Ережесіз жекпе-жекке әділдік іздеп келген қазақ
Ардақ Назаров
Ұлты: қазақ
Туған жылы: 14.10.1980 ж.
Туған жері: Алматы облысы Райымбек ауданы Қақпақ ауылы
Бойы: 175 см
Салмағы: 70 келі
Нәтижелері: 41 рет айқасып, 38-ін жеңген, 2-еуінде тең түскен, біреуінде жеңілген.
Ең ұзақ жекпе-жегі: 23 минут
Жеке бапкері: Сағатбек Мұсаханов
– Сізді жұрт ережесіз жекпе-жектің нағыз майталманы ретінде біледі. Бірақ кезінде спорттың қай түрімен шұғылданғаныңыз жөнінде көбі біле бермейді. Осы жайында тарқатып айтып берсеңіз.
– Ұмытпасам, 1991 жылы ғой деймін, 4-сыныпта күрес мектебіне анам алып келген болатын. Бастапқыда грек-рим күресімен шұғылданып жүрдім. Ол кезде Жақсылық Үшкемпіров секілді Олимпиада чемпионы болу балалық арманым еді. Қажымұқан атамыз жайында кітаптар оқып, соларға еліктеп өстік. Бірақ грек-рим күресінде облыстық деңгейден аса алмадым. Кейін Алматы қаласына келіп, құрылыс колледжіне түстім. Сол жерде джиу-джитсумен айналыстым. Қазақстан чемпионы атандым.
– Ал ережесіз жекпе-жекке қалай келдіңіз?
– Спорттың әр түрінің басын бір шалып, өзімнің бірқатар айқас түрлерін меңгергенімді байқадым. Кейін тәуекел етіп, ережесіз жекпе-жекке бет бұруды жөн көрдім. Әлбетте, ол кезде спорттың бұл түрі еліміз үшін таңсық еді ғой, спорттық карьерама күмәнмен қарағандар көп болды. Алайда «шешінген судан тайынбас» дегендей, 2001 жылдың желтоқсан айында өзімнің алғашқы айқасымды өткіздім.
– Содан бері ережесіз жекпе-жекте жүргеніңізге сегіз жылға таяп қалыпты. Осы аралықта ала алмаған белесіңіз бар ма?
– Сегіз жыл ішінде 41 жекпе-жек өткіздім. Осы аралықта Азия және Еуропа чемпионы атандым. Евразияны екі мәрте бағындырдым. Бір рет әлем кубогының иегері атанып, дүниежүзінің үш дүркін чемпионы болдым. Алла тағаланың қалауымен қандай титул бар — соның барлығын жеңіп алдым десем, артық айтқандығым емес. Енді бір ғана белес қалды. Соны бағындырсам, ережесіз жекпе-жектің биік шыңына жеткенім болар еді. Ол – АҚШ-та өтетін UFC тұжырымы бойынша абсолютті чемпион атану. Негізі, ол жақтағылар мені өздеріне екі рет шақырған. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты елшіліктер жібермей жатыр. Алла қаласа, алдағы күзде Америкаға баруым керек. Өйткені өзімнің чемпиондық атағымды төртінші мәрте қорғайтын уақытым таяп қалды.
– Сегіз жыл ішінде талай қиыншылықтарды бастан кешірген шығарсыз. Осы аралықта «ережесіз жекпе-жекте не істеп жүрмін, кетіп қалсам ба» деп ойлаған кездеріңіз болды ма?
– Бұл сұрақты маған өте жиі қояды. «Қиын ғой, неге ережесіз жекпе-жекті таңдадыңыз» деп сұрайтындар аз емес. Енді менің денсаулығым тасып бара жатқан жоқ. Басым да екеу емес. Шынын айтсам, бірінші болуға қатты ұмтылдым. Сондықтан бұл туралы ешқашан ойлап көрмеппін. Жалпы, ең алғаш ережесіз жекпе-жекке әділдік іздеп келген болатынмын. Өзіңіз білесіз, спорттың қай түрінде болсын әділеттіліктің орын алатын кезі өте аз. Мәселен, Бейжің Олимпиадасында талай спортшыларымыз төрешілердің субъективті пікірлерінен кейін байрақты бәсекеден шығып қалды. Өзім де бұған дейін грек-рим күресі мен джиу-джитсудан турнирлерге қатысып жүргенімде төрешілер тарапынан көптеген әділетсіздіктерге ұшырадым. Жеңіп тұрған кезімде жеңісті қарсыласыма беріп жіберген сәттер аз болған жоқ. Ал мұнда сегіз бұрышты торға кіресің де, не жеңіп, не жеңілісіңді мойындап шығасың. Төрешілер тек куәгер қызметін атқарады. Бұл жерде тек Алла тағалаға ғана үміт артып, соның ғана көмегін сұрайсың.
– Әр спортшының ең сүйікті әдісі болады ғой. Сіздің де жиі қолданатын өз тәсіліңіз бар шығар?
– Әлбетте. Мен өзім қылқындыру әдісін жақсы көремін. Қылқындырған кезде адам әлсіреп, буындары босай бастайды да, бір сәтке есін жоғалтып алады. Сондай-ақ жекпе-жек алдында қарсыласымды зерттеймін. Егер ол боксшы болса, күресемін. Егер күреспен айналысқан болса, ұрамын. Өзім мұсылман адамы болғаннан кейін қарсыласымның да, өзімнің де денсаулығыма зиян тимейтіндей әдістер пайдаланамын.
Ал жалпы ережесіз жекпе-жекте спорттың қай түрі жақсы көмектеседі?
– Көбінесе бокс пен күрес.
– Бес уақыт намазды қаза қылмайтыныңызды білеміз. Жалпы, дін жолына қай кезден бастап бет бұрдыңыз? Кейбір спортшылар секілді шешуші турнир алдында әрдайым қолданатын ырымыңыз бар ма?
– 2003 жылдың 6 маусымынан бастап намаз оқып келемін. Ұмытпасам, Ресейдегі бір турнирге кетіп бара жатқанмын. Ішімнен: «Е, Алла, көмектесе гөр! Елге оралғанда міндетті түрде намазға жығыламын», – деп тілеумен болдым. Алла тағала ниетімді қабыл етіп, жеңімпаз болып оралдым. Содан бастап дін жолына бет бұрдым.
– Сізден тағы бір нәрсе сұрайын, ережесіз жекпе-жекте әр айқас үшін спортшылар қанша ақша алады?
– Сенбейсіз-ау, бірақ осы уақытқа дейін төбелескенім үшін ешкімнен ақша алып көрмеппін. Елімнің аты, ұлтымның намысы үшін айқастым. Ережесіз жекпе-жектегі ақша айналымы АҚШ-та жақсы дамыған. Бәлкім, осы жолы барғанда сыйақы алатын шығармын.
– Сонда осы уақытқа дейін нәпақаны қайдан тауып келдіңіз?
– Менің өз спорт мектебім бар. Онда 60-70 жеткіншек тәрбиелеп жатырмыз. Аллаға шүкір, соның арқасында күнкөрісіміз жаман емес.
– Енді алдағы жұма күні өтетін ережесіз жекпе-жек турниріне тоқталсақ. Бұл турнирді неліктен ұлттық нақышта өткізбексіздер?
– Қазір халық жалаңаш қыздардан шаршады. Ұлттық нақыштағы шоуларды көріп, рухани азық жинағысы келеді. Біздің мақсатымыз, бір жағынан, соған бағытталады.
– Осы кешке өткен жолғыдай ережесіз жекпе-жектің төресі Олег Тохтаров пен дүниежүзілік ережесіз жекпе-жек федерациясының президенті Георгий Кобылянский де келетінін білеміз. Бұлармен байланысты қалай орнатып жүрсіз?
– Әр турнирде жаңа таныстар іздейміз. Сіз айтқан екі спортшы – менің достарым. 2004 жылы Ресейдің Хабаровск қаласында әлем кубогы өтті. Менің қарсыласым әлемнің бес дүркін чемпионы, «Киллер» деген лақап есімімен танымал Артур Умаханов болды. Негізінде, «Киллер» ешкімнен жеңіліп көрмеген, қарсыласының барлығын комаға жіберетін болған екен. Соған «мына қазақтың көкесін танытсын, арыстанға азық болсын» деп мені жай ғана шақырта салған екен. Бар болғаны төрт минуттың ішінде өзін нокаутқа түсірдім. Сол кезде Олег Тохтаровтың өзі орнынан тұрып, қолымды алған болатын. Міне, содан бері Тохтаровпен дос болып кеткенбіз.
– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы турнирлерде тек жеңіс тілейміз!