Кикбокстан Астанада Азияның "Арыстаны" анықталды
Шын мәніндегі спорттық шоу-думанды көрмегелі көп болыпты. Мамырдың 15-і күні Астана қаласында кикбокстан кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атағы үшін өткен спорттық кештің куәсі болып, тартысты турнирді тамсана отырып тамашалудың сәті түсті, деп жазады "Алаш айнасы".
Алғысөз
Бұл кештің бағдарламасы бойынша бұл кеште шаршы алаңға кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атағы үшін йорданиялық Адай Әли Абдулрахим мен қазақстандық Абзал Дүсіпов шықты. Сонымен қатар, жекпе-жекті ұйымдастырушылар «Сый қылсаң – сыпыра қыл» демекші, бұдан бөлек тағы да бес жұп арасында айқас жоспарлап, жанкүйер қауымға тосынсый жасады.
Жалпы, турнирді ұйымдастырушылардың айтулы шараға өте тиянақты дайындалғаны көрініп-ақ тұрды. Сарайдың ортасына орналастырған рингтің тура ортасында ЭКСПО-2017-нің танымал болып үлгерген таңбасы жарқырайды. Шаршы алаңның жан-жағындағы төрт экраннан төгілген Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бейнебаян мен ЭКСПО-2017-нің қызылды-жасылды жарнамасы еріксіз назар аудартады.
Бұлай болатын да жөні бар. Өйткені, турнир халқымыздың биылғы ұлық мерекесі – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған және де жарыстың бас демеушісі «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы еді.
Бастапқы төрт жекпе-жек
Шаршы алаңның төріне арғашқы болып 51 келі салмақ дәрежесінде ирактық Сабех Абдулхалек пен біздің Нұркен Төлегенов көтерілді. Басында баяу көрінген Нұркеннің қыза келе намысқа қамшы басып, ширағанын көрдік. Сөйте-сөйте тізгінді өз қолына алған ол екінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберді.
Келесі жұпта, яғни 57 келі салмақ дәрежесінде түркімен Шамрет Халеев пен жерлесіміз Бауыржан Құдайбергенов айқасты. Бұл екі мықтының айқасы да айта жүрерліктей тартысты болды. Екеуі қолмен де, аяқпен де бірдей сілтейтін саңлақ екен. Бір-бірін аямастан соққылады. Дегенмен, жерлесіміздің дайындығы жоғары болды ма, ұрымтал тұстың бірінде қарсыласын ұрып жықты. Нокаут!
Бауыржанға жүлдені тапсыру үшін Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің өзі рингке көтерілді.
Ресейлік Юсуп Магомедбеков пен жерлесіміз Саян Жақыпов арасындағы жекпе-жек те тартысты болды. 2011 жылғы әлем чемпионы Магомедбековтің біздің кикбоксшыға қарағанда қол-аяғы ұзын екен. Соған байланысты, алыстан жүріп-ақ жасаған соққылары Саянға дөп тиіп жатты. Нәтижесінде, төрешілердің бір ауызды шешімдері бойынша жеңіс ресейлік кикбоксшыға берілді.
Төртінші жұпта 75 келі салмақтағы өзбек Ойбек Абдурахимов пен қазақстандық Стельян Аврамиди айқасты. Өзбек жігіті бұлшық еттері бұлтиған, қара күші бойына сыймаған мықты боксшы екен. Десе де, біздің Стельян саспады. Қарсыласының әрбір шабуылына іштен, бүйірден дәл ұрған соққыларымен жауап беріп жүрді. Техникалық жағынан өте шебер боксшымыздың бұл тактикасы өз жемісін беріп, екінші раундта ол Ойбекті бауырдан ұрып «ойбайлатты». Шәкіртінің енді жарытып төбелесе алмасына көзі жеткен өзбек бапкерінің ортаға ақ орамал лақтырудан басқа лажы қалмады.
Басты жекпе-жектің алдындағы соңғы жұптың айқасы ауыр салмақтағы апайтөс батырлар Патрик Просжек (Польша) пен Асхат Жантұрсынов арасында өтті. 91 келі тартатын жігіттердің соққылары жойқын, соған сәйкес алғашқы раундта олар өте сақ қимылдады. Дегенмен, аңдысқан жау алмай қойсын ба, рингтің бұрышындағы тар жерде қоян-қолтық келіп қалған бір сәтте біздің Асхат қарсыласын құлақшекеден аямай ұрды. Поляк жігітінің есеңіреп қалғанын және де құлағынан аққан қып-қызыл қанды көрісімен төреші жекпе-жекті тоқтата қойды. Бұл шешіммен поляк бапкерінің келіспеске амалы қалмады. Жеңіс Жантұсрыновтың қанжығасына байланды!
Кештің басты қызығы
Міне, бес жұптың арасындағы жекпе-жекті ортаға шығарып, жанкүйердің делебесін әбден қоздырып алған ұйымдастырушылар кештің басты оқиғасы – Азия чемпионы атағы үшін болатын айқасты көрерменге әсем ән, көркем бимен әспеттеп ұсынды.
Шаршы алаңға алдымен йорданиялық Адай Әли Абдулрахим көтерілді. Бұл жігіт 2011 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, өз салмағындағы «сен тұр, мен атайын» дейтін сабаздың бірі екен. Артық ет жоқ, тарамыстан жаралғандай. Өзінің көзі де сұсты екен, қабағын түйіп қарағанда қарсыластың құтын қашырып жіберердей.
Сонымен, рингтің көк бұрышы жағынан біздің көптен күткен бауырымыз Абзал Дүсіпов те көрінді. Абзалың да оңай емес: 2013 жылғы әлем чемпионы. Талай құқайды көрген тарлан десе де болады.
Қарсыласына қарағанда Абзалдың бойы аласа екен: сәйкесінше, аяқ-қолы да қысқа. Қолмен ұрып, аяқпен тебетін кикбоксингте бой дегеніңіз үлкен роль ойнайды. Сондықтан, жанкүйер қауымның қалай болар екен деп іш тартқаны рас еді.
Жекпе-жек фул-кантакт нұсқасына сай үш минуттан тұратын бес раунд бойынша өтті.
Бой айырмашылығы дегенге келсек, жанкүйер қауымның күдігі расқа шықты. Адай Әли Абдулрахим сырықтай бойына сеніп, Абзалды алыстан төмпештей бастады. Біздің жігіт ұмтылып келіп ішке кіргісі келеді. Мақсаты, жақындап, қол жететін жерден соғу ғой. Соның өзінде тақалғанша бірді-екілі соққыны алып қалып жатты.
Дегенмен, Абзал Дүсіпов беті қайтпайтын сабаз екен. Тайсалмай айқасты. Екеуінің шаршы алаңдағы бір-бірінен басымдылығы әр раунд сайын алма-кезек ауысып отырды. Бесінші раундқа келгенде екі кикбоксшы да шаршап қалған еді. Ақырғы соққылардың өзі зордың күшімен жасалып жатты.
Бірін-бірі аямастан соққылаған қарсыластардың жекпе-жегі сырт қарағанда теңбе-тең жағдайда аяқталғандай көрінді. Әлде, біз Абзалдан нокаут күткеннен кейін солай көрінді ме екен? Алайда, төрешілер жеңісті даусыз Абзалға берді. Сөйтіп, Абзал Дүсіпов кикбоксингтен кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атанды!
Йорданиялық бапкер мен спортшының төрешілер шешімімен келіспегені рас еді. Спортта ет қызумен істелетін мұндай дүниелер болып тұрады. Баптап салған шәкіртінің бағы жанбағанын кім ұната қойсын? Дегенмен, ашуы тарқағаннан кейін йорданиялық жігіттер райларынан қайтып, Абзалдың мықтылығын мойындады да.
Қазақ кикбоксы жайлы қысқа қайырғанда
Жалпы, турнир басталмас бұрын спорт сарайына жанкүйер жиыла ма, жиылмай ма деген күдіктің болғаны рас еді. Бірақ та, телевизия мен баспасөз бетінде және де әлеуметтік желілерде сауатты жүргізілген жарнама жұмыстары өз жемісін беріп, турнирді тамашалауға келгендердің шоғыры мол болғанын айта кету керек. Яғни, біздің Астанамызда жекпе-жектің кикбокс сынды кесек түріне деген қызығушылық зор екен. Егер де, бұл шаруамен кәсіби тұрғыда айналысса, жанкүйер арасында дүмпу туғызарлық жоба болайын деп-ақ тұр!
Турнирге арнайы келген қонақтар да шараның маңызын арттыра түсті. Олардың қатарында Кәсіпқой кикбокс (WAKO-PRO) ұйымының басшысы Ерлан Досмағамбетов, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашев, Олимпиада және әлем чемпионы Серік Сәпиев және басқалар болды.
Ал осы жекпе-жек үшін Астанаға арнайы келген Бүкіләлемдік Кикбокс ұйымы қауымдастығы (WAKO) президентінің міндетін атқарушы Салим Каячи мен аталған ұйымның азиялық қанатын басқаратын (WAKO ASIA) Нассер Нассири мырзалардың Қазақстан кикбоксына деген құрметі мен ілтипатына алғыстан басқа айтар жоқ.
Айтпақшы, жекпе-жек өтерден бір күн бұрын осы турнирге арналған баспасөз мәслихаты өткен еді. Оған WAKO президентінің міндетін атқарушы Салим Каячи мен WAKO ASIA басшысы Нассер Нассири және де Азия чемпионы атағынан үміткер Адай Әли Абдулрахим (Йордания) мен Абзал Дүсіпов (Қазақстан) қатысты. Ал баспасөз мәслихатын Қазақстан кикбокс федерациясының президенті Ирак Елекеев жүргізді.
Сондағы айтайын дегеніміз, 2002 жылдан бері аталған ұйымды басқарып, талай шаруаны атқарған Ирак Қасымұлы журналистермен әңгіме үстінде федерация тізгінін сенімді қолға тапсырғысы келіп жүргенін айтты. Әлбетте, бұл – уақыттың еншісіндегі шаруа. Қалай болған күнде де, ел кикбоксының тамырына қан жүгіртетін кез келген сияқты... Бұл – заман талабы.
Иә, біз сияқты жауынгер рухты халыққа кикбокс ауадай қажет. Әрі-беріден соң, жастарымыз босбелбеу болмау үшін, өзін-өзі ғана емес айналасындағы адамдарды зорлықшылдың зұлым күшінен қорғау үшін де. Өйткені, кикбокс адамның бойына сенімділік пен саламаттылықтың, қоғамның бойына асқақ рухтың дәнін егетін құдіретті күш!
Тұздық
Біздің спортта басы ашық бір мәселе бар. Ол спорттың қазіргі таңда олимпиадалық және олимпиадалық емес болып екіге бөлініп тұрғаны. Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енген спорт түрлерінің айы оңынан туған, әрине. Мемлекеттің атын шығарып жүргеннен соң оның толықтай әкелік қамқорлығында болмағанда қайтсін? Ал олимпиадалық емес спорт түрлерінің тағдыры әрқилы қалыптасады. Міне, дәл осы кезде демеушілік деген дүние спорттың сахнасына шығады.
Бұл әңгімені біз несіне қозғап отырмыз? Жанашыр жандар, қайырымды демеушілер болмаса бүгінгі біз айтып отырған кикбоксинг турнирі де осылайша дүркіреп өтер ме еді? Ал кикбокс дегеніміз – қанында жауынгерлік рух бар қазақты дүр сілкіндірер спорт түрі ғой.
Бұдан бөлек, спортымызда тағы бір мәселе бар. Бүгінгі күнде біз спорттың ең алдымен жанкүйер үшін екенін естен шығарып алғандаймыз. Спорттың саясилануы өмір талабы дегенімізбен, мұның астарында «сиқырлы әлемнің» сынын бұзатын зіл жатқандай. Яғни, бүгінгі күннің спорты жеңісімен қуантып, жеңілісімен жылатып қана қоймай, жанкүйердің жанына ізгіліктің, әділеттіліктің, достықтың, шат-думан мерекенің дәнін сіңіруі керек...