Біздің олимпиадашылар
Нар тұлғалы Нұрмахан
«Қазақта алып батырлар қалмады» дейтіндер Нұрмаханға қарасын. Грек-рим күресіндегі аса ауыр салмақты балуанымыз Лондон Олимпиадасында алтын үшін таласып қана қоймай, ашылу салтанатында еліміздің көк туын көтеріп шығатын болады.
Тінәлиев Нұрмахан Анарбекұлы
Туған жылы: 10.01.1988 ж.
Туған жері: Жамбыл облысы, Шу ауданы
Спорт түрі: Грек-рим күресі
Салмақ дәрежесі: 120 келі
Жеке бапкерлері: Марат Тұрлыханов, Георгий Цурцумия
Ең ірі жетістіктері: Әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Лондон Олимпиадасында Нұрмаханға артылар жауапкершілік жүгі екі есе ауыр болғалы тұр. Өйткені 1994 жылдан бергі қазақ олимпиадашыларының тарихына жүгінсек, төрт жылдықтың додасында ту ұстап шыққан саңлақтарымыздан тек Ермахан Ибраимов қана алтын ала алған. Дегенмен Ермахан ағасы секілді Нұрмахан бауырымыз да Олимпиадада көк туымызды өзі көтеріп шығып қана қоймай, өз жеңісінің құрметіне тағы бір мәрте желбіретеді деген үміттеміз.
Жалпы, ұлттық құраманың бас бапкері Мұратбек Қасымхановтың айтуынша, бүгінде Нұрмахан Тінәлиевтің таза салмағы 128 келінің ар жақ, бер жағында екен. Екі рет әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Өмірі жеңілместей көрінген Ресейдің аңыз балуаны Хасан Бароевтың жауырынын жерге тигізген. «Ал осыдан кейін «қазақта алып батырлар қалмады» дейтіндер маған келсін. Нұрмаханға жіберейін», – деді Мұратбек Құсайынұлы Алматыда журналистермен болған кездесуінде
– Несіне таңғаласыздар? – деді бас бапкер Тінәлиевтің жаттығуын аузымыздан суымыз аға тамашалап тұрған бізге қарап. — Нұрмаханның алып батыр болып туылатындай жөні бар. Біріншіден, ол – әйгілі Балуан Шолақтың тікелей ұрпағы. Екіншіден, әкесі марқұм Анарбек ағамыз да алып кісі болған. 160 келі тартатын. Шешесі де қарапайым адам емес. Жұмагүл әпкеміз – 110 келі. Әкесі кезінде өзі де талай додаларда белдесіп, тек грек-рим күресімен ғана емес, қазақ күресімен де айналысқан. Қалалық, облыстық деңгейлерде қарсылас шақ келтірмейтін қара күш иесі болған. Осындай тегі, осындай бабалары бар Нұрмахан қалай алып болмайды, – деп қосып өтті Мұратбек Құсайынұлы.
Күреске де Нұрмаханды әкесі алып келген. Бұл 2002 жыл болатын. Баласымен жолға дайындалып, Алматыға тартып кеткен Анарбек ағамыз баласын «Дәулет» күрес мектебіндегі жаттықтырушыларға табыстайды.
– Ол кезде небәрі 14 жаста болатынмын. Салмағым 54 келі тартатын. Ауылдан басқа ешқайда шығып көрмеген маған басында Алматыда тұру ауыр тиді. Бірінші кездері Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясында оқитын ағам Жомартпен сол оқу ордасының жатақханасында тұрдым. Кейін пәтер жалдадық. Шынын айтсам, ауылымды қатты сағынатынмын. Тек әке сенімін ақтау үшін ғана күресті тастамадым, – деп еске алады сол кездерін алып Нұрмахан.
Еңбегі, маңдай тері зая кеткен жоқ. Білікті қос маман Марат Тұрлыханов пен Георгий Цурцумияның қол астында жаттыққан балуанымыз көп ұзамай-ақ жетістіктерге жете бастады. Арада екі жыл өткенде 85 келі салмақ дәрежесінде қатарластары арасында ел чемпионы атанды. 2005 жылы алғаш рет шетелге шығып, Түркияда өткен халықаралық додада финалға дейін жетті. Сол жылы Жапонияда өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінен қоламен оралды. Осылай жеңісті жекпе-жектер бірінен соң бірі жалғаса берді. 2009 жылы Марат Тұрлыхановтың көмегімен екі жылға жуық Мәскеуде тұрып, Ресей ұлттық құрамасының белді балуандарымен бірге белдесулер өткізді. Сол кезде-ақ жаттығу жиындарында Хасан Бароевпен бір кілемде белдесетін. Кейін әлем чемпионатында атақты қарсыласын қапы қалдырып, жауырынын жерге тигізді. Ал Олимпиада лицензиясына Тінәлиев өткен жылы Стамбулда өткен әлем біріншілігінде қол жеткізді. Рас, күрес түрлерінде Олимп жолдамасы жеке спортшыға емес, ұлттық федерацияға беріледі. Бірақ сол кездің өзінде-ақ, Лондонға Нұрмаханның баратынына ешкімнің күмәні болмаған. Бүгінде дарабозымыз Олимпиадаға алаңсыз дайындалуда. Ел ішінде алып балуандар қат болғандықтан, күрес федерациясы Тінәлиевке спарринг-серіктес ретінде Грузияның екінші нөмірлі балуаны Реваз Челидзе мен Қырғызстанның үздік балуаны Мұрат Рамоновты шақыртты. Енді Олимпиададан алып балуанымыздың абыроймен ораларына үміттенеміз.
Олимпиададағы мүмкіндіктері:
«Егер Алла сәтін салса, Лондонда Нұрмахан алтын алады. Бүгінде ол нағыз бабында», – деді Мұратбек Қасымханов.
Басты қарсыластары:
«Ауыр салмақта көшбасшылардың ауыспағанына біраз жылдың жүзі болды ғой. Өткен жылғы әлем чемпионатында түрік Риза Каялптан жеңілдім. Кубалық Карлос Лопес пен ресейлік Хасан Бароев та мықты», – деді Тінәлиев.
Артықшылықтары:
«Жаттығуда – еңбекқор, боз кілемде – жауынгер, – деп баға берді жаттықтырушы ағасы Георгий Цурцумия.
Кемшіліктері:
«Оның кемшілігі жоқ. Бүгінде Нұрмахан техникасына – техника, тактикасына – тактика, физикасына физика қосуда», – деп атап өтті Цурцумия бапкер.
Нұрмахан Тінәлиев:
– Лондон Олимпиадасында ел үмітін ақтауға тырысамын. Қазақ халқының маған үлкен үміт артып отырғанын жақсы түсінемін. Маған бұл додада тек алтын ғана қажет.