Дәурен Жұмағазиев: Мәулен Мамыровты үлгі тұтпау – күнә

Дәурен Жұмағазиев: Мәулен Мамыровты үлгі тұтпау – күнә

Қазақ баласының, оның ішінде ауыл баласының күреске бейім келуі – қалыпты жағдай. Себебі кез келген ауылда бокс қолғабы немесе футбол мектебі болмауы мүмкін, бірақ әрбір ойын баласының күресіп ойнайтыны рас. Жақында құрлықтың алды болып, әлемдік доданың қоласын еншілеген Дәурен Жұмағазиев те спорттық ғұмырын ойын балаларымен күресіп жүріп бастаған. Алғашында достарының тізесін дірілдеткен ол қазір әлем мықтыларын алып та, шалып та жығады. Өйткені балуанға оң мен солы бірдей...

– Дәурен, сіз үшін бұл жыл табысты болды. Азияның алтынын алдыңыз, әлем біріншілігінде алтынға қол созым жер­ден қайттыңыз. Қуаныштысыз ба?
– Әрине! Биыл ересектер арасында күресе бастағаныма екі жыл толды. Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар құрама­сында жаттықтым. Бастамам жаман емес сияқты. Алайда «әлемде алтын алғанда, шіркін!» деген ой барын да жасырмаймын. Бірақ бұйырғаны – қола медаль. Оған да шүкір етеміз. Лондон Олимпиадасы жолдамасына ие болдым. Ал Олимпиадаға қатысуды қай кезден бастап армандаға­нымды білсеңіз ғой... Оның үстіне, Олимпиада басталар алдындағы әлем чемпионаты өте тартысты өтеді. Бір салмаққа 45 балуанның шығуы – осының дәлелі. Қазір Лондондағы төртжылдық доданың басталуына тура 10 ай қалды. Осы он айдағы менің ең негізгі мақсатым – Лондон төрінде жанкүйерді жерге қаратпау үшін тер төгу, еңбектену. «Жолдама – қалтада, жарыс қайда қашады?» деп, бір сәт босаңсыған емеспін. Себебі Олимпиада – турист ретінде барып, ел көріп, жер аралап қайтатын жай ғана сапар емес. Олимпиада – ең бірінші кезекте еліңнің абыройын аспандататын дода. Алла қаласа, сол сында намысты қолдан бермеуге тырысамын.
– Боксшылар әлем чемпионатынан алтынсыз келсе, көңіліміз толмай, жа­быр­қап қаламыз. Ал күрес түрле­рі­нен бір қола алсақ, оны алтыннан кем көр­мей, бөркімізді аспанға атамыз...
– Сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Мәулен Мамыровтан кейін дү­ние­жүзілік додаларда жүлде салған бал­уандар бой көтермеді. Мамыровтан соң Нұр­жан Қатаев ғана Азия ойындарында жүл­дегер атанды. Одан бері бізге медаль сый­ламаған қаншама дода өтті?! Бірақ есеміз кетіп, жүлде ауылынан алыс қалған сәттерге енді нүкте қойылады деп ойлаймын. Себебі дәл қазір құрама тізгіні еркін күрестің жілігін шағып, майын ішкен ма­ман­дардың қолында. Алтай Танабаев пен Руслан Өмірәлиевтің ақыл-кеңесіне құлақ түрген балуан ешкімнен кем түспейді деп ойлаймын. Ең алдымен, ұлттық құрамаға қабылданатын жастар алымды болу керек. Қазіргі таңда жасөспірімдер мен жастар құра­масындағы балуан жігіттердің аяқ алысы мені қатты қуантады. Олар әлемдік, құрлықтық сайыстардан құр қол қайтып жүрген жоқ. Бұл жігіттер болашақта ел бай­рағын биік ұстайды деген сенімім бар. Жаттығу кезінде сырттан бақыласаңыз, ерігіп жүрген ешкім жоқ екеніне көзіңіз жетеді. Барлығы жанын беріп, шелектеп тер төгіп, аянып қалмайды. Ал сайыс кезінде сәтсіздікке ұшыраудың басты себеп­терінің бірі психологиялық тұрғыдан да­йындықтың әлсіздігі сияқты. Мен өзіміздің жігіттер туралы айтып отырмын.
– Стамбул кілеміндегі белдесуде өзі­ңізге не жетпей қалды деп ойлайсыз?
– Шыны керек, пуэрторикалық балуанмен белдескенімде төрешілер қателесті. Панамерика ойындарында топ жарған Франклин Гомес — негізі, кубалық жігіт. Мен өз салмағымдағы қарсыластардың бар­лы­ғын дерлік зерттеп алғанмын. Олардың белдесулері жазылған бейнематериалдар, мәліметтер менде өте көп. Бірақ тап осы Гоместі көп танымайды екенмін. Балуандар төрт кілемде белдесіп, белдесу уақыты тығыз болғандықтан, залда да оның күресу мәнерін байқай алмадым. Өкінішті, әрине. Тағдырдың жазғаны — осы. Алайда Түркия төрінде жанармен жер шұқымай, еңсемді тік көтеріп келу үшін қанша еңбектенгенім­ді білесіз бе? Соңғы алты ай бойы осы са­йыс­та оза шабуды ойладым. Досым Дәулет Ниязбеков екеуміз елге абыроймен оралуды ғана армандадық. Олимпиададан сырт қалмау да ең негізгі мақсаттардың бірі еді. Иншалла, ол тілек те орындалды.
– Бір сұхбатыңызда әлі күнге дейін өзегіңді өртейтін жеңіліс туралы айтыпсыз. Газетіміздің оқырмандарына жеңіліс емес, ең қатты қуанған жеңі­сіңіз туралы айтып беріңізші...
– Өзім Азия ойындарында чемпион бол­ғанда, қатты қуандым, қобалжыдым. Сырттай көңіл күйімді қатты көрсеткен жоқ­пын. Әдеттегі жеңістердің бірі секілді қа­былдадым. Алайда іштей төбем көкке бір елі жетпей тұрды. Себебі Мәулен аға­дан соң сары құрлық сынында қамшы салдырмай, қара үзіп кеткен қазақ баласы шық­пады. Осы менің жаныма бататын. Күрес дегенде ішкен асын жерге қоятын қазақтан бір чемпион шықпайтындай не болды деп ойлап, өзіме қамшы басатынмын. Әрине, Азия ойындары Олимпиада емес. Бірақ жеңістің дәмі бәрібір тәтті.
– Мәулен Мамыровты аузыңызға жиі аласыз. Еркін күрестегі батыр тұл­ға­мызға ұқсағыңыз келетін де шығар?
– Мәулен Мамыровтай болуды әрбір балуан армандайды. Оны сыйламау, оны үлгі тұтпау деген күнә десем, артық айтпайтын шығармын. Орыс ұлтына Александр Медведь қандай абырой болса, қазақ еркін күресіндегі ұландар үшін Мамыровтан асқан шебер жоқ. Мәулен аға – менің жаттықтырушым, кеңесшім. Жеке бапкерім Руслан Өмірәлиев екеуі ақыл-кеңесін аяған емес. Оның спорттық жолында да қиын­дықтар көп кездесті. Алайда мойыған жоқ, жасыған жоқ. Нәтиже­сінде қазақ спорты тарихындағы елеулі тұл­ғалардың бірі болып қалды. Мәулен аға­ның жеңісті жолын жалғастырып жүр­геніме қуанамын.
– Боз кілемде есем кетті деп, кімге тісіңізді қайрайсыз?
– Мен сізге өзім жеңгім келетін 4 бал­уанды тізіп берейін. Біріншісі – Бесік Құды­қов. Әлемнің 4 дүркін чемпионының жауырынын жерге тигізгім келетінін жасырмаймын. Екіншісі – Франклин Гомес. Куба қабыланынан Стамбулда кеткен есені қайтарғым келеді. Үшіншісі – Еуропа чемпионы Зелимхан Гусейнов. Ал төртінші балуан – Василий Федоришин. Осы спортшы­лармен алдағы Олимпиада ойындарында кезігетінімді білемін. Жеңгім келеді!
– Біздегі жаттығу базасын қалай ба­ғалайсыз? Алаңсыз дайындалуға мүм­кіндік бар ғой...
– Шынымды айтсам, асып-тасып бара жатқан ештеңе жоқ. Мысалы, балуандар жатып, демалатын спорт базасы жоқ. Сон­дықтан да туысқанды жағалап, пәтер жал­дауға тура келеді. Әлі күнге дейін еркін күреске арналған жөні түзу, жамаусыз кілем де жоқ. Осы қиын­дықтың бәріне әзірге төтеп беріп келеміз. Жағдайдың жоқ­ты­ғына қарамастан, ше­т­елдік жарыстарда же­ңіс­ті қолдан бермеуді ой­лай­мыз. Оның қасын­да үне­мі жеңіліп жүретін фут­бол­шы­лардың жағда­йы жақсы­рақ.
– Күрес түрлерінен келімсектерге иек артып жүрген жағда­йы­мыз бар. Еліміздің бет­кеұстар балуаны ре­тінде бұл мәсе­леге қа­лай қарайсың?
– Бір нәрсені анық біле­мін. Ресей еркін күрес­тегі 1, 2, 3-нөмірлі балуандарын бас­қа жаққа жібермейді. Себебі Олимпиада ойындарында жүлдені көп­теп алуға болатын спорт түрі – осы кү­рес. Бізде қазір кімдер жүр? Бізде көр­шіміздің ішкі біріншілігінде деңгейі төмен, ұлттық құрамаға іліге алмай, бағын басқа елден іздеуді жөн көрген балуандар жүр. Бірақ мен бұл процестің де аяқталатын тұсы жақын деп айтар едім. Себебі қаны қазақ, жүрегі қазақ деп соғатын, елдің Туын тік көтеруді аңсайтын қазақ балалары еркін күресте де өсіп келеді. Олар әлі топ жарып шығады.
– Сөзіңе қарасам, өте намысшыл сияқтысың...
– Ол жағынан сөз жоқ. Жүрегім қазақ деп соққаннан кейін, қай кезде де елдің абыройын ойлап тұрамын. Ата-анамның берген тәрбиесін де жоққа шығармаймын. Отансүйгішпін! Туған жерімді жақсы көре­мін! Елімнің өркендеуіне үлес қоссам деймін. Мектеп кезінде сабақты да жақсы оқы­дым. Әсіресе көркем әдебиетке деген қызығушылығым ерекше. «Менің атым Қожадан» бастап, «Махаббат, қызық мол жылдардың» қай жерінен сұрақ қойсаң да, жауап беруге дайынмын (күлді). 7-сынып­қа келгенде ата-анам «я сабақ оқы, болма­са спорттың жолына түс» деді. Осы кезде мен түбегейлі спортқа кеттім. Еркін күрес­пен он жасымнан бастап айналысамын.
– Жақында үйленгеніңізден де хабардармыз. Құтты болсын!
– Иә, негізі үйленген керемет екен (күлді). Анамның қолы ұзарды, бір жағы­нан, өзіме де жақсы болды. Мәселен, бой­дақ кезімде жаттығудан келген бойда тер сіңген жейделерді жуып алу ойыма келмейтін. Қазір келіншегім киімімді үтіктеп, тамағымды әзірлеп, күтіп отырады. Есімі Эльвира. ҚазҰУ-дың тарих факультетін та­мам­дады. Ата-анам өте қарапайым адамдар. Әкемнің жеке кәсібі бар, ал анам мектепте мұғалім. Соңымнан ерген қарын­да­сым да ҚазҰУ-да студент. Өзім Қазақтың спорт және туризм академиясын бітірдім. Енді заңгер мамандығын игерсем деймін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста