Доп бар, стадион жоқ
Жаза-жаза жауыр болған тақырыптар бар. Соның ішінде қазақ футболында өз маңызын жоймаған ең өткір мәселенің бірі инфрақұрлым десек, қателеспеспіз. Оның ішінде ел стадиондарының заман талабына сай болмауы футболымыздың кежегесін кейін тартып тұрғандай.
Қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаев «тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асса да, әупірімдеп жүріп Астанада жаңа заман талабына сай бір стадион салып алдық» дегені бар еді. Шыны керек, Сегізбаевты қынжылтқан мәселе бәрімізді де мазалайды. УЕФА мен ФИФА-ның талаптарына толыққанды жауап беретін стадиондардың жоқтығы клубтарымыздың еурододаларда атой салуына едәуір кедергі келтіріп жүргені рас. Былтыр Қарағандының «Шахтері» Чемпиондар және Еуропа лигаларындағы матчтарын Астанада жетіскеннен өткізбеген шығар. Оның алдында «Ордабасы» клубы да Норвегияның «Русенборгын» Алматыда қабылдаған.
«Кеншілерге» еуропалық командалармен бұрын-соңды ойнап көрмеген жасанды алаңда тайталасудың өзіндік қиындығы болды. Сонымен қатар арасы едәуір бір қаладан екінші қалаға жанкүйер тасу да аз шығын әкелмейді. Сол кездері Қарағанды мен Ақтөбе қалаларында стадион салу мәселесі көтерілген еді. Алайда бүгін-ертең стадион саламыз деп құлшынып жатқан ешкімді көрмей отырмыз.
УЕФА-ның талабы бойынша негізінен нұсқаушылар және делегаттар кіріп-шығатын бөлек есік пен дәліз болу қажет. Сондай-ақ екі команда мен ресми тұлғаларға арналған жуынатын орындар да жеткілікті болуы керек. БАҚ өкілдерінің стадионда отыратын орындары бөлек және репортаж жүргізуге лайықталып, жабдықталған болуы тиіс. Автотұрақ, тамақтанатын орындар, дәретхана да осы талаптардың қатарына жатады. Жалпы, мұндай ұсақ-түйектер, айта берсе, жетіп артылады.
Стадион мәселесі тек еуродода сайыстарымен шектелмейді. Жылда маусым басталғанда клубтарымыз үйдегі ойындарын өзге қалаға ауыстырады. Атап айтар болсақ, «Тобыл» – Затабольскіде, «Шахтер» – Теміртауда, «Спартак»– Өскеменде, «Ақтөбе» №8 спорт мектебінің алаңында өткізді. Тек мамыр келіп, жер аяғы кеңіген тұста ғана командаларымыз сүйікті стадиондарына оралады.
«Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайсс бірде тілшілерге: «Сіздер менен «қазақстандық клубтар қашан Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды?» деп көп сұрайсыздар. Егер команданың чемпиондар лигасында ойнауын қаласаңыздар, ойындарды Теміртаудағы алаң секілді жерлерде өткізуге болмайды. Бұл – ойыншылар үшін қауіпті. Теміртаудың стадионы 13-ғасырды еске салады», – деп жауап беріпті. Жалғыз Вайсс емес, Қазақстанмен кездесу өткізу үшін шетелден келген футболшылар да талай «наздарын» жұқалап жеткізген. Олардың қатарында Андрей Шевченко, Роналду, Джерард секілді жұлдыздар да бар.
Осындайда сапалы стадион салмай жатып, футболшылардан қалай нәтиже талап етеміз деп ойлаймын. Әйтпесе, футболымыз өгіз аяңмен болса да алға жылжып келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Былтыр «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. Алдағы уақытта Чемпиондар лигасындағы 32 үздіктің қатарына қосылып жатсақ, бұл мәселе алдымыздан тағы шығатыны белгілі. Осындай түйткілдерді сондай кездерде бір қозғап, кейіннен жылы жауып тастайтын әдеттен арылуымыз қажет. Футбол – миллиондардың ойыны. Бокс пен күрес залға ең көп дегенде 10-20 мың көрермен жинайды. Ал футболды стадионнан тамашалайтындардың өзі 100 мыңнан асып жатады. Әлем мойындаған спорттың бұл түріне бей-жай қарауға болмайды.
Өткенде бір жағымды жаңалық естідік. Қызылорда облысы алдағы уақытта аяқ допты дамытудың 2013- 2020 жылдарға арналған бағдарламасын жасапты. Аталмыш бағдарлама аясында 3 мың көрерменге арналған спорттық-көрме манежін, 10-15 мың адамға арналған футбол стадионын салу жоспарланған екен. Бұл – үлкен жаңалық. Сыр өңіріне Қырымбек Көшербаев әкім болып келгелі көптеген игілікті іс-шаралар жасалып жатқанынан хабардармыз. Бұл да сол Қырымбек Елеуұлының бастамасы болар деп топшыладық. Ал «Шахтер» клубының атқарушы директоры Ерден Халилин мырзаның бірде «Шахтер» сынды қазақ футболының деңгейін көтеріп, халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп жүрген футбол клубының «Астана Арена» сияқты бір стадионға еңбегі сіңудей-ақ сіңді» деп айтқаны бар. Халилин мырзаның тілегі жуық арада орындалып қалуы мүмкін. Бұлай дейтініміз агенттіктің мұрындық болуымен алдағы уақытта кеншілер қаласында 30 мың көрерменді сыйдыратын стадион салынбақ. Егер жоспар жүзеге асып жатса, командасын жеңісіне жанкүйерлері өз алаңында куә болады.
Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген не командасы, не құрамасы жоқ Катар 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды. Олар қазіргі кезде стадион салумен айналысып жатыр. Тіпті, жаз айында ауа-райының 50 градусқа дейін ысуына байланысты қатысушы командалар мен футболшыларға жайлы болу үшін матчтарды қабылдайтын стадиондарды арнайы салқындатқыш құрылғылармен жабдықтап жатқан көрінеді.
ТМД елдерінің көпшілігі қазір жаңадан стадион салып немесе бұрынғы стадиондарын қайта күрделі жөңдеуден өткізіп жатыр. Донецкіде 52 мың көрермен еркін сыятын ғажайып «Донбасс Арена», Ереванда 55 мың көрерменді бір-ақ қабылдайтын «Раздан» секілді атақты стадиондар бар. Қазан қаласында 45 мың көрерменге арналған судай жаңа «Казань Арена» салынды. Мәскеу, Киев, Петербург, Тбилиси қалаларының стадиондары да ешкімнен кем емес.
Осы орайда еліміздегі ең басты стадиондарды санамалап көрсек. Еліміздегі ең ірі, заман талабына сай жалғыз стадион «Астана Арена» 2009 жылы ашылды. Бұл стадион 30000 адамды сыйғыза алады.
«Қайрат» командасының сонау КСРО чемпионаты кезінен бері негізгі алаңы болып келе жатқан Алматы қаласындағы Орталық стадион 1958 жылы салынған. Бұл стадион бірнеше жыл Қазақстан құрамасының үйдегі матчтарын қабылдады. Оңтүстік астанамыздағы стадион үш рет қайта жөңдеуден өтті (1997, 2004, 2001 жылдары). 2011 жылы қазан айында осы стадиондағы жүгіру жолы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа қабат төселді. Су жаңа жүгіру жолы Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі тұңғыш жеңілатлетикалық манеж. Мұндай жеңілатлетикалық жол әлемде Берлин мен Барселона қаласындағы футбол стадионында ғана бар екен. Алдағы уақытта Алматы осы жүгіру жеңіл атлетикадан Азия кубогы мен ірі халықаралық турнирлерді қабылдайтын болады. Оның жалпы сыйымдылығы – 26500 адам.
Қазақстанның бес дүркін чемпионы, еурододаларда қоржынымызға ең көп ұпай салған «Ақтөбенің» үйдегі матчтарын өткізетін Қобыланды батыр атындағы орталық стадион 1975 жылы бой көтерген. Жалпы сыйымдылығы – 13 500 адам. Соңғы рет алаң 2000 жылы күрделі жөндеуден өткен. Стадионның архитекторы – Алексей Костин.
Қостанайдың Орталық стадионы 1964 жылы ашылған. 2004 жылы неміс технологиясымен жасалған жасыл алаң төселді. 2008 жылы УЕФА-ның талаптарына сәйкес жарық шамдар орнатылды. Жаңадан 1200 лампа сатып алынды. Жалпы алаңның көлемі – 105 х 65. Бұл – «Тобылдың» үйдегі ойынын қабылдайтын стадион.
Павлодардағы Орталық стадион – еліміздегі ең көне алаңдардың бірі. Кереку стадионы 1947 жылы бой көтерген. Аренаның бұрынғы атауы сол кездегі жергілікті команданың атына сәйкес «Трактор» деп аталды. 2001, 2007 жылдары екі рет күрделі жөндеуден өткізілді. 11828 адам сыятын алаңның жөнделуіне Павлодар қаласының әкімі себепкер болған. 2007 жылы стадионның айналасына кішкентай жасыл алаңдар төселді. Орталық стадион УЕФА-ның алғашқы талаптарына сәйкес келеді. Сондықтан «Ертіс» Чемпиондар лигасы немесе Еуропа лигасының алғашқы іріктеу ойындарын қабылдай алады.
Шымкент қаласында орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы алаң сыйымдылығы жағынан еліміздегі ең үлкен стадионның бірі. Балуан бабамыздың есімімен аталатын спорт алаңы 1969 жылы ашылған. Бастапқы кезде 37000 адамға лайықталып салынған стадион толық жабдықталмаған. Қазіргі кезде 20 мың адамның «Ордабасының» ойындарын тамашалауға мүмкіндіктері бар. Алайда стадионның сапасы сын көтермейді. Соңғы жылда тек пластикалық орындықтар ғана орнатылды.
«Шахтердің» 55 жылдық тарихы бар стадионы клуб құрылған жылы салынған екен. Қарағанды қаласындағы стадионға 19000 адам сыяды. 14 гектар жерді алып жатқан стадионда футболдан басқа жеңіл атлетика, бокс, пауэрлифтинг, бодибилдинг, хоккей, баскетбол, болейбол, мини-футбол және басқа да спорт түрлерінен жарыстар болып тұрады.
Тараз қаласындағы Орталық стадион 1966 жылы салынып, 1976 жылы ғана пайдалануға берілген. Стадионды салу үшін 176 млн теңге жұмсалыпты. 2002 және 2013 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аренаға 12 527 адам сыяды.
«Астана Арена» салынғанша Елорданың басты футбол алаңы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион болатын. Бұл стадион – сол бұрынғы «Жеңіс» (қазіргі «Астана-1964») командасының негізгі алаңы. Ең алғаш 1936 жылы бой көтерген. Арада 50 жыл өткенде аренаға Қ.Мұңайтпасовтың есімі берілді. 1998 жылы қайта жаңартылды. Алаңның сыйымдылығы – 12 250 адам. Бұл жерде футболмен қатар регби жарыстары өтеді. Батыстағы «Атырау» командасының орталық алаңы «Мұнайшы» стадионы 8 660 көрерменді қабылдайды. Аренаға Мақаш Бекмұхамбетовтің есімі берілген. Бұл стадион 1950 жылы ашылған. Алаң 1999 жылы күрделі жөндеуден өткізілсе, 2008 жылы стадионның ішіне бассейн кешені қосылды.
Талдықорған қаласындағы «Жетісу» стадионы 1982 жылдан бері пайдалануға берілген. Сыйымдылығы – 5 500 адам.
Атауы көп өзгеретін «Қызыл-Жа́р» (Петропавл) командасының стадионы Қарасай батырдың есімімен аталады. Бұл алаң 1967 жылы салынған. Сыйымдылығы –12000 адам.
Бірінші лигада өнер көрсететін «Восток» клубының Өскемен қаласындағы алаңы 1963 жылы бой көтерген. Оған 8500 жанкүйер сыяды. 2010 жылы қала әкімінің қолдауымен күрделі жөндеуден өткен. Жөндеуге 600 млн теңге жұмсалыпты.
Біз жоғарыда Қазақстанның ең ірі стадиондарын таныстырдық. Ал әлемде ең ірі алаң Солтүстік Корея астанасы Пхеньян қаласында орналасқан – «Бірінші мамыр стадионы. Бұл арена 150 000 адамды еркін сыйғыза алады. Ғимарат пішіні гүл жапырағын еске түсіреді. Стадион атауы бірінші мамырда аталып өтетін еңбекшілер күнінің құрметіне берілген. Стадионның ашылуы 1989 жылы бірінші мамырда өтті.
Әлемдегі ең үлкен он стадион:
1. Бірінші мамыр стадионы. Пхеньян, Солтүстік Корея – 150 000
2. Солт-Лейк стадионы. Калькутта, Үндістан – 120 000 адам
3. Ацтека стадионы. Мехико, Мексика – 105 000
4. Букит Джалил ұлттық стадионы. Куала-Лумпур, Малайзия – 100 200
5. Джавахарлал Неру стадионы. Нью-Дели, Үндістан – 100 000
6. Бунг Карно Стэдуим. Джакарта, Индонезия – 100 000
7. Азади стадионы. Тегеран, Иран – 100 000
8. Мельбурн Крикет Граунд. Мельбурн,
Австралия – 100 000
9. Камп Ноу Барселона, Испания – 99 350
10. Уэмбли, Лондон, Англия – 90 000.