"Бразилия -2014": Әлем чемпионаты атағына кім лайықты?

"Бразилия -2014": Әлем чемпионаты атағына кім лайықты?

Ертең төрткүл дүние көз тіккен теңбіл доптың жарысы басталады. Төрт жылда бір рет өтетін әлем чемпионатының жалауы футбол астанасы саналатын Бразилияда желбірейді. Дүбірді думан жақындаған сайын болжаушылардан бастап букмекерлерге дейін делебені қоздыра түсуде. Біз де, қазақстандық жанкүйерлердің жорамалдарына да жүгінгенді жөн санадық.
Жалпы, футбол десе ішкен асын жерге қоятын жұрттың біразы аяқдоп тарихында бес дүркін әлем чемпионы атанған Бразилияға бәйге тігеді. Бұған себеп те жоқ емес: өз отандастары алдында доп тебу – бразилиялықтарға қосымша қанат бермек. Әлем футболының жарық жұлдыздары көптеп саналатын «қожайын» елдің футболшыларына да тек қана жеңіс керек. Әйтсе де, бұл сында фоворит саналатын Германия, Италия, Испания, Англия секілді аяқдоппен тыныстап отырған елдердің барын ұмытпауымыз керек. Дегенмен, отыз екі елдің ұлттық құрамасы бақ сынайтын футбол тойы қызыққа толы болғалы тұр. Әлемді қайталанбас өнерімен таңдай қақтырған шоқтығы биік Месси мен Роналдоның соңынан биыл жаңа есімдердің жарқылдап шығуы әбден мүмкін. Ал бір айға жуық уақыт өтетін сында чемпиондық атақ қай құрлықта қалуы мүмкін деген сауалды біз футболдың тұрақты жанкүйерлеріне, танымал тұлғаларға да қойып шықтық.


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
Бразилияны жеңіске жанкүйерлері жетелейді
– Жалпы, футбол дегенде Бразилия мен Аргентинаға бүйрегім бұрып тұрады. Шыны керек, қазіргі уақытта футболдан көш бастап тұрған Еуропа елдері болғанымен, Оңтүстік Американың футболының орны ерекше. Өз алаңында өтетін болғандықтан жеңіске жетуге Бразилияның мүмкіндігі мол. Сүйсінетінім, Аргентина, Бразилияның футболында дөрекілік жоқ, көрген көзді тамсаңдыратындай керемет ойын өрнегі байқалып тұрады. Өкініштісі, көп жылдардан бері ол елдер жүлдеге ілінбей келеді. Биыл жанкүйерлерінің өзі Бразилияның жеңіске жетуіне септігін тигізеді. Бала кезімізде Оңтүстік Американың футболы бізге үлгі болды. Содан болар, Пеле болып футбол ойнадық. Қынжылатыны, біз бұл додаға қатыспаймыз. ТМД аумағынан Ресей қатысқанымен оларға топтан шығудың өзі қиын. Себебі, олардың футбол деңгейі Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда төмен.


Мырзағали АЙТЖАНОВ, бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері:
Месси үшін Аргентинаға жанкүйермін
– Жаттығуда жүргеннен кейін тәртіп қатаң, соған бағынамыз. Түнгі ойындарды сол себепті көре бермейміз. Бірақ финал я жартылай финалға түнгі уақыттарға келіп жатса, жібермейміз. Жалпы, футбол ғана емес, басқа спорттарды да тұрақты қараймын. Жақында өткен Ролан Гаррос турнирінің финалын тамашаладым. Хоккейден әлем чемпионатының финалын арнайы көрдім. Жалпы, футболға келсек Лионель Мессидің ойынына тәнтімін. Сол үшін Аргентинаға жанкүйермін. Бұл чемпионатта мықты құрамалар көп. Германия, Англия, Италия, Бразилия бас жүлдеден үмітті. Португалияның да бәсі төмен емес. Бірақ чемпион Аргентина болса екен деген тілектемін.


Мейірбек СҰЛТАНХАН, айтыскер ақын:
Чемпиондық атақ Оңтүстік Америкада қалуы тиіс
– Футбол додасына көз тіккендердің үміті Еуропа мемлекеттерінде болуы мүмкін. Себебі, мықты құрамалардың дені сонда. Соңғы чемпион болған Испания мен 2006 жылғы әлем чемпионы Италия да кәрі құрлықтың өкілдері. Дегенмен алаң иесі Бразилияда мүмкіндік мол болғанымен, менің көзқарасымдағы чемпион - Аргентина. Себебі, қорғанысынан басқасы жағынан оларға тең келетін ешкім болмай тұр. Оның үстіне әлем үздігі Месси ойнайтын құраманың финалға жетпеуі мүмкін емес. Ал онымен финалда Бразилия кездессе тіпті тамаша болар еді. Басқа да үздіктер қатарына қосатын құрамалар көп. Бірақ солардың ішінде осы екеуінің шоқтығы биік.


Рамазан СӘРПЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Чемпионды дөп басып айту қиын дүние
– Ер азамат болғаннан кейін футболға қызығушы адам ретінде қарап отырамын. Бірақ анау жеңеді, мынау қалады деп сараптайтындай футбол маманы емеспін. Дүниежүзі халықтарының ортақ ойынына айналғаннан кейін ел-жұртпен бірге мен де қалыс қалмай тамашалаймын. Ашылу-жыбылуын, атағы шығып тұрған жүлделі орыннан үмітті құрамалардың ойындарын қараймын. Италия, Германия, Испания, Бразилия, Аргентина деген секілді. Оның үстіне биыл көршілес Ресей қатысып отыр. Ал болжамдасам, талай рет жеңіске жеткен құраманың бірі - Бразилия. Биылғы құрамының өзі де жаман емес. Өз елінде өтіп жатқаннан кейін барын салатыны белгілі. Бәлкім қолдаушысы көп болған соң жолы болып кетер. Үміткердің бірі деп Германияны айтуға болады. Бұған дейінгі һәм қазіргі чемпион Испанияны қосуға болады. Бірақ кім біледі. Қазір бізге қарағанда сегізаяқты жәндіктер дөп басып айтып жатыр ғой. Солардың болжамдары мықтырақ. Бір мемлекетте болжаушы піл шығыпты дейді. Сол алдын ала болжам жасап жатса керек.


Аманкелді СЕЙІТХАНОВ, спорт журналисі:
Әлсіз құрамаларды қолдауымыз керек
– Бұл жолы Хорватия секілді әлсіз құрамаларға жақтасамын. Солардың жеңіске жеткенін дұрыс көремін. Түптеп келгенде осы құрамаларға жанкүйермін дей алмаймын. Маған футбол қараудың өзі қызық. «Биылғы чемпионатта нендей жаңалық болады екен? Жарқ ете қалатын ойыншылар бола ма? Тактикалық немесе бапкерлік жаңалықтар ене ме?» деген сауалға жауап іздеп, сол үшін тамашалаймын. Фоворит кім десе, 5-6 құрама екенін көбі біледі. Соның ішінде реті, сәті жағынан Аргентинаның аты озып тұрған сияқты көрінеді. Бұл жолы бас жүлде Оңтүстік Америкаға бұйыруы мүмкін. Соның көрнекті өкілі Аргентина. Бразилияда кемшілік көп. Жартылай қорғаныста мықты емес. Виллиан деген футболшыны көпшілік мақтайды. Оның да асып-тасып бара жатқан ештеңесін көре алмадық. Оған қарағанда Аргентинаның орталық қорғанысы мықты. Біреулер сенсация болады дейді. Бельгия жарқылдайды дегенді алға тартады. Бельгияның жақсы ойыншылары болғанымен көзге түсетіндей ойын өрнегі жоқ. Голландия талай жылдардан бері ұмтылып келе жатыр. Биікті бағындыратын кезі келді деп ойлаймын. Түптеп келгенде финалда Италия, Германиялар жүреді.
Сөйтіп, биылғы чемпионатта бәйге алар деп басым бөлігі Бразилияны айтады. Аргентинадан үміт күтетіндер де көп. Қалай болғанда да бұл сында кез келген құраманың оңайлықпен есе жібермесі анық. Ал финалға дейін сүрінбейтін құраманың кім екеніне чемпионат аясында куә боламыз. Ең бастысы, қатысушы құрамалардың төрт құбыласы сай. Демек, ішінен шын мықтысы ғана оза шабатыны анық.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста