Боз кілемде – ұлттық құрама болашағы
Өскеменде еркін, грек-рим және әйелдер күресінен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Әуелі боз кілемге еркін күрес балуандары шықты.
Өскеменде күн қатты аяз болғанымен, боз кілемдегі белдесулер қызу өтуде. Марат Сүлейменов басқарып отырған облыстық Спорт басқармасының мамандары төл біріншілігіміздің жоғары деңгейде өтуіне барлық жағдай жасауда. Жалпы, шығыстың бас қаласына еліміздің барлық аймағынан 200-ге жуық еркін күрес өрендері келіпті. Биыл жастарға үлкен сенім артылып отыр. Былтырғы Азия чемпионаты мен әлем чемпионатында алтын алған ешкім болмады. Әлемдік додадан қанағат қылғанымыз – жалғыз қола. Оның бер жағында дәл осы балуандардың алдағы уақытта ұлттық құрама сапында Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарында белдесетін уақыты келеді. Мамандардың айтуынша, Лондон Олимпиадасынан кейін негізгі құрамның тең жартысы үлкен спорттан қол үзетін секілді. Сол себептен биылғы ел чемпионатының маңызы зор. Тіпті биыл мамыр айының соңы мен маусымның басында Азия чемпионаты өтеді. Нақтырақ айтқанда, 31 мамыр мен 3 маусым аралығында. Осы сында топ жарып, көзге түскендерден ұлттық құрама жасақталатындығы даусыз. Сол құрама сары құрлық біріншілігінде ел намысын қорғайды.
Сонымен, алғашқы күнгі белдесулер қорытындысына тоқталатын болсақ, 50 келі салмақта Алматы қаласының өкілі Нұрлан Тұрған алтынмен апталды. Ол финалда былтыр жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, ел мерейін үстем еткен Владимир Кудринмен белдескен болатын. Ақтық белдесуге дейін сүрінбей жеткен Кудрин өзінің шын мәнінде әлем чемпионы екенін көрсетті. Шеберлігі шыңдалғаны байқалып тұрды. Бірақ әлі қабырғасы қатпапты. Қарсыласына күш жағынан шамасы жетпеді. Әлі толысуы керек екен. Өте байсалды, осы жолдан таймай, дайындығын әрі қарай да кешенді түрде жалғастыра беретін болса, Кудриннің әлі талай асуларды бағындыратындығы даусыз.
Ұлттық құраманың аға бапкері Манарбек Қыстаубаев «Кім қалай күресті, шеберлігі қалай?» деген сұрақтарға жауап іздеп, бәрін тізімге алып отыр. Азия чемпионатынан кейін әлемдік бәсеке күтіп тұр ғой. Сол себептен де екі құрама жасақтауы тиіс.
60 келі салмақта Тараздан келген Мейіржан Әшіровтің мерейі үстем болды. Ол шешуші белдесуде қызылордалық Қанат Мұсабектен басым түсті. 74 келіде кілем иесі Әбубәкір Торғаев топ жарып, жергілікті жанкүйерлерді бір қуантып тастады. Ол финалдық белдесуде астаналық Нұржан Сқақовтан басым түсті.
96 келіге дейінгі салмақта шымкенттік Іңкәр Ермұхамет бірінші орын алды. Ол финалда қостанайлық Бека Жваридзениді қапы қалдырды. Шымкенттік балуан бұған дейін де жасөспірімдер мен жастар арасында ел біріншілігін ұтқан болатын.
Айтпақшы, ел біріншілігінің ашылу салтанатында ҚР күрес федерациясының бас хатшысы Жаңаберген Қармандаев қазақстандық Айдын Сәрсекеевке FILA (Халықаралық күрес федерациясы) төрешісі деген атақты табыс етті. Енді ол әлем және Азия чемпионаттары, басқа да ірі халықаралық жарыстарға төрелік ете алатын болады. Сонымен қатар елімізде күрестің өркендеуіне қосқан өзіндік үлесі үшін ШҚО күрес федерациясының президенті Марат Мұзапаров ҚР күрес федерациясы тарапының алтын сағатымен марапатталды.