Біздің олимпиадашылар
Епті Еркебұлан
Татами көрігін қыздырып жүрген қырандамыздың бірі – Еркебұлан Қосаев. Қаракерей Қабанбай бабамыздың ауылынан шыққан Қосаев та Тұманды Альбионға серуендеу үшін емес, ел намысын абыроймен қорғау үшін жол шегуге белін бекем буып отыр.
Еркебұлан Мұратбекұлы Қосаев
Салмағы: 60 келі
Туған жылы: 30.10.1988
Туған жері: ШҚО Үржар ауданы Қабанбай ауылы
Жеке бапкері: Аман Шәріпов
Бүкіләлемдік рейтингте: 13-орын
Жетістіктері: Әлемдік «Гран-при» бәсекесінің жеңімпазы (Абу-Даби, 2011 жыл). 2008-09 жылдардағы Қазақстан чемпионы. 2011 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. 2011 жылғы әлем кубогының кезеңдік турнирінің қола жүлдегері.
Дзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінде әр жылдары ел намысын қорғаған балуандарының ішінен Базарбек Донбай Сидней Олимпиадасында 5-орынға ие болып, Бусандағы Азия ойындарында күміспен күптелген. Одан кейін Саламат Отарбаев күресті, бірақ ерен жетістіктерге қол жеткізе алмады. Ал соңғы жылдары бұл салмақта бәсекелестік қайта қызып, Бақытжан Қожабеков, Еркебұлан Қосаев сынды балуандар бой көрсете бастады. Ал былтырғы әлем чемпионатына жастар арасында дүниежүзін бағындырған Елдос Сметов барды. Бірақ бұғанасы қатпаған жас өреніміз екінші айналымнан аса алмады.
Ал Лондон Олимпиадасына Еркебұлан Қосаев баратын болды. Халықаралық дзюдо федерациясының Олимпиада ойындарына іріктеген жаңа жүйесінде Еркебұланның бағы жанды.
Еркебұлан татамидің хас шебері болмаса да, кей сәттерде өз өнерімен көпшілікті сүйсіндіретіні бар. Бәрі де көңіл күйіне байланысты. Ол әйгілі Алакөлдің жағасында өскен. Бұрын Жарбұлақ, қазір Қабанбай ауылы аталатын Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты елді мекенде туған. Киелі ауыл – бұл. Алакөлден үш шақырым жердегі ауылдан 1998 жылы дзюдодан дүниежүзілік жасөспірімдер арасында топжарған Ерлан Сіләмбаев, Олимпиада ойындарына екі мәрте қатысқан Сағдат Садықов секілді белді балуандар шыққан.
Алғашқы бапкері – Аман Шәріпов. Дзюдомен айналысқанына 10 жыл болды. Алғаш рет 2004 жылы бапкерлер көзіне түсе бастады. Аман ағасы жасөспірімдер және жастар арасындағы додаларға қосқан. Еркебұлан бапкер сенімін ақтап, жасөспірімдер және жастар арасындағы ел біріншіліктерінде топ жарды. Содан соң ересектер арасында да (алғаш рет 2008 жылы Қарағандыда) Қазақстан чемпионы атанды. Бір жылдан соң ел біріншілігінде осы жетістігін қайталап, кездейсоқ чемпион болмағандығын дәлелдеді. Осылай 60 келіде белдесетіндер өзінен қаймығатындай дәрежеге жетті.
Артық сөзі жоқ, біртоға жігіт. Өзінің негізгі қолданып жүрген әдісі «диірмен» болатын. Сол «диірменге» түсіп қалып, шыр айналмаған балуан жоқ. Өкінішке қарай, Халықаралық дзюдо федерациясы бұл тәсілді алып тастап, Еркебұланға күресу қиынға түсті. Өзінің сүйікті әдісін ұмыту, бейімделу оңайға түскен жоқ. Биыл Алматыда өткен әлем шеберлері арасындағы турнирде өзбек Собировты жеңіп жатып, диірменге саламын деп, татамиден шығып қалды.
Олимпиада лицензиясы жолындағы ең көп ұпай еншілеген додасы – 2011 жылы Абу-Дабиде өткен «Гран-при» бәсекесі болды. Бiрiккен Араб Әмiрлiгiне әлемнiң 60 елiнен 370 татами шеберi келген болатын. Еркебұлан Қосаев бұл турнирде барлық қарсыласын иппон әдiсiмен таза жеңдi. Әуелі монакалық Ян Сикардидi, одан кейiн австриялық Людовиг Пайсчерді жықты. Жартылай финалда немiс Тобиаш Энгельмайердi жолынан тайдырды. Финалда моңғол үмiтi Болдбаатар Ганбатты сан соқтырып, жеңiмпаз атанды. Одан соң Грузияда өткен әлем кубогінің кезеңдік турнирінде жүлдеге ілінді. Тағы да бірнеше халықаралық турнирлерде жүлдегер атанды. Алматыдағы әлем кубогының кезеңдік белдесуінде қола медаль алды.
Еркебұлан Қосаев:
– Жақында елге барып келдім. Халықтың қошеметі ерекше. Ондайды күтпеп едім. Бәрі жолымның оң болуын тілеп, қамшылап жатыр. Жерлестерімнің, отандастарымның сенімін ақтау үшін аянбаймын. Бұл не белбеу кететін, не бел кететін жауапты сын ғой. Ауылым батыр атам Қаракерей Қабанбайдың атымен аталады. Баба аруағы қолдап, жүлдеге ілінуге тиіспін.
Аман Шәріпов, жеке бапкері:
– Негізі, Еркебұланның бойында қаракүші басым. Өйткені жастайынан көлге шомылып, күш-жігері әбден толысқан. Сол көл жағасында, жылда ауыл балалары арасында дзюдодан турнир өткізетінбіз. Бірде Еркеш келіп күресті. Айла-тәсілдерді онша білмесе де, күреске икемі бар екен. Содан бірден Семейге алып кетіп, тәрбиеледік қой. Былайша айтқанда, көлде жүрген жерінен алып келдік. Аз сөйлейді, өсек-өтірікке жаны қас. Өзгелер сияқты самбо немесе қазақша күрестен келген жоқ. Бұл орайда дзюдоға адал деуге болады. Үнемі жігерін жанып, намысын қайрап отыру керек. Кейде мен жанында болмай қаламын. Ал жанында мен жүрсем, үнемі жүлдеге ілінеді. Былайша айтқанда, маған үйреніп қалған, күрескенде мені көп тыңдайды. Қазір ұлттық құрама бапкерлерінің бірі Нұрбол Сүлейменовтің қол астында жаттығып жүр. Жолына үздіге, үлкен үмітпен қараймын. «Чемпион болмаса да, жүлдеге іліну керек» деп топшылап отырмыз. Тәжірибе жинап, ысылып қалды. Енді тек іске сәт дейміз.
Басты қарсыластары
60 келі салмақта кіл мықтылар көп-ақ: жапон Хироуоки, өзбек Собиров, ресейлік Галстян, грузин Зантария. Бірақ Еркебұлан бәрімен де белдескен. Олармен қалай күресуді де біледі.
Артықшылығы мен кемшілігі
Еркебұланның басты қателігі, өзінің диірмен әдісін қолдана бергісі келеді. Қазір ол әдіс дзюдо ережесінде жоқ. Сүйікті әдісі мен бұрынғы әдетінен арыла алмай жүр. Ал күрескенде ұстағанын жібермейді.