Көгалдағы хоккейдің көсегесін көгерткен Қобландин
Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін көгалдағы хоккейден Алматының «Динамо» командасы одақтық додада көш тізгінін ешкімге ұстата қойған жоқ. Бірнеше мәрте чемпиондық атаққа да қол жеткізді. Алатау баурайына шалғай жерден ат арытып жеткен өзге республика командалары біздің көгалдағы хоккей шеберлерінен оңбай жеңіліп, еңселері түсіп қайтатын еді. Бұл орайда көргені көп, түйгені мол білікті бапкер Эдуард Айрихтің еңбегі ұшан-теңіз.Оның шәкірттерінің шеберлігі талайды таңғалдырды...
Сол «Динамо» Тәуелсіздік алған жылдарда жанкүйер назарынан жоғалды да кетті. Алғашқы кезеңде ел біріншілігін өткізбек түгіл, «Қазақстанда көгалдағы хоккей спорты керек пе?» деген сауал да алдымыздан көлденеңдеп шығатын. Тым-тырыс күйге түскен көгалдағы хоккей соңғы жылдарда қайтадан қанатын жая бастағаны қуантады. Шындығын айтқанда, оның көсегесін көгертуге кезінде алматылық клуб құрамында ойнаған шеберлер барынша күш салып жүр деп айтуға болады.
Осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданында көгалдағы хоккейден команда құрылды дегенде таңырқап қалғанымыз рас. Беріде игілікті іске мұрындық болған азаматты кездестірдік. Аты-жөні Сұлтан Қобландин екен. Әңгімелестік. Жақында Сұлтекеңмен тағы да жүздесудің сәті түсті. Ол кісімен еліміздегі көгалдағы хоккейдің дамуы жөнінде ой бөлістік.
– Сіздің Алматыдан шалғай өңірде команда жасақтауыңызға не себеп болды? Өзіңіз де спорттың осы түрімен айналысып па едіңіз?
– Мен спорттық өмірімді Тәжікстан жерінде бастаған едім. Сонда жергілікті ұжымдарда тер төктім. Беріде мені Э.Айрих байқап, өз командасына шақырды. Білікті бапкердің ұсынысын қабыл алдым. Өйткені әрбір азамат үшін өз елінің намысын қорғау басты парыз емес пе? Осылайша «Динамоның» жейдесін бірнеше жыл кидім. Одан бергі уақытта отбасылық жағдаймен туған жерге оралуға тура келді. Әрқалай қызмет атқарғаныммен, өзім үйренген көгалдағы хоккей мені қызықтырды да тұрды. Осылай толғана келіп, Тереңөзек кентінен жастардың басын құрап, бір команда жасақтап шығардым. Бастапқыда бәрі де қиын болды. Қаржы тапшылығы қолды байлайтын. Құрал-жабдықтар жетіспеді. Бертін келе бәрін артқа тастадық. Шағын аудан орталығынан құрылған жігіттер мен қыздар командалары ел біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алды. Рас, алғашқы жылдарда Қазақстан чемпионатына қатысатын командалар қатары санаулы еді. Олардың да саны беріректе көбейе бастады.
– Қандай қиындықтар кездесті? Қамқорлық көрсеткен азаматтар болды ма?
– Қай кезде де жаңа істе кедергілер аз кездеспейді. Соны жеңе білсең, еңбегіңнің жемісін жейтінің анық. Біз команда құрған уақытта көрген қиындығымыз аз емес. Атынан көрініп тұрғанындай, хоккейдің бұл түрі көгалдың үстінде ойналады. Тереңөзекте ондай алаңдар жоқтың қасы. Мен шәкірттерімді тақыр жердің үстінде жаттықтырдым. Олар сондай кедергіні елемей, шеберліктерін арттыруға күш салды. Соның арқасында ел біріншілігінде алдыңғы орындардан көріне білді.
Беріде облыс орталығында жаттықтық. Онда жасанды төсенімді алаңда дайындық жүргіздік. Дегенмен өзіміз үшін алаңның қажеттігі болды. Әйтсе де біраз уақыт бойы бұл мақсатымызға жете алмай келдік. Сол арманымыз биыл орындалды. Аудан орталығынан көгалдағы хоккейге арналған стадион салынды. Қысқаша айтқанда, бізге облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы, аудан әкімдігі қамқорлық жасап отыр. Оған ризашылығымыз ерекше. Қолдау білдірген барлық азаматтарға алғыс айтамыз.
– Елімізде көгалдағы хоккейдің дамуы қалай болып жатыр? Спорттың бұл түрінен ұлттық құрама жасақталып, өзге елдермен кездесу өткізе ме?
– Қазір біздің қыздар құрамасы Азия құрлығында рейтинг бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Олар 2010 жылы жабық ғимаратта ойналатын индор-хоккейден өткен халықаралық додада Таиланд, Малайзия, Индонезия және Өзбекстан құрамаларын артқа тастап, жеңіс тұғырына көтерілді. Шынын айтқанда, қарсыластар біздің қыздардан ондай шеберлікті күтпеген болатын. Осыдан кейін қыздар құрамасының рейтингісі көтерілді. Қазір біздің алдымызда Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония және Үндістан секілді елдердің спортшылары тұр. Ал жігіттер құрамасының негізгі бөлігі тереңөзектік жастардан құралған. Әрине, мен өз шәкірттерімнің жоғары биіктен көрінетініне сенемін.