Ержан Мусафиров: Биыл бас жүлде біздікі болады
Әу бастан-ақ команданың көшбасшыларының бірі болған Ержан Мусафиров биыл WSB жүйесіндегі үшінші маусымын бастамақ. Бүгінде жерлесіміз – «Астана арландары» командасының ардагер боксшыларының бірі. Клубқа қосылған талай саңлақтарды көрді, талай боксшыларды шығарып та салды. Небір қызықты айқастардың да куәсі болды. Бір сөзбен айтқанда, «арландардың» ішкі тіршілігін жақсы білетіндердің бірі. Сондықтан команданың жаңа маусымға дайындығын, жаттығу процесіндегі өзгешеліктерді, клубқа қатысты басқа да жайттар жайлы Мусафировтан сұрауды жөн көрдік.
Ержан Мусафиров
Жасы: 27
Бойы: 168 см
С/д: 61 келі
WSB жүйесіндегі жекпе-жектері: 13 (8 жеңіс, 5 жеңіліс).
WSB рейтингі: Бірінші маусым – 1-орын, екінші маусым – 25-орын.
– Ержан, жаңа бапкер, жаңа боксшылар, жалпы, команданың тұтас дерлік жаңарғанын көріп отырмыз. Легионерлерге қазақ жері ұнап жатыр ма?
– Көбінің Қазақстанға келуі бірінші рет емес екен. Бұрын да бір-екі күнге болса да келіп, Алматыны көріп тамсанып кеткендері бар. Бәрі де біздегі жағдайдың жақсы екенін айтып жатыр. «Етті көп жейді екенсіңдер. Әсіресе жылқы етіне қарық болып жатырмыз. Салмағымыз артып барады», – деп әзілдеп жүр.
– Жігіттердің де мінездері әртүрлі шығар?
– Әлбетте, мысалға украиндерден келген Сергей Деревянченко мен Леонид Малков өте байсалды көрінді. Артық ауыз сөйлемейді. Хорваттар да сондай. Парсы жігіті Эхсан Роузбахани де байсалды жігіт. Әлбетте, бәрі де қалжыңды түсінеді. Ал Роман Капитоненко, Израильден келген Константин Снигур әзілқой екен. Жатырқау деген жоқ. Ақырындап араласып, үйренісіп жатырмыз ғой. Әлі де бір-бірімізді жақынырақ біле түсерміз. Дегенмен адамгершіліктері мол, жақсы жігіттер. Бастысы, командаға пайда әкеліп жатса болды емес пе?!
– Жаңа бапкер жайлы не айтасыз? Негізі, басшылар секілді жаттықтырушылар да демократ немесе диктатор болып бөлінеді ғой. Сергей Корчинскийді қайсысына жатқызасыз?
– Қалай жауап берсем дұрыс болатынын білмей отырғаным. Өйткені демократ емесі анық. Сіз айтқан топтардың екіншісіне жатқызғаным дұрыс шығар.
– Неліктен ондай ойға келдіңіз?
– Бұрын Бейбіт Бүркітұлы бас бапкер болған кезінде біз онымен әзілдесіп, қалжыңдасып, тіпті әңгіме арасында бір-бірімізді қағытып жүре беретінбіз. Есжановпен әке мен бала, аға мен іні сияқты болатынбыз. Қазір Сергей Анатольевичпен бұлай қалжыңдаса алмайсың. Ол шәкірттеріне тым жақын болуды қаламайды. Арақашықтықты сақтайды. Таза бапкер мен шәкірт болып жүрміз. Жаттығу кезінде де қаталдау. Тәртіпке берік, артық сылбырды құптамайды. Рас, кейде күтпеген жерден қалжыңдап қояды. Бірақ қалжыңына енді әзіл қоса берейін десең, дереу езуін жинап алады.
– Ал жаттығу процесінде өзгерістер бар ма?
– Әлбетте, айырмашылық жер мен көктей. Негізі, маған Есжановтың да, Корчинскийдің де методикалары ұнайды. Бұрын біз техникаға көбірек көңіл бөлетін едік. Қазір украин маманы физикаға назар аударып жүр. Бес раундқа да түгелдей дайын болуымызды талап етеді. «Милан найзағайында» қолданған методикасын бізге де алып келді ғой. Нәтижесі болар.
– Ержан, өткен жылы командамыздың көшбасшысы да, капитаны да Қанат Ислам болған еді. Бүгінде оның жоқтығы сезіле ме?
– Иә, адам ретінде, боксшы ретінде Қанат «арландарға» өте қажет саңлақтардың бірі еді. Енді ондай боксшыны таба аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Дегенмен спортта бір адамға байланып қалуға болмайды. Кетем деген екен, өзінің шешімі. Клуб басшылығы оны қуған жоқ қой. Кәсіпқой боксқа ауысуды шешті. Біз оның бұл шешімін құрметтеу керекпіз. Есесіне, Қанаттың орнына 73 келі салмақта шаршы алаңда одан кем түспейтін боксшы келді. Спорттық тұрғыда Деревьянченко Исламның орнын баса алады деп ойлаймын.
– Енді өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз... 2013 жылы Алматы әлем чемпионатын қабылдайды. Осыған байланысты «арландар» сапындағы кейбір боксшылар ұлттық құрамадан орын алу үшін әуесқой боксқа қайта ауысты...
– Иә, Рүстем Сыбай, Мерей Ақшалов сынды боксшылар қайтадан әуесқой боксқа ауысуды жөн көрді. Әлем чемпионатына кімнің қатысқысы келмейді дейсіз. Оның үстіне, «арландар» сапында олардың салмақтары WSB салмақтарымен сәйкеспей жатты да, жұдырықтасулар қиын болды. Дегенмен мен оларға сенемін. Қарымдарын өз көзіммен көрдім ғой. Ұлттық құрамадан орын алу қолдарынан келеді. Ал өз басым әуесқой боксқа қайта баруға батпадым. Өткен жұдырықтасуларымның барлығын ой елегінен өткізіп, сараптай келе, өзімнің кәсіпқой боксқа бір табан жақын екенімді байқадым. Оның үстіне, болашақта АІВА аясындағы бокстың барлығы WSB жүйесіндегі жұдырықтасуларға жақын болады емес пе?! Сондықтан алдағы уақытта да әуесқой боксқа бара қоймаспын.
– «Астана арландарының» сапында бірінші маусымды сәтті өткізген едіңіз, өткен маусымдағы өнеріңіз көпшіліктің көңілінен шықпағандай...
– Иә, алғашқы жылы бұл жобаға құлшыныспен кіріскенмін. Бар күшімді сарқып қойғанымды келесі маусымда ғана байқадым. Әбден шаршап қалыппын. Сөйтіп, өткен жылды көбінесе тынығумен өткіздім. Қазір шаршы алаңға қайта шығуға дайынмын. Ертерек жекпе-жекке шықсам екен.
– Ал алғашқы екі жылда жеңімпаз атана алмаған командамыздың биыл бұл биіктікті бағындыруға шамасы жете ме?
– Өткен жылды, шынымен де, сылбырлау өткіздік. Оны мойындауымыз керек. Ал бірінші жылы біз жеңіске лайықты едік. Сол кезде шамасы саясат араласып кетті-ау. Біздің жеңіске жеткеніміз біреулерге тиімсіз болған сияқты. «Қайдағы бір азиаттар чемпион болмақ па?» деп ортаға бөлек, бұла күш кірген сияқты. Әйтпесе «Париж юнайтедке» қарсы өткізген айқастарымызды көрдік қой. «Астана арландары» мықты болған. Дегенмен осы маусымда бас жүлде біздікі болады. Мен бұған сенемін.
– Айтпақшы, Ержан, сіздің тегіңіз баспасөз бетінде әртүрлі жазылып жүр. Дұрысы қалай?
– Мусафиров деген дұрыс қой. Атамның аты Мусафир болған екен. Араб тілінен енген сөз. Шамасы, қонақ деген мағынаны білдірсе керек.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жеңіске жете бергейсіз!