанкүйер сенімін ақтап қайтқаным өзіме деген сенімімді нығайта түсті. Бұған дейін былтыр Якутияда өткен «Азия балалары» ойындарында қола жүл­дегер болсам, Чехияның Теплице қала­сында Еуропа кубогының чемпионы атандым.
– Дзюдо күресін таңдауыңа не себеп болды? Сені несімен қызық­тырады?
– Мен осыдан он жылдай бұрын спорт­қа келдім. Ата-анам Қызылорда қаласында орын тепкен Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына алып келді. Сосын дзюдо үйірмесіне жазылдым. Бұл менің отбасым­ның ортақ шешімі болды. Алғашқы бап­керім – Қален Қалиұлы. Әлі күнге дейін сол кісіден тәлім алып жүрмін. Менің осын­дай жетістікке жетуіме бапкерімнің қосқан үлесі зор.
– Өзіңе қандай балуанды үлгі тұтасың?
– Маған жапон жігіті Тадахиро Номура­ның шебірлігі өте ұнайды. Одан біздің үйренетініміз көп-ақ. Оны өте мықты дзюдошы деп айта аламын. Бұл балуан – Олимпиадада үш мәрте чемпион атанған жампоз.
– Қолың боста немен айналысқанды ұнатасың?
– Мен алдыма үлкен мақсат қой­ғанмын. Әлі де жоғары жетістікке қол со­зуды қалаймын. Сол бағытта аянбай тер төгемін. Сондықтан мен үшін ең басты әуестігім – дзюдо. Қолым қалт ете қалған жағдайда танымал спортшылар жайын­дағы фильмдерді көргенді ұнатамын. Әрине, олардың арасында өзім үлгі тұтатын Тадахиро Номура да бар. Футбол ойнаймын. Бір мезет компьютерлік ойын­дарға да көңіл бөлемін. Кітап оқимын.
– Отбасың жайлы қысқаша айта кетсең?
– Мен 1997 жылы 14 маусымда Қар­мақшы ауданы Қуаңдария ауылында дүниеге келдім. Биыл спорттағы дарынды бала­ларға арналған мектеп-интернатты тамамдадым. Әкем Сабыржан мен анам Шамшырақ қарапайым еңбек адамдары. Кезінде әкем мен оның ағасы Батыржан күреспен айналысқан екен. Бірақ кәсіби деңгейде шұғылдана қой­маған.
– Енді жастар арасында күресетін шығарсың?
– Әрине. Бұл бәсекелерде де жанкүйер сенімін ақтауға тырысамын. Жоғары та­быс­тарға қол жеткізуді қалаймын. Оны уақыт көрсете жатар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста