Бүгін – Бекзат Саттархановтың туған күні
2000 жылдың желтоқсанында Шымкент-Түркістан жолында болған көлік апатынан кейін қазақ елі қаралы хабар естіді. Арамыздан небәрі 20-жасында Олимп шыңын бағындырған Бекзат Саттарханов сол апатта бақилық болды...
Ұланымыздың ғұмыры ұзақ болғанда талай биікті бағындырар ма еді? Мүмкін тағдыр шығар?! Егер, Бекзат тірі болғанда бүгін 35 жасқа келер еді.
Бүгінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Бекзаттың ерлігі мен жеткен жетістіктерін қазақ жанкүйерлері түгілі күллі әлем біледі деп айтсақ қателеспейміз. Олимпиада ойындарының жеңімпазы бұл фәниден өтсе де, оның есімі, оның рухы өлген жоқ.
Талай бозбаланың былғары қолғапты серік етіп жүргені сол 2000 жылы Бекзаттың Сиднейде топ жарған ерлігі себеп болды десек артық айтқандығымыз емес. Сол батыр ұлды еске алу үшін Түркістан қаласында жыл сайын «Бекзат Саттарханов» атындағы турнир ұйымдастырылып келеді. Бұл Қазақстандағы ең беделді турнирлердің қатарында.
Бір көңіл толмайтын жәйт, Бекзатты біз тек 4-сәуір, яғни туған күнінде ғана еске алатындаймыз. Бокс өнерінің жарық жұлдызына айналған азаматты кейінгі ұрпақ ұмытпасын десек, оның әрбір жекпе-жектері мен жеңістерін насихаттағанымыз жөн. Сондай-ақ Бекзат Саттарханов атындағы көше мен спорт кешені тек Түркістанда ғана емес, өзге өңірлерде де ашылып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Шамамен үш-төрт жыл бұрын «Бекзаттың зиратына қойылған медаль, кубоктардың көшірмесі ұрланды» деген ақпарат жұртшылықтың наразылығын туғызған еді. Сол кезде қара басының қамын ойлаған адамдар, «патриоттық» деген сезімнен жұрдай болып кеткен бе деп ойладық. Бұл Олимпиада ойындарының чемпионын сыйламау емес пе?! Егер елде ерге деген сый-құрмет кетсе, елден береке мен бірліктің де қашатыны белгілі ғой.
Десек те, Бекзат Саттархновты еске алып жүргендер де жоқ емес. Мәселен, Түркістанда Б.Саттарханов атындағы «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігі жыл сайын былғары қолғап шеберін еске алу кешін өткізеді. Бекзат туралы әндер жазылып, деректі фильм түсірілді. Спорт журналисі Қ.Рысбекұлы кітап жазды. Фотоальбомдар жарық көрді. Алдағы уақытта да осындай игі істерді жалғастыра беру керек!
Бұл күндері Түркістанда «Бекзат Саттарханов» атындағы кезекті турнир өтіп жатыр. Ертең батырдың туған күніне орай, турнирдің финалдық жекпе-жектері өтеді. Бұл жолы ұйымдастырушылар додаға 200-ден астам боксшылар қатысып жатыр дейді. Турнирдің басты мақсаты Бекзаттай мықты боксшыларды тәрбилеп шығару.
Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Қазақ елі өзінің батырларын ешқашан ұмытқан емес. Бекзатты да ұмытпады. Саттархановты «Бейбіт елдің батыры» деп атасақ болады. Оның атымен аталатын көше, спорт ғимараттары баршылық. Ал жуырда Түркістан қаласындағы бір ықшам ауданға Бекзаттың есімі берілді. Сонымен қатар оның атында ірі турнирлер өтіп тұрады. Дәл сол турнирлерде Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов үлкен спорттағы алғашқы ірі жетістіктеріне қол жеткізген. Дегенмен де, бұл турнирдің аясын кеңейту керек. Алдағы уақытта Куба, Ресей, Украина сынды елдердің боксшыларын шақыртса игі болар еді. Ал, жалпы біз Бекзатты ешқашан ұмытқан жоқпыз. Әрдайым ол біздің жадымызда болады.
Ермахан Ыбырайымов, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы:
- Бекзат бауырымыз мәңгі біздің жадымызда. Әлі күнге дейін онымен бірге жаттығу жасап жүргеніміз, шет елге шыққан жиындарымыз көз алдымда. Бекзат өмірден өткең соң Шымкент қаласында өзі оқыған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп интертанатына аты берілді. Сондай-ақ Түркістанда жыл сайын турнир ұйымдастырылып тұрады. Жуырда Алматы қаласында да Саттарханов атындағы көше ашылды. Енді алдағы уақытта Астанада көше ашу жоспарда бар. Осыдан үш-төрт жыл бұрын композитор Қалдыбек Құрманәлі «Бекзат Саттархановқа» арналған ән кешін өткізген еді. Өкінішке қарай, бұл дәстүрге айналмады. Сондықтан да алдағы уақытта продюссерлер мен композиторлар мұндай кештерді көптеп өткізсе деген ниет бар.